Өткеннің ғибраты ұмытылмайды

959

0

Бүгінгі жетістіктеріміз, рухани-әлеуметтік және экономикалық байлығымыз – алдымыздағы аға ұрпақтың еңбегінің нәтижесі, солардың ізгілікті ісінің қорытындысы. Біз – осы жолды жалғастырушылармыз. Сондықтан да оларды еске алып, өскелең ұрпаққа айтып берсек, аз да болса парызымыздың өтелгені деп білемін. Онда жазып көрейік.

Менің әкем Елікбай Меңлібаев 1908 жылы қазіргі Жалағаш ауданы, «Таң» ауылында дүниеге келген. Сырдария өзенінің қазіргідей емес, шалқып жатқан кезі. Көктемде су молайып, дария таситын да, құмды төбелерден басқа жерлерді, сай-саланы су басатын. Ел тек су баспайтын биік төбелер мен қыраттарға қоныстанатын, ал басқа жерлердің бәрі шалқыған су, ну ормандай қалың нарқамыс екен.

Жер дүниенің бәрі су болғасын балық та көп. Жазда аумен, қыста мұз астынан жылыммен балық ауланатын. Қыс айында ауланған балық мұз үстінде тау-тау болып үйіліп жататын. Ел жегенін жеп, жемегенін қыстақтардағы орыстарға сатып, олар шанамен алып кетіп, вагондарға тиеп жіберіп жататын.

Бір ауыл мен екінші ауыл нарқамысты жарып, қайықты таяумен тіреп, итеріп қатынайтын. Жаз ортасына қарай су қайтып, тартыла бастағанда ғана қара жол түсетін.

Әкемнің шешесі Тазагүл әжемнің «Жолбарыс соққан малдың етін жедік» дегенін естігенмін. Сонда 1900 жылдар шамасында біздің Сыр бойында жолбарыс болғаны ғой. «Отарба келген соң көрінбей кетті» деп отыратын сөз арасында әжем. Отарбасы – пойыз ғой. Ол Қызылорда өңіріне 1904 жылы келгені жазба тарихтан белгілі.

Әкеміз 1920 жылдарға дейін ауыл молдасынан ескіше сауат ашыпты. Ескіше-қадимше білім алудың өлшемі «Мұхтасар» кітабына дейін оқыпты.

Кезінде аймаққа белгілі, Құран қари атанған Жүсіпұлы Тайманның айтуынша «Мұхтасарға» дейін оқып тауысқан адамның арабша дін оқуынан орта білімі бар. ХХ ғасырдың 80 жылдарында сауатты молданың өте аз кезінде Тайман қари өз ауылымызға молда болуды ұсынып еді, бірақ санаға сіңген идеология әкемді оған жібермеді.

1934 жылға дейін ауылдық кеңесте хатшы, «Жас қайрат» колхозында төраға сияқты қызмет атқарған. Қызылорда қаласындағы педагогикалық оқуды бітірген. 1938 жылы қазіргі «Мәдениет» ауылының аумағындағы «Қаратөбе» жетіжылдық мектебінде мұғалім болды. 1939 жылы тамыз айында «Таң» жетіжылдық мектебіне 4-сынып мұғалімі етіп ауыстырылған. 1942 жылдан мектептің директоры және тарих, география пәндерінің оқытушысы болып бекітілді. Осы мектептен 1968 жылы зейнетке шықты.

1932-1937 жылдары «Таң» жетіжылдық мектебі жанынан панасыз қалып, асыраушысынан айырылған жетім балалар үшін мектеп-интернат жұмыс істеген. Мұғалімдер мектепте сабақ, интернаттағы тәрбиеленушілерге тәрбие берген. Тәрбиенің үлкені балаларды күнделікті тамаққа тойындыру екен. 1932-1934 жылдары интернатта пионервожатый болған, фин-герман соғысының ардагері Әубәкір Есжанұлы өз шамасына қарай интернат балаларына ән айтуды, домбыра тартуды, қазақша күресуді, ләңгі тебуді үйреткенін кешегі күнге дейін айтып отыратын.

Менің әкемнің оқытып, білім берген шәкірттері қызметкер, мұғалім, дәрігер, ауыл шаруашылығы мамандары ғана емес, қарапайым еңбек адамдары, малшы, егінші, механизатор болды. Мемлекет алдындағы еңбегі бағаланып «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

«Таң» колхозы егіні, малы, жері мен суы мол, экономикасы ілгерілеген шаруашылық болса да, 1957 жылы Сырдарияның оң жағасындағы Молотов атындағы колхозға қосылды. Бұл сол кездегі аудан басшыларының ел басқару саясатындағы ірі кемшілік еді. Осы шаруашылықтар қосылып «Коммунизм» совхозы деп аталды. «Таң» колхозының тірнектеп жиған бар малы «Жалағаш» совхозына берілді. Ел түгелге жуық дарияның келесі бетіндегі колхоз орталығына көшірілді. 150-ге тарта шаңырақ болған «Таңның» ата қонысында 12 ғана үй қалды. Жасалып жатқан бұл тірлікке наразылық білдіріп, менің әкем ешқайда көшпей, сол 12 үйдің бірі болып отырып қалды.

