Дінмұхаммед Ақпан: Бізге 50 мықты маман керек пе әлде дипломы бар 500 адам керек пе?

2428

0

«Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз» деп хәкім Абай Құнанбайұлы кейінгі буын өкілдеріне сөз қалдырғанындай, қай ғалымды алсақ та, таңдасақ та сол секілді болу үшін бірінші кезекте ынта керек. Таудай талпынысы мен ықыласты ынтасы бар адам ғана өзінің қалауына жете алады. Ілім үйренуге ынталы жастар үшін жекелеген адамдардың ғылымдағы жетістігі – анық үлгі, алға жетелейтін күш. Сондай жетістігі көп жас ғалымның бірі – қызылордалық Дінмұхаммед Ақпан. Қарапайым қазақ баласы бүгінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасында оқиды.

Зерделі жас Қызылордада, Абай атындағы мектеп қабырғасында жүріп-ақ, мыңжылдық есебі саналатын әлемдегі ең күрделі жеті есептің бірі – Риман гипотезасы төңірегіндегі жазған есептеулерін жинақтап өткізіп, түрлі интеллектуалды сайыстарда шыңдалды. Корея Республикасында өткен халықаралық «Жас ғалым» ғылыми жобасында екі рет жүлдегер атанды. Ой-өрісі өзгеше, ізденісі ерекше жас 11-сыныпта оқып жүріп Ұлыбританияның Крэнфилд университетіне тәжірибе алмасуға, білім алуға, жаңа инженерлік технологияларды көруге барды. Орта мектепті тәмамдамай жатып-ақ әртүрлі университеттерден шақырту алды.

– Сосын қайда оқуға түсемін деген сұрақ көп мазалады. Таңдауым Мәскеу мемлекеттік университетіне түсті. Оған Қазақстан оқушыларының Ресей азаматтарымен бірдей дәрежеде түсуге құқығы бар екен. Бірақ тапсырудың уақыты өтіп кетіпті. Ақыры Астанадағы филиалына тапсырдым. Сол жаққа оқуға түстім. Себебі, оқудың алғашқы екі жылы ғана Астанада, қалғанын университеттің өзінде оқытады екен. Шыны керек, Астанада болғандықтан, деңгейімізді еліміздегі басқа университеттермен салыстырдық. Біздегі оқу қиынырақ болды. Мысалы, 27 адамның бірінші емтиханда 24-і екі алды. «Алгебраға кіріспе» деген сабақтан. Сол бірінші сабақтан кейін-ақ қандай дәрежеге сай болуымыз керегін түсіндік, – дейді Дінмұхаммед.

Жас ғалым оқуын одан әрі Мәскеуде жалғастырып, 4-курс оқып жүрген кезінде қазіргі айналысып жүрген ғылыми бағыты дифференциалды геометрияны таңдапты.

– Бұл бағытта қызықты есептер көп. Мысалы, математиканы алгебра, анализ және геометрия деп үшке бөліп қарастырсақ, Қазақстанда мықты алгебраистер бар. Анализ де – бізде ең жақсы және ең көп дамыған бағыт. Бірақ бізде геометрия бағытымен диссертация қорғаған адам жоқ. Біріншіден, бұл бағыт маған өте қызық. Екіншіден, осы бағытты Қазақстанға алып келейін деген ниет болды, – дейді жас ғалым.

Осылайша 4-курста жариялаған алғашқы ғылыми мақаласы «Еуропалық математикалық журнал» деген беделді басылымда жарық көрді. Бұл жұмысында ол қазіргі кезде «Ақпан-Болсин гипотезасы» деген атпен белгілі гипотезаны берді.

Мәскеу мемлекеттік университетінде оқудың тағы бір жақсы жағы – студенттерге ерте кезде ғылыммен айналысуға көптеген мүмкіндіктер бар. Конференциялар жиі болады. Мысалы, жыл сайын Ломоносов конференциясы өтеді. Екі жыл сайын математиктер Воронежде бас қосып, бір апта-он күн бір-бірінің жұмыстарын талқылайды.

