Бұрынғы әріптестің бүгінгі жетістігі

796

0

Тіл ғылымының негізін қалаушы, Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тілдерді оқыту орталығы оқытушылары арасындағы республикалық байқау Атырау өлкесінде өтіп, өз мәресіне жетті.

Байқаудың мақсаты – үздік оқытушылардың жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолданудағы жұмыс тәжірибесімен танысу. Сондай-ақ  мемлекеттік тілді оқытып жүрген оқытушылардың кәсіби беделі мен қоғамдағы мәртебесін арттыру.

Республикалық байқауға Сыр елінен облыстық тілдерді оқыту орталығының Қармақшы ауданындағы мемлекеттік тіл оқытушысы Гүлжанат Дүзенова қатысты. Ол еліміздің 15 облысынан келген тәжірибелі мамандармен сайысты.

– Байқауға әр облыстың тәжірибелі, озық мамандары қатысты. Тіпті филология ғылымының кандидаттары да болды. Оқытушылық қызметке жақында ғана келген маған мұндай додаға түсіп тәжірибе жинаудың өзі – үлкен жетістік. Әріптестердің қолдауы мен зор сенімі иығыма артылғанда оны абыроймен алып шықпау сын еді. Сол үшін намысты қолдан бермеуге тырыстым. Білім додасында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ана тілін ардақ тұтатын,    әдебиет пен мәдениеті биік Қызылорданың тілге деген жанашырлығы мен білімге құштар ұрпақтар сабақтастығын көрсете алғаныма қуаныштымын, – деді Гүлжанат Өмірқызы.

Ережеге сәйкес қатысушылар 3 кезең бойынша бақ сынады. Байқаудың алғашқы кезеңінде өзін және авторлық бағдарламасын таныстырды. Екінші кезеңде отандық және шетелдік танымал әдіскерлердің сөйлеудің 4 дағдысын үйретуге ұсынған тиімді әдіс-тәсілдері мен әдістемелері, пікірлері туралы сұрақтар берілді. Әрбір қатысушы сұраққа толық жауап беру керек.

Соңғы айналымға В1 деңгейіне сәйкес келетін өзге этнос өкілдерінен тұратын 5-10 тыңдаушы сынама топ ретінде қатысты. Ал қатысушылар оларға сөйлеу әрекетінің 4 түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) жағдаяттық тапсырма беріп, 20 минут көлемінде сабақ жүргізуі тиіс.

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы бас жүлдені Гүлжанат Дүзеноваға берді. Айтуынша байқау жеңімпазы атануына журналистика саласында жинаған тәжірибесі сеп болған.

– Бұл байқау шығармашылық бағытта болғандықтан сахна мәдениеті, тіл шеберлігі сынды қабілеттер ескерілді. Әрине, көп жыл журналистика саласында еңбек еткендіктен мұның барлығы мен үшін таңсық емес. Байқауға «Сөйлеу мәдениеті» деп аталатын авторлық бағдарлама дайындап бардым. Бағдарламаның мақсаты – бата, тілек, көңілқос, дипломатиялық қарым-қатынас бағыттарында тыңдаушыларға дәріс жүргізу. Жалпы, аталған бағыттар бойынша мемлекеттік тіл мәдениетін қалыптастыру. Бұл дегеніміз тіл мәдениетіне қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерді игеруге көмектеседі, – деді ол.

Гүлжанат Дүзенованың бұл салада қызмет етіп жүргеніне аз уақыт болса да, осы кезге дейін оқытқан топтарымен түрлі тақырыпта кездесу, ашық сабақ, дөңгелек үстел өткізіп келеді. Ол еңбек жолын аудандық «Қармақшы таңы» газетінде әдеби қызметкер ретінде бастап, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметін абыройлы атқарды. Аудандық, облыстық жыр мүшәйралары мен шешендік өнер байқауларының, айтыстардың жеңімпазы, «Туған жер – тұнған шежіре» атты кітаптың авторы.

Әріптесіміздің жоғары нәтижеге қол жеткізіп, өз саласының нағыз майталманы екенін дәлелдегені көңілге қуаныш сыйлайды. Мұнан да жоғары жетістіктерге жетуіне тілектес болып, мемлекеттік тіл саясатын қалыптастыру жолындағы қажырлы еңбегіне сәттілік тілейміз.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<