Тарихы тұғырлы, білімі ғұмырлы

890

0

Балаға білім беретін барлық мектеп қасиетті. Елімізде өз дәстүрі қалыптасқан, ертеден үлкен әрі үлгілі шаңырақ болған, ауылдың ғана емес, елдің ерлері мен тұлғаларын ұшырған білім ошақтары бар. Соның бірі Сырдария ауданы Аманкелді ауылындағы Қ.Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейі. Білім үйі биыл 100 жылдық белесті аттады. Ауданға арнайы барған сапарымызда мектепке аялдап, білім үйінің тарихы мен жеткен жетістіктеріне қанығып қайттық.

Ауыл мектебінің іргетасы 1923 жылы қаланған екен. Алғашында «Зіңкетер» деп аталған мектептің негізін қалаушы – Абдолла Ағайдарұлы. Сол кезде ол Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының соңғы курсында білім алып жүрген. Өзі жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев, Сара Есовамен таныс-біліс болып, Орта Азияда комсомол қозғалысынының дамуына атсалысқан. Абдолланы жақсы таныған Ғ.Мұратбаев оған ауылда мектеп ашуды тапсырады. Институтты бітірісімен елге келген жас маман мектеп ұйымдастыру ісін қолға алыпты. Білім бұлағы болған мектеп қабырғасы асармен тұрғызылған. Елде ағарту жұмыстары жүреді деген соң Абдолла бастаған игі істі Қ.Бисенбайұлы, М.Сенбіұлы, А.Шалжанұлы секілді азаматтар бір-бір қарадан беріп, мектеп үйін салуға қол ұшын тигізеді. Алғашқы білім ошағы қазақ ағартушысы Ы.Алтынсариннің мектеп үлгісімен салынғанға ұқсайды. Ұзындығы 30 метр шамасы, ені 25 метрден астам. Оның тұрқы «Е» әрпіне ұқсас. Көпшіліктің айтуынша, зіңкетерліктер сары кірпішті елді мекенде күйдіріпті. Алғашқыда мектептің төрт бөлмесі салынса керек. Кейіннен қосымша сыныптар қосылған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мектеп құрылысын Әбубәкір Қалыбаевтың Қызылордадағы Валентин Живков деген досы жүргізіпті.

Бастауыш мектеп ашылғаннан кейін мұнда Киров, «Айдарлы», «Жасқайрат», «Жаңатұрмыс», «Құлшығанақ», «Қызылту» елді мекендерінен балалар келіп оқыған. Білім ордасында Құлмағанбет Қоңырбаев, ағайынды Шәріп, Ғаріп Мақсұтов, Валентин Живков (комсомолдарға орыс тілінен дәріс берген) ұстаздық етіп, оқушылардың сауатын ашқан. Олар күндіз шәкірттерге сабақ берсе, түнде сауаттандыру мектебінде білім берген.

1924 жылы «Зіңкетер» мектебінде үшінші ауылдық кеңес бойынша (қазіргі Амангелді ауылы) 17 қыз бала оқуға тартылады. Қ.Ағайдарқызы, Ө.Құлманов, Я.Ешімов, Ә.Жүсіпов, Д.Қылышбаев, Т.Кішкенбаев, С.Әйімбетов, А.Оспанова, Ш.Беркіновтер 1923-1927 жылдары мектепте оқыған алғашқы түлектер еді. 1936 жылы мектеп жетіжылдық болды. Одан соң «Зіңкетер» мектебі «Қайырсуатқа» көшіріліп, «Қызылтудағы» онжылдық мектепке айналған.

«Қызылту» орта мектебінде 1940-1941 жылдары Т.Базарбаев, ал 1946-1947 жылдары Дайрабай Баймаханов директорлық қызметті атқарды. Осы мектеп түлегі, педогогика ғылымдарының докторы, профессор Тотай Тұрлығұлов, Сырдария аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болған Күлшара Рахметова және Гүлсара Кішкенбаева, Әуезхан Ысқақовтар білім ошағының алғашқы түлектері екен. «Қызылту» мектебі 1950 жылы Ленин атындағы колхозға көшірілді. Осы жылдан бастап атауы В.Ленин атындағы №42 мектеп болып өзгерді. Ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар бірігіп, қам кесектен «Т» әріпіне ұқсас 13 бөлмелі мектеп үйін тұрғызған. Кейін қосымша бөлмелермен толыққан. Білім ордасында Ленин, Калинин, «Қызылту», Киров, «Айдарлы», қазіргі «Жетікөл» елді мекендерінен 307 бала келіп оқыған. Оларға 15 мұғалім сабақ беріпті. Ол кезде мектеп директоры Шәмші Көшекбаев, оқу ісінің меңгерушісі Мұсахан Жұмабеков болған. 1951-1952 оқу жылында 370 оқушы білім игерсе, 24 мұғалім жемісті еңбек еткен. Жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беруде Б.Омаров, Т.Ахметов, Күлзипа, Бибігүл, Зейпін, сондай-ақ, ардагер ұстаздар С.Жаманқұлов, Н.Көлдеев, Е.Сейдахметов, Е.Қосанов, Ә.Абдоллаев, М.Жүсіпова, Қ.Аяшов, М.Шақкөзова, П.Рахманқұлова, Ш.Бошаеваның есімі мектеп тарихымен сабақтас.

Мектеп мерейі жыл өткен сайын арта береді. Мәселен, 1965 жылы ақпан айында Қызылорда қаласында күрішшілердің облыстық ІІ слеті өткен. Слеттің жұмысына Кеңес Одағының екінші ғарышкері Герман Титов қатысып, Аманкелді атындағы совхоз орталығында мектеп оқушыларымен кездеседі. Содан кейін ғарышкердің ықпалымен 1965 жылы 320 орындық жаңа мектеп үйінің іргетасы қаланып, ол 1968 жылы 1 қаңтарда пайдалануға беріледі. Сол оқу жылында оқушылар саны 600-ге жуықтап, білім алушылар көбейген. Жалпы, 1948-1988 оқу жылдар аралығында аталған мектепті 2000-нан астам оқушы бітіріп, ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, ауыл шаруашылығы мамандары шыққан. Бұл білім ошағында ең ұзақ директорлық қызметті абыроймен атқарған «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» Шәкен Байжанова. Ардагер ұстаз 1963-1991 жылдар аралығында мектеп ұжымын басқарып, өзінің біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген.

– Аманкелді атындағы совхоздың еңбеккерлері облыстық кеңестің депутаттығына сайланған Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековке аманат ретінде жаңа мектеп салу тапсырылған. Сол кісінің көмегімен ауылда қазіргі үлкен мектеп жаңадан бой көтерді. 1986 жылы 1 қыркүйекте 624 орындық жаңа типті мектепті колхозаралық құрылыс мекемесінде Қазақстан компартиясы ХVІ съезінің делегаты Иван Шаблинскийдің басқаруындағы бригада пайдалануға берді. И.Шаблинский мектеп үйінің символикалық кілтін мектеп директоры Ш.Байжановаға тапсырды. Қуанышты мерекеде Қазақстан Компартиясы аудандық комитетінің бірінші секретары Н.Ергешбаев мектеп үйінің алқызыл лентасын қиды. Сол жылдардағы совхоз директоры Н.Жұндабеков, оқушылар комсомол комитетінің секретары Г.Аяшева, мектеп директоры Ш.Байжанова білім үйін мерзімінде іске қосуға атсалысқан мекемелерге алғысын білдірген болатын, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов.

Мектеп үйі жаңа типтік жобамен салынған. Қос қабатты, жаңа жақсы жабдықталған ондаған пән кабинет, оқу шеберханалары, спорт залы, кітапхана және акт залы бар. Мектеп үйінің жанында жылыжай пайдалануға беріліп, оқушылар қыста да, жазда да көкөністер мен әсем гүлдер өсіріп отырады. Мектеп айналасы да жасыл желекпен әдемі болып тұр. Жаңадан егілген көшеттер де – ұстаздардың өз еңбектері.

Жылдар жылжыған сайын №42 орта мектеп өсіп-өркендеді. Оның киелі қабырғасынан көптеген өрен білімге сусындап, қанат қақты. Ал 1995 жылы Сыр сүлейі, айтыскер ақын, мектепте ағартушылық қызмет атқарған Қуаныш Баймағанбетовтың 100 жылдығына орай ауыл тұрғындарының және Ленин ауылдық кеңесі ономастикалық комиссия төрағасы ардагер ұстаз Сүлеймен Жаманқұлов, осы комиссия мүшелері ұйғарымымен мектепке ақын есімі берілген.

Ел тәуелсіздік алған оқу жылынан бастап Қ.Баймағанбетов атындағы №42 орта мектептің директорлық қызметіне Асылхан Дүйсебеков тағайындалды. Ол педагогикалық ұжыммен бірге қажырлы еңбегі, шығармашылық жұмыстары нәтижесінде біршама игі іс атқарды. Мектеп директорының басшылығымен мектеп ұжымы оқу-тәрбие процесін жетілдіру, дамыту мақсатында оқытудың нормативті тәсілін кеңінен қолдану, мұғалімдердің әдістемелік шеберлігін арттыруда, жаңа технологиялық құрылғыларды пайдалану, дарынды балаларды табу, олармен жүйелі жұмыс жүргізу, оқушылардың елжандылық сезімін ояту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандырды.

Осы жылдар аралығында республикалық деңгейде талай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 1996 жылы 26 қазанда Алматыдан қуанышты құттықтау жеткен. Республика бойынша 200 мектеп байқауға қатысып, оның ішінде облыстан 2 мектеп жеңімпаз деп танылыпты. Соның бірі – осы мектеп. 2000-2001 жылы «Жылдың ең үздік мектебі», «Сорос-Қазақстан» байқауының жеңімпазы және 2001 жылы «Республикалық таңдаулы мектеп» байқауының лауреаты атанды. А.Дүйсебеков 2017 жылға дейін мектепті басқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.

Сол жылдың қыркүйек айынан бастап мектеп директоры лауазымына оқу ісі жөніндегі орынбасар Иса Әбдіқалықов тағайындалды. Дегенмен, білікті ұстаз ойда жоқта өмірден озды. Ол кісінің осы мектепке жасаған еңбегі зор еді.

– Тарихи білім ұясы 2017 жылдың сәуір айында мектеп-лицей мәртебесіне ие болды. Биылғы оқу жылында 492 оқушы тәлім алды және мектепалды даярлық тобында 28 оқушы білім игерді. 66 педагог жұмыс істейді. Ауылда білім көкжиегінің өркендеуіне Мырза Жұмабеков, Қайролла Жүсіпбеков, Базарбай Құланбеков, Ләззат Мәлікова секілді ардагер ұстаздардың қосқан үлесі зор. Олардың ізін жалғап қазіргі таңда Б.Мырзанова, Д.Саидова, П.Миянова, Е.Құлымбетов, Ө.Жақашов, К.Ибадуллаева, Р.Әбуова, Ә.Сейітмұратова, Ш.Жансейітова, А.Ермашова, К.Оспанова, Г.Айбытова, Г.Сейдалиева, Г.Иманбердиева, М.Бегайдарова жемісті еңбек етуде. Осы ұстаздарымызбен бірге орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болған Ж.Ибрагимованың еткен еңбегі ерекше, – деді мектеп директоры З.Жаманқұлов.

Айта кетейік, 2018 жылдың қараша айынан бастап Зейнұр Жаманқұлов мектеп-лицей директоры болып қызмет атқарып келеді.

– Мектепте оқушыларды пәндік олимпиадаларға дайындап, ғылыми жұмыстарға бағыттау жүйелі жолға қойылған. Өткен 2021-2022 оқу жылында «Дарын» ғылыми жоба байқауында 10-сынып оқушысы Жұбатқан Нұржайна аудандық және облыстық кезеңде топ жарып, республикалық кезеңнен 2-орын иеленді. Биылғы оқу жылында да мұндай жетістіктер жалғасын тапты. Мектеп бойынша 14 ғылыми жоба зерттелу үстінде. Нақты қол жеткізілген жобалар жоғары деңгейдегі байқауларға қатысуға жіберіледі. Бір қуантарлығы, бастауыш сынып оқушылары мен ұстаздары ғылыми зерттеумен айналысуға ден қойды. «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен биылғы жылдың 15-18 наурыз аралығында «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы базасында өткен ХVІІІ республикалық «Зерде» конкурсына аудандық және облыстық кезеңінен жеңімпаз атанған екі жобамен үш оқушы қатысты. Нәтижесінде 4-сынып оқушылары Асылзат Төлеген, Гүлсезім Жұмабайқызы (жетекшісі Гүлнар Мұқанова) медицина секциясы бойынша «Жиденің емдік қасиеті» тақырыбында жоба қорғап, жүлделі ІІ орынды иеленді. Тағы бір ғылымға жақын өреніміз Сания Қылышбек (жетекшісі Салтанат Жұмабаева) биология секциясы бойынша қатысып, «Алтын тамырлы мия өсімдігі» тақырыбындағы жобасымен арнайы грамотамен марапатталды, – деді мектептің педагог-ұйымдастырушысы Қ.Құлымбетов.

Түлектердің жеткен жетістігі – осы мектеп қабырғасында алған білімінің нәтижесі. Тарихы терең білім ордасы ұрпаққа сапалы білім-тәрбие берудегі жетістікке толы жолын жалғастыра береді.

Айдар САЙЛАУОВ,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<