– Бакалавриатты солай тәмамдадым. Оқуға түскен 27 адамның 13-і ғана бітірдік. Сөйтіп тобымнан екі адам қызыл дипломға тәмамдадық. Әрі қарай ғылыми жолды жалғастыру керек болды. Математиканың не екенін, қандай екенін, неден тұратынын адам бірінші курста оқуға түскен кезде түсінбейді екен. Қайта-қайта оқып, тырысып жұмыс істесе, осы бағытқа тереңдеп бойлай бастайды. Мысалы, жыл сайын Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетін 150-ге жуық адам тәмамдайды. Олардың барлығы ғылыми математик болуы керек деген шарт жоқ. Бізге сондай принципті қабылдау керек. Бізге жылына 450-500-дей адам түседі, соның 150-і ғана бітіреді. Шамамен үштен бірі. Осындай жүйені қазақстандық университеттерге де енгізсе деп ойлаймын. Менің түсінігімде мектептегі білімді барлық адам алуы керек. Ол – адамның толыққанды қоғам мүшесі болуы үшін қажетті база. Бастапқы фундаменталды білімді алу – әрбір адамның міндеті. Ал университетке түсу – біріншіден, әр адамның өз құқығы. Екіншіден, университетке түсу ондай қиын болмауы керек, университетте оқу қиын болуы керек, – дейді жас ғалым.

Д.Ақпан бұл бағытта Францияның жоғары білім жүйесін мысалға келтіреді. Француз университеттеріне түсемін деген адамның барлығы түседі. Мемлекеттің қолдауымен, тегін оқиды. Бірақ оқудың бірінші жылында-ақ көбі оқудан шығарылады. Болмаса басқа мамандыққа ауысады.

– Ал бізде оқудан шығып қалу ұятқа саналады. Сондықтан көп адамның жоғары білімі бар, бірақ мамандығымен жұмыс істемейді. Сол себепті, бізге өзімізге талап қоя білуіміз керек деп ойлаймын. Бізге 50 мықты маман керек пе әлде дипломы бар 500 адам керек пе? Маған бірінші нұсқа ұнайды. Дипломы бар 500-дің ішінде де мықты мамандар бар. Жоғары білім, ғылым жүйесіне осы бағыттағы өзгерістер қажет деп ойлаймын, – дейді Дінмұхаммед Ақпан.

Жас ғалым Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына емтихансыз қабылданып, бүгінде ғылыми қызметін жалғастыруда. Ғылыми мақалалар жариялап, семинарларда баяндама жасайды.  Қазақстандық математиктермен де байланысын үзген емес. Шетелде оқыса да өзін қазақ математигі деп есептейді.

– Бала кезімде ғылыммен айналыссаң ақшаң болмайды, ел қатарлы күн көре алмайсың деген пікірді көп еститінмін. Бұл – қате пікір. Себебі Қазақстанда ғылымға мемлекеттен қолдау көп. Толыққанды ғылыммен айналысуға мүмкіндік бар. Бұл өте қуантарлық. Мысалы, статистикаға қарайық. «Ресей ғылым қоры» деген бар. Ғылыммен айналысуға қаржы бөледі. Ғалымдар конкурсқа қатысып, бір ұжым немесе бір адам ұтса, үш жылға келісім жасалады. Әр жылға 7 млн рубль қаржы бөлінеді. Біздің теңгеге шаққанда шамамен 35-36 миллион. Қазақстанда қазір дәл соған ұқсайтын конкурс бар. Біздегі Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырады. Онда әр жылға 8, 9-10 миллионға дейін бөлінеді, яғни, біздің математика бағытымен айналысатын ғалымдардың қаржыландырылуы Ресеймен салыстырғанда көп. Бұл біздің ғылыми потенциалымызды, ғылымда әлемді мойындата алатынымызды көрсетеді, – дейді Дінмұхаммед Ақпан.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<