Биылғы сынақ һәм мүмкіндіктер

804

0

ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылы меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан оқу сабақтарының аяқталуы – 2023 жылғы 31 мамыр болып бекітілген. Ал мектеп оқушыларының каникул мерзімі 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Биылғы оқу жылын қорытындылау және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте баяндады.

– Оқу жылын аяқтау барысында жалпы білім беретін мектептер бекітілген кесте бойынша сабақтар өткізіп, сынып сағатымен аяқтайды. Бұл ретте оқушыларға жазғы демалыс кезінде оқитын кітаптар, қарауға болатын фильмдер туралы кеңес беріледі. Сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары, алдын ала ұйымдастырылған демалыстың артықшылықтары, қосымша білім беру ұйымдарына қатысудың тиімділігі, еңбек етудің пайдасы, ата-анаға көмектесудің қажеттілігі туралы айтылып, оқушылармен өзара ой бөлісу қарастырылған. Сынып сағатында негізінен патриотизм, отанды сүю, достық, татулық, ел тарихы тақырыптарына басымдық беріледі, – дейді басқарма басшысы.

Биыл, яғни, 2022-2023 оқу жылында 15 546 оқушы 9-сыныпты, 8210 түлек 11-сыныпты аяқтайды. 9-сынып бітірушілер үшін қорытынды аттестациялау 2-13 маусым аралығында,  ал 11- сынып бітірушілер үшін 5-19 маусым аралығында өтеді. Айта кетейік, биылғы оқу жылында 537 оқушы «Алтын белгіге», 915 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, министрліктің ұсынысына сәйкес соңғы қоңырау шаралары 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орайластырып өткізіледі. Салтанатты шараны өткізу туралы шешімді мектеп ұжымдары дербес қабылдайды.

Өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дипломдарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізілсе, 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру шарасы мектептерде 20-22 маусымда өтеді деп жоспарланған.

Осы орайда басқарма басшысы Мейрамбек Зинабдинұлы салтанатты жиын ұйымдастыру кезінде, дипломдар мен сертификаттарды табыстау іс-шараларын өткізу барысында педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында демалыс агенттіктерін, жеке студияларды, аниматорларды тарту үшін ата-аналардан қаражат жинауға жол берілмейтінін айтты.

Сонымен қатар, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлық ретінде қаражат жинауға тыйым салынатынын ескертті. Бұған байланысты облыстық білім басқармасы арнайы бұйрық шығарып, қалалық және аудандық білім бөлімдері арқылы барлық білім беру ұйымдарына ескертіліп, ата-аналар мен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

– Өздеріңізге белгілі ҰБТ электронды форматқа көшірілді. Мұның ең басты артықшылығы – барлық процестің ашықтығы мен азаматтарға қолайлы жағдай жасалуы. Дегенмен жалпы ҰБТ өткізудің форматы өзгеріссіз. Тек «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады, – деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, тестілеуде барлық тест тапсырмаларының саны – 120. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағат, яғни, 240 минут. Талапкерлер 5 пән бойынша сынақ тапсырады. Онда 3 пән міндетті болса, 2 пән бейіндік болып есептеледі.

Бүгінде аймағымыздағы 3 Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы бар, Қызылорда қаласы, Қазалы ауданы Әйтеке би кенті, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде орналасқан. Биылғы оқу жылының қорытындысымен 7 421 мектеп бітіруші түлек ҰБТ-ға қатысады деп жоспарлануда.

Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі ауданынан бітіруші түлектер ҰБТ-ны мамыр-шілде айларында тестілеу пункттері орналасқан аудандарға барып тапсырады. Сондай-ақ, жуырда ғана бастау алған білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін ҰБТ-ның маңызды төртінші және бесінші кезеңіне түлектердің басым бөлігі 28 сәуір мен 14 мамыр аралығында тіркелген.

Ал 22 мамырда басталған тестілеуге бүгінге дейін облыс бойынша 1 903 бітіруші түлек қатысты.

Облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбет баяндама барысында алдағы оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданатын балалар саны 17 543 шамасында екенін айтты.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<