Рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу – ХХІ ғасыр талабы

531

2

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты Президент мақаласында бүгінгі қоғамның дамуына жан-жақты талдау жасай отырып, болашаққа бағдар нақты көрсетілген.


«Бағыт пен бағдар» бөліміндегі тәуелсіздіктің 30 жылында атқарылған ауқымды істердің маңыздылығына тағы бір көзімізді жеткізді. Әсіресе, «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек» деген ойдың астарына ерекше мән беруіміз керек.

Ұрпақ тәрбиесіне жауапты тұлғаның бірі ретінде барлық мұғалім өз сабағында жас ұрпақтың бойында осындай сынға төтеп бере алатындай, жаһандануға жұтылып кетпейтіндей ұлттық құндылықтардың қалыптасуына бар күш-жігерін салып еңбек етуі тиіс. Жаңа дәуірдің жақсысын үйреніп, жаманынан жиренетін ұрпақты өз мәдениетімізге құрметпен қарап, салт-дәстүрімізді жалғастыра алатындай етіп дайындауда ұстаздарға артылар жүк жеңіл емес.


Президентіміздің «Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек» деген пікірі өте күрделі мәселенің түйінін дәл басты деуге болады. Осы тұста біздің Елбасы атындағы зияткерлік мектептің оқу бағдарламасының өміршең екендігі дәлелденді. Қазақ тілі сабағындағы әр тақырып, әдебиет пәнінен берілген әр шығарма оқушының әлем азаматы болуымен қатар, өз Отанының патриоты болуға бағыттайды.


«Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес» азаматтық қоғамның іргетасын қалауда жастардың үлесі басым болуына ерекше назар аударған мына пікірі әрбірімізді ойландыру керек.


Өткен жыл сапалы білім алу арқылы ғана әлемдік деңгейдегі білім кеңістігіне қол жеткізе алатындығымызды дәлелдесе, білімге салынған капитал ғана ең қайтарымы мол капитал екеніне қоғамның көзі анық жетті. Әсіресе қашықтан білім алуда оқушының өз бетінше білім алу дағдысын қалыптастыру арқылы толыққанды білімге қол жеткізуге болатынын да түсіндік. Әлеуметтік желі әлеуеті күшіне мықтап енген заманда қоғамдағы түрлі жағымсыз әрекеттер туралы еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін біліп отыратын деңгейге жеттік. Әрине, білген адамға мұның пайдасы зор, әсіресе өскелең ұрпақтың мінез-құлқын еркін бақылауға мүмкіндік береді. Осы жағдайда түрлі келеңсіз жайттардан оларды қорғаудан, шектеуден бұрын олардың пікірін біліп, өзіндік жеке көзқарасын дұрыс бағытта қалыптастыра білуде мектеп пен отбасының бірлесе жұмыс жасауы аса маңызды.


Мемлекет басшысының «Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет.Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» деген бағасының күнделікті қоғамда орын алған ащы шындықтан туғанын байқауға болады.


Расында, әрбір жас өреннің өзі мекен еткен жеріне жанашырлық танытуына тек ақыл айтып қоймай, өзі үлгі болатындай әрекет жасау – аға буынның, яғни біздің Отан алдындағы міндетіміз. Мақалада бүгінгі жастардың шетелде білім алуына барынша қолдау көрсетіп, алған білімі мен жинаған тәжірибесін өз еліне қызмет істеуге пайдалана білетіндей ұлтжанды ұрпақ дайындау үшін сананың ашықтығы керек деген ойын өз өмірінен мысал келтіре отырып, қисынды жеткізе білген. Ұрпақ тәрбиесінің мемлекеттің назарынан тыс қалмауы, олардың бойындағы табиғи таланты мен ерекше дарындылығын дамыту үшін қойылатын талаптың жоғары екендігін сезінген сайын өз мамандығымның ұлт болашағы үшін маңызды екенін, осындай ұлы мамандықтың тізгінін ұстап тұру үшін ел үшін тынымсыз еңбек етудің өзі зор бақыт әрі үлкен сын деп қабылдаймын. Соңғы жылдардағы педагогтардың еңбекақысының сатылап өсуі де жүктелген міндеттің салмағының ауырлығында деп түсінуіміз керек және соған лайықты еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне мысқалдап болса да үлесімізді қосуымыз қажет.


«Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген сөз әрбіріміз үшін ең қастерлі ұғымға айналғанда ғана ұлт ретінде барлық қиындыққа төтеп бере аламыз. Бастысы, рухтың мықтылығы.

Гаухар МАНАНБАЙ,


Қызылорда қаласындағы ХББ Назарбаев Зияткерлік мектебінің


қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз