Талпыныс қолдау табады

643

1

Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығы – өткеніміз бен келешегімізді ой таразысына тартар кезең. Алғашқы жылдары қоғамның түрлі саласы тоқырағанмен, білім мен ілімнің іргесі сөгілген жоқ.  Білім саласы кезең-кезеңмен кемелденіп, әлемдік тәжірибелер мен қоғамдық пікірдің негізінде үдерістерге икемделіп келеді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сапалы білім беру бағытына кеңінен тоқталып, ұстаздарды қолдау жалғасатынын айтты. Педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін алдағы үш жылда 1,2 триллион теңге жұмсалатынын жариялады. Мұның өзі педагогтар мен болашақ мұғалімдерге мүмкіндіктердің кеңейгенін көрсетері сөзсіз.

Бүгінде жастар арасында мұғалімдік мамандықты таңдаушылардың қатары еселенген. Өскелең ұрпаққа тегін кәсіптік-техникалық білім беру ісі жолға қойылып, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше мән берілуде. Мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында Президент пәрменімен 2025 жылға дейін 1000 мектеп құрылысы жүргізілмек. Студенттер үшін өзекті проблемаға айналған жатақхана мәселесі де жергілікті атқарушы органдар мен оқу орындарының негізгі жоспарларына енгізіліп, жүйелі жүзеге асырылуда. Биылдың өзінде аймақта 2 студенттік жатақхананың пайдалануға берілуі – саланы жаңғыртудың жасампаз көрінісі. Сыр өңірінің ғалымдары да жаңалықтарын ғаламдық деңгейде  дәлелдеп, түрлі бағыттар бойынша гранттар жеңіп алды. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі тұрмысы төмен отбасылардың балаларын тегін оқытудың тетіктерін кезең-кезеңмен шешуді қолға алды. 

Мұндай игі істер мен жағымды жаңалықтардың жүзеге асырылуына белсенді қазақстандықтардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың, барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсыныс-пікірлері септескенін айта кету керек.

Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде бұған дейін бірнеше мәрте көтеріп келген мәселелерімнің бірі білім мен тәрбие беру мекемелеріндегі кітапханашылар мен техникалық қызметкерлердің, жүргізушілердің жалақысының өзгеріссіз қалуы болатын. Бұл мәселе білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің орталық аппаратынан қолдау тауып, Үкімет деңгейінде талқыланды. Президент Жолдауында көрсетілгендей, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап осы санаттағы азаматтардың жалақылары жоғарылайтын болды.

Кейінгі жылдары барлық білім беру мекемелері арасында өзара бәсекелестік қарқын алды. Бұл өз кезегінде кәсіби білікті оқытушылардың қатарын арттырып, үздік шәкірттер шоғырын қалыптастыруға, оқу орындарының имиджін көтеруге жәрдемдеседі деп ойлаймын. Сол арқылы оқушы мен студенттердің таңдау мүмкіндіктері кеңейіп, сапалы білім салтанат құрмақ. 

Қазіргі уақытта Сыр өңіріндегі 60 мыңға жуық педагогтің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы қоғамдық белсенділік біршама биіктеп келеді. Сондай-ақ, осы саладағы қоғаммен байланыс, ата-аналар мен білім мекемелері арасындағы ашықтық ортақ нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізуде. Пандемия кезінде қашықтан оқытуды жедел меңгеріп, екі жылға жуық уақыт бойы шәкірттерімен байланысын үзбей сапалы білім, саналы тәрбие беру ісін іркіліссіз ілгерілете білген ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз.

Облыстық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы атқарған жұмыстарын бұқарамен бөлісіп, саладағы өзекті мәселелердің түйінін әріптестерімізбен бірге тарқатуды дәстүрге айналдырдық. Ұстаз бен шәкіртті қайта қауыштырған биылғы оқу жылында да қалыптасқан үрдістен айнымай, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Білім күні қарсаңында 1000-ға жуық ұстазға сый-сияпат жасадық.

Жуырда ғана 50 жас педагог пен 50 бастауыш кәсіподақ ұйымының көшбасшысы, «Кәсіподақтың үздік ұйымы» облыстық байқауының жүлдегерлері мен жеңімпаздары, кәсіподақ белсенділері Түркістан облысында орналасқан «Талды су» шипажайында «Тәуелсіздік – әрбір қазақстандықтың мақтанышы» тақырыбында тәжірибе алаңы, «Күшті бастауыш ұйым – қуатты кәсіподақ» тақырыбындағы  семинар-кеңеске қатысты. Сонымен қатар Еңбек күні қарсаңында білім саласындағы ұзақ жылдық еңбегі бар кітапханашылар мен есепшілерге арналған құқықтық оқыту семинары өткізілді. Семинар барысында айлық жалақының төленуінде кездесіп жатқан мәселелер талданып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сала қызметкерлеріне ұйымдастырылған бұл басқосу жаңа оқу жылына ерекше серпіліс болды деген сенімдемін. Алдағы уақытта жоспарға сәйкес, білім беру ұйымдарының кіші қызметкерлеріне де шаралар қарастырылғанын айтып өткім келеді.

Мұғалімдер күні қарсаңында жоспарға сәйкес мерекелік шаралар өтеді. Коронавирус пандемиясына төтеп берген медицина қызметкерлерімен қатар, мұғалімдер қауымының да еңбегін ерекше ескерген жөн. Педагогтардың үздіксіз білім беруі ерлікпен пара-пар іс екенін де мойындаған абзал.

Ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтаймын! Шәкірт шуағына шомылып, ата-аналардың алғысына бөлене беріңіздер!

Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА,

облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<