«Таң» жетіжылдық мектебі жабылып, орнында бастауыш мектеп қалған. Атақонысқа деген қимастық сезім әкемізді сол бастауыш мектепте қызмет жасауға шешім қабылдатты. Бірақ жоғары жақтағы басшыларға ел жағдайын айтып-жазудан жалықпады.

Көктемде егін егілгенде, жазда сол егілген егінді күтімге алғанда, күзде астық жинағанда совхоз жұмысшылары түгелге жуық, көмекке келген студенттер мен оқушылар бұрынғы «Таң» колхозының жеріндегі «Естек», «Құтырған», «Ақкешпе», «Жеп кеткен», «Әулие жыңғыл», «Ақбет аралы», «Мақпал» деп аталатын жерлерде, түстік шеті «Мақпалкөл» ауылына дейін егіс басында болатын. Ол кезде дала қостары деген атымен жоқ. Киіз үй, қамыс кепелерді пана қылатын. Көзіқарақты, көкірегі ояу азаматтардың қай-қайсысы да мұны білді.

Қайта ел болу біз үшін ұлы мұратқа айналған еді. Ақыры көп тілегі қабыл болды. Арада он жыл өткен соң, яғни 1967 жылы «Таң» өз алдына дербес совхоз болып құрылды. Бастауыш мектеп әуелі сегізжылдық, содан кейін 1970 жылы «Таң» орта мектебі дәрежесін алды.

Әкем елдің тарихын жақсы білетін және бірсыпыра оқиғалардың тікелей куәсі де болды. Дарияның сол жағалауын игеру басталып, «Главриссовхозстрой» деген алып мекеме күріш егетін сан мыңдаған алқапты тегістеп инженерлік жүйеге келтіре бастады. Сондай-ақ бірнеше кеңшар орталығында құрылыс қызу жүргізіліп, бас-аяғы 5-10 жылда Жалағаш ауданының «Аққұм», Қазақстанның Ленин комсомолы, Калинин атындағы, «Мәдениет», «Таң» шаруашылықтары қала типіндегі қыстаққа айналып шыға келді.

Әкем белгілі ақын Әбдікәрім Оңалбаевпен сыйлас, дос болған. Әбдікәрім ақын Алматы қаласында «Әдебиет және искусство» журналында жауапты хатшы болып қызмет атқарып жүргенде ол кісінің жұмыс орнына барғанын, көшеде екеуі келе жатып Сәбит Мұхановты кездестіргенін, Сәбең өзіне тән қырылдаған даусымен «әй бала» деп сөйлескенін айтатын.

Әбдікәрім Оңалбаев кейін облыстық «Ленин жолы» газетіне ауысып, Қызылордада тұрғанда науқастанып жатқанын естіп көңілін сұрап барып келді де, оның жағдайын айтып үндемей біраз отырды.

Әкем ауыл молдасынан діни сауат ашқан, Ахмет Байтұрсыновтың әліппесінен сауаттанған, Қазақстанда латын әліппесі енгізілгенде оны да меңгерген, соңында осы күнгі 42 әріптен тұратын әліппені оқып, үйреніп пайдаланған. Бұл әрине, бір адамға аз емес. Кейін 1952 жылы Шымкент қаласындағы мұғалімдер институтының тарих факультетін өте жақсы оқып, бітірген еді. Жалағаш кентіндегі мектепте директор болып қызмет атқарған, ауданға белгілі ұстаз Аймағамбет Ізтілеуовке хат жазып, апарып беруді тапсырғанда не жазды екен деп оқығымыз келеді, бірақ оқи алмаймыз. Себебі араб әрпімен жазылған.

Шежіреден де мол хабары болды. Ата-бабалары жайлы мәліметті жатқа айтатын, кім-кімнен тарайды, кім қай атаның баласы, олардың нағашы-жиені кім екенін ажыратып беретін. «Жетіру. Керейт» шежіре кітабындағы Ақбет Керейт тарауы әкемнің айтуымен жазылған.

Дана қазағымыз «Ата – балаға сыншы» дейді, керісінше бола алмайды, себебі заманның, тарихтың дөңгелегі кері айналмайды. Менің бұл мақаланы жазудағы бірінші мақсатым – перзенттік борышым болса, екінші ғибрат алар тұстары бар болса, өскелең ұрпақ біле жүрсін деген ойдан туып еді.

Әлихан МЕҢЛІБАЕВ,

еңбек ардагері,

Халық ағарту ісінің озаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<