Өмірде ұстаз деген ұғым бар. Біле білсек, бұл – қандай бір құрметті атақтан да биік. Мәселен, мектептегі немесе жоғары оқу орнындағы мұғалімнен бастап, қызмет жолында, өнерде, отбасылық қарым-қатынаста ұстаздың болатыны заңдылық. Мұғалім көп, бірақ бәрі бірдей ұстаз бола алмайды. Ұстаз деген – тек білім беруімен ғана емес, бойындағы тәлім-тәрбиесімен, қарым-қабілетімен, таным-талғамымен, бір сөзбен айтқанда, бүкіл болмысымен шәкірт жүрегінен ойып тұрып орын алатын адам.
Сырдария ауданының тумасы, атақты ұстаз Оспан Абдулпаттаевты аймақ жұртшылығы жақсы біледі. Ол – өзі туып-өскен Сырдария ауданында (бұрынғы Тереңөзек) тұңғыш мектеп ашқан Сыр өңіріндегі алғашқы ұстаздардың бірі. Қырық жыл ұстаздық ғұмырында қыруар еңбек етіп, елдің құрметіне бөленді. «Қазақ ССР еңбегі сіңген мұғалімі» атанды. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері мен Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарын иеленді. Қазір аудан орталығындағы №210 мектеп О.Абдулпаттаевтың есімімен аталады. Сондай-ақ, бұл кісінің есімімен аталатын көше де бар. Ең абзалы, ұстаздың тәлімін алған шәкірттері ел руханиятын көтеруге еңбек етті.
Бүгінгі сұхбаттасқан кейіпкеріміз – осы Оспан атаның шаңырағының келіні. Атасының абыройлы жолын жалғап, биік болмысын үлгі тұтқан, бүгінде ардагер-ұстаз Ұлбосын Сейіт-Ахметқызының бойынан да осындай ерекше қасиетті байқадық. Өмірден көргені мен түйгені мол, сол себепті айтар әңгімесі де аз емес. Келбетті, көркем мінезді, сырткөзге сырын аша бермейтіні көрініп тұр. Әйтсе де, көңілінің түкпірінде көп дүние жатқандай. Иә, қателеспеппіз, расында солай.
Бүгінгі заманда, яғни технология қарқын алған шақта адамды көбіне мамандығына қарай бағалайды. Ал бұрын ше? Әлбетте, адамдығы бірінші орында тұратын. Ал біздің кейіпкеріміз – аяулы ана, ұлағатты ұстаз, ардагер, мамандығын адамдығымен ұштастырған абыройлы жан. Ел баласын тәрбиелей жүріп, өз балаларын да қатарынан қалдырмай өсіріп, бүгінде олардың әрбір жеңісіне марқайып, мақтан тұтып отырған жайы бар.
Ұлбосын апайымыздың әкесі Сейіт-Ахмет – Қостанай облысының тумасы. Ағасы Қожахмет екеуі бала кезінде жетім қалып, кейін қызмет бабымен осында келіп, тұрақтап қалған екен. Айтуынша, әкесі адал еңбегімен дәулет жиған, елге сыйлы адам болыпты. Ағаштан түйін түйген шеберлігі де бар. Ата-анасы өмірге 15 перзент әкелген. Алайда оның төртеуі шетінеп, отбасында он бір бала өсіп-өнді.
Тереңөзектегі И.Тоқтыбаев атындағы мектепте оқып, орта білім алған Ұлбосын арман қуып, Алматыға жол тартты. Он жыл бірге оқыған құрбысы Серіккүл екеуі қазір Абылай хан атымен аталатын шет тілдер институтының даярлық курсына құжат тапсырған болатын. Алайда оқуға кететін күні жақын қалғанда әкесі алысқа жібергісі келмейтінін айтып, қаладағы М.Мәметова атындағы педучилищеге түсуіне кеңес берді. Әке сөзіне қарсы келмей, осы оқу орнына түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шықты.
Қолында дипломы бар, жас ұстаз Тереңөзек аудандық оқу бөлімінің ұйғарымымен А.Тоқмағамбетов атындағы мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып, еңбек жолын бастады. Бұл кезде әкесі науқас, төсек тартып жатып қалған еді. Үйде шиеттей бала, анасына да қолғабыс керек. Ұлбосын осы тірліктің бәріне үлгеруге тырысты.
«Жастай берген тәрбие жас шыбықты игендей» деген қағиданы ойына берік ұстаған ұстаз «Өмір» дейтін кітаптың алғашқы беттерін ашқан бүлдіршіндерге білім беруде талмай ізденетін. Әрбір сабағында өзіне білім берген Анар Ізбасарова, Роза Сарабаева сынды ұстаздардың ақыл-кеңестеріне ой жіберіп, үлгі ретінде ұстанатын.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары барлық салада өзгерістер, қайта жаңғыру үрдістері жүріп жатты. Әлбетте, рухани құндылықтардан гөрі материалдық қажеттіліктер таразыны басып тұрды. Осы тұста балаларды оқытуда ұлттық құндылықтарды пайдалану идеясын ұсынушылардың бірі – Ұлбосын Бекмағанбетова болатын. Бастауыш сыныптарға арналған оқулық авторларымен тығыз байланысып, сондай-ақ, ғылыми конференцияларда сөз алып, өзінің ұсыныстарын батыл енгізе білді. «Ол қандай ұсыныстар» десеңіз, бір-екі мысал келтірейік. Айталық, оқулықтарда төртбұрыш, дөңгелек дейтін математикалық өлшемдер бар. Осыларды түсіндіргенде киіз үй, кілем сияқты ұлттық бұйымдарды енгізуге, сол арқылы жас ұрпақтың рухани танымын нығайтуға үлесін қосты. Осы идеяларын жүзеге асыру мақсатында атаулы мектеп ашып, шығармашылықпен еңбек ететін ұстаздарға дәріс берді. Тәжірибесін таратты. Еңбегінің өтеуі болар, 1994 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді.
– Дарақ бір жерде ғана өсіп-өніп, бәйтерекке айналады. Сол секілді, мен де бүкіл саналы ғұмырымның бір шаңырақ астында өткенін бақытқа балаймын. Биыл өзім 40 жыл қызмет еткен Тереңөзек кентінің орталығындағы, И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектептің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бұл білім ошағынан Асқар Кіребайұлы, Қайырбек Асанов сынды ақындар, композитор Рамазан Тайманов, әнші Жеңіс Ысқақова, елші Қалыбек Қобландин сияқты елге белгілі тұлғалар шыңдалып шыққан. Осы орайда қасиетті қара шаңырақтың ұстаздарын, шәкірттерін ғасырлық мерейтойымен құттықтаймын. Зор шығармашылық табыстар тілеймін, – дейді ардагер-ұстаз.
Адам баласы өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспесе, бақытты болары хақ. Бұл – астарлы сөз болғанымен, ақиқатқа айналған ұғым. Айтса-айтқандай, Ұлбосын апайымыз да жар таңдаудан қателеспеген жан. Жолдасы Пазылхан адамгершілігі мол, ақ жарқын мінезді адам. Ол да – ұстаз. Дәлірек айтсақ, ұзақ жылдар бойы спорт саласында шәкірттер тәрбиелеп, абыройға бөленді. Ұстаздар отбасының балалары да мектепте үздік оқып, өмірде өз жолдарын тапты. Халықаралық қатынастар мамандығын меңгерген қызы Сымбат қазір Египетте, Каир қаласында тұрады. Ал ұлдары Асанхан мен Жандос заман талабына сай кәсіