Химияның қыр-сырына қанықтырған

265

0

ХХІ ғасырға арналған жоғары білім туралы Дүниежүзілік декларацияда заманауи ғылыми-зерттеу мекемелерінсіз, білікті және білімді адамдарсыз бірде-бір ел тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ете алмайды деп көрсетілген. Өзгермелі әлемдегі білім беру жүйесі жаһандық тенденциялар мен эволюциялық әлеуметтік өзгерістер әсерінен трансформациялануда. Жоғары оқу орындарында білім алушыларды тиісті оқу пәні бойынша, жалпы кәсіби даярлау сапасы әрбір профессор-оқытушының кәсіби және психологиялық-педагогикалық құзыреттілік деңгейіне, біліміне, шығармашылық қызметіне, психологиялық қырағылығына және командада тиімді жұмыс істеу қабілетіне байланысты.

Бүгінгі ЖОО оқытушысы – ол тьютор, кеңесші, модератор, фасилитатор, тәлімгер, мотиватор, жаттықтырушы. Біз Сыр өңірінің жоғары білімі мен ғылымына үлес қосып келе жатқан әріптесіміз, аға буын өкілі, техника ғылымдарының кандидаты, белгілі ғалым Әнипа Сейдалықызы Тапалова туралы айтпақпыз.

Ол 1952 жылы 5 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектепті алтын медальмен бітіріп, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түскен. «Химик. Химия оқытушысы» мамандығы бойынша университет бітірген.

Қызылорда медицина училищесінде оқытушылық қызмет атқарған. 1990 жылдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде аға оқытушы, доцент, 2008 жылдан бүгінгі күнге дейін «Жаратылыстану институтының» «Биология, география және химия» кафедрасының профессоры қызметінде. А.Бектұров атындағы Химия институтында «Болаттың коррозиясын тежегіш құрамында мырышы бар силикополифосфаттарды алудың технологиялық негіздерін жасау» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді. «Химиялық технология» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы бар.

Әнипа Сейдалықызы Қорқыт ата атындағы университеттегі 30 жылдан астам ғылыми-педагогикалық қызметінде «Химия» пәні мұғалімдерін даярлауда ерен еңбек етіп келеді. 1-курс студенттері ғалымнан алғашқы химиялық дәрісті, іргелі химия ғылымының бастауын «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері», «Элементтер химиясы» пәндерінен тәлім алып келеді. Ол «Жаратылыстану» институтындағы «бакалавриат-магистратура-докторантура» деңгейлерінде терең, жүйелі білімге және оларды қолдана білу қабілетін дамытуға, жеке тұлға мәдениеті мен ғылыми ойлауын қалыптастыруға аса мән береді. Болашақ «Химия» пәні мұғалімдері үшін маңызды «Бейорганикалық химия», «Аналитикалық химия», «Химия пәнінен күрделілігі жоғары есептер шығару әдістері», «Заттар құрылысы» іргелі пәндерін оқытуда инновациялық әдістерді – проблемалық оқыту, оқытудың зерттеуге негізделген 5Е моделі, контекстегі химия әдістерін пайдаланады.

Сонымен қатар, Әнипа Сейдалықызы магистранттар мен докторанттарға «Химиялық білім берудің экологиялық аспектілері», «Бейорганикалық химияның заманауи концепциялары», «Дарынды балаларды химиялық олимпиадаға даярлау», «Күрделігі жоғары химия есептерін шығару» курстарында заманауи химияның бүгіні мен болашағы, химиялық білім берудің әлемдік тенденциялары мен бағыттары туралы дәріс беріп, үздіксіз химиялық білім берудегі кәсіби құзіреттіліктің қалыптасуына үлес қосып келеді. Өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде қажырлы еңбекті қажет ететін оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды жазумен айналысуда. «Сандық анализ практикумы», «Бейорганикалық химия. Есептер мен жаттығулар», «Жалпы және бейорганикалық химия практикумы», «Элементтер химиясы. Есептер мен жаттығулар» атты оқу құралдары мен «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері», «Элементтер химиясы», «Аналитикалық химия», «Минералды шикізаттарды өңдеу технологиясы», «Химиядан есептер шығару әдістемесі», т.б. оқу-әдістемелік кешендерінің авторы.

Университеттегі жоғары оқу орнынан кейінгі ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау ісіне де өзіндік үлес қосып келеді. Магистранттардың магистрлік диссертациясына ғылыми жетекші, докторанттардың диссертациялық жұмыстарына ғылыми кеңесші болды. Облыс мектептерімен ғылыми-әдістемелік байланыс, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мектеп оқушыларының ғылыми жобаларына жетекшілік жасау сияқты жұмыстарда табысты еңбек атқарады. Ол жетекшілік жасаған 30-дан аса студент пен мектеп оқушысы облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен жоба конкурстарының жеңімпаздары атанды. Америка, Бразилия, Грекия, Ресейде өткен мектеп оқушылары арасындағы ғылыми жобалар байқауында 10 алтын, 3 күміс, 2 қола медальмен марапатталып, Қазақстанның көк байрағын жоғары көтерген.

Әнипа Сейдалықызының химик-ғалым ретіндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары мұнайлы аймақтардың химиялық экологиясын зерттеуге, орта мектептегі және жоғары оқу орындарындағы химиялық білім берудің өзекті проблемаларын зерттеуге арналған. Нәтижесінде 120-дан астам мақала, ғылыми және оқу-әдістемелік еңбек жарық көрді. ЖОО білім алушылары мен мектеп мұғалімдеріне арналған «Бейорганикалық химия. Есептер мен жаттығулар» оқулығы, 6 оқу құралы, 5 оқу-әдістемелік құрал мен кешен оқу процесінде пайдаланылуда. БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті  бекіткен журналдарда, жақын шетелдік ғылыми басылымдарда, Web of Science, Scopus базасындағы жоғары рейтингілі журналдарда мақалалары жарияланған.

Ғалым-ұстаздың ұзақ жылдардағы ғылыми-педагогикалық еңбектері еленіп, ҚР «Үздік оқытушысы» грант иегері атанса, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін көптеген марапат иеленген.

Әнипа Сейдалықызы ғылыми-педагогикалық қызметінде алыс және жақын шетел жоғары оқу орындарының ғалымдарымен ғылыми байланыста жұмыс жүргізуге аса мән береді. 2009 жылы Халықаралық педагогикалық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланса, (МАНПО Ресей, Мәскеу), биыл Америка Химиялық одағының (ACS) мүшесі атанды. Білім мен ғылым үйренген, тәлім-тәрбие алған талай шәкірті облыс, республика орта мектептерінде мұғалімдік қызметтерін атқарса, бірқатары Қазақстанның ЖОО-ларында оқытушылық қызмет жасайды.

Әнипа Сейдалықызы – ғалым-ұстаздығымен қатар, ұжымда беделі зор, аға буын өкілі ретінде әріптестеріне ақылшы-педагог, арқасүйер тағылымды тұлға. Өмірлік жары облысқа белгілі азамат, өндіріс басшысы болған Нұрділда Сыздықов екеуінен тараған ұрпақ бүгінгі күні ел игілігі үшін қызмет атқаруда.

Әнипа Сейдалықызын мерейлі 70 жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, бақ-береке тілейміз! 

Самалбек ҚОСАНОВ,

 Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Жаратылыстану»

институтының директоры, ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты,

Гүлмира АБЫЗБЕКОВА,

 Т.Қуанышбаев атындағы ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі,

химия ғылымдарының кандидаты