Күншығыс елінің көмегі

1676

0

Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада атташе Томоя Ёкоэ мен «Шөп тамыры» халықаралық бағдарламасының үйлестірушісі Акира Мацумото Қызылорда қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралады.

«Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы бөлінген грантқа жөндеуден өткен нысандарда болып, қаржының мақсатты игерілгенін көрді.

Меймандар алдымен №176 орта мектебіне ат басын бұрды. Грант бөлінгенге дейін бұл мектеп ғимараттың терезелері ескі әрі оқушылар үшін қауіпті күйде болған. Былтыр 50571 АҚШ долларына ғимараттың барлық терезелері ауыстырылды. Қонақтарға мектеп тарихы мен атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Мұнан соң Жапония елінің өкілдері №4 ІТ мектеп-лицейінде болды. 74983 АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз қаржылай көмек алған бұл білім ошағының барлық есік- терезелерін жаңартқан. Елші ғимарат ішін аралап, жасалған жұмысқа жақсы баға берді.

№1 мектеп-гимназиясында оқушылар қонақтарды жапон тілінде сәлемдесіп қарсы алды. Білім ордасының музейінде ғасырлық тарихпен танысты. Қ.Мұхамеджанов атындағы бұл мектеп те Күншығыс елі ұсынған гранттың көмегімен жаңа кейіпке енді. 76550 доллар қаржыға білім ошағының шатыры толық жаңартылды. Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова аймақтағы осындай әлеуметтік жобалар үшін Джун Ямадаға алғыс айтты.

− Мектептердің жөндеуден өтіп, жаңарғаны қуантады. Жапония үкіметінің «Шөп тамыры» бағдарламасы әлеуметтік саланы дамытуға өңірлік саясаттың, оның ішінде білім беру саласына көп көмегі тиді. Қызылорда облысында білім беру және экология саласындағы бастамалар мен жобаларды іске асырғаныңыз үшін алғыс білдіремін, − деді А.Қасымова.

Сала басшысы «Шөп тамыры» бағдарламасына тағы бір білім ошағы өз жобасымен қатысуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. Қаламыздағы №264 мектеп-лицейі балалар тасымалы үшін грант байқауында бақ сынамақ.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<