Дарындының жолы даңғыл

1028

1

Бір кездері кез келген есепті оймен шығаратын балаларды телеарнадан көретінбіз. Бірнеше секундта калькулятордан жылдам есептегеніне таңдай қаққанымыз есімізде. Дарынды балалардың көбі арифметика әдісімен оқыған. Жетістіктерді еселейтін де солар болатын. Жуырда осындай «UCMAS» зияткерлік ментальдi арифметика академиясы Қызылорда қаласындағы филиалының білім алушылары еліміз бойынша халықаралық онлайн чемпионаттан жүлделі ІІІ орынды еншіледі. Ғылымға ден қойған сырбойылық өрендер жайлы ақжолтай хабар көңілге қуаныш сыйлағаны рас.

Есепке жүйрік №2 «Мұрагер» мектебінің оқушысы Әбдурахман Сынасап пен №271 мектептің оқушысы Санжар Бекділдаевтың бұл алғаш қатысқан байқауы емес. Бұған дейін де олар түрлі білім бәйгелеріне қатысып, олжалы болған. Ментальдi арифметика академиясының инструкторы Айгүл Құрбанованың айтуынша, бұл оқыту әдісі баланың көшбасшылық қабілетін арттырып ғана қоймай, бойындағы жинақылық пен байқампаздықтың артуына да сеп.

– Адам ағзасындағы кез келген бұлшық етті әрдайым шынықтырып отыру керек. Сол секілді миды шынықтырмау есте сақтау қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл ретте ментальді арифметиканың рөлі зор. Ол ойлау қабілетін арттырады және бұл математика емес, арифметика. Біз есептерді кейде тақпақ жаттатып шығартамыз. Жалпы, ментальді арифметика нейронды жүйелердің байланысын нығайтып, есте сақтау қабілетін арттырады. Қазір бізге балаларын оқытуға беретін ата-аналар көп. Карантин уақытында жұмысты тоқтатқан жоқпыз. Онлайн форматтың оңтайлылығын пайдалана отырып, сабақтар жүргіздік. Байқаулардан да қалыс қалмадық. Соның жемісін көріп отырмыз. Бізде Әбдурахман мен Санжар секілді белсенді, алғыр оқушылар көп. Олардан үлкен үміт күтеміз, – дейді А.Құрбанова.

Айта кету керек, «UCMAS» біздің елімізде 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Халықаралық академия жыл сайын ауқымды жарыстар да өткізіп тұрады. Бұл  – ғылым емес, математикалық тәсіл. Ойды дамытады, жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Ал, оның жастардың биік белесті бағындыруына көмектесері сөзсіз.

Мөлдір Қалымбет

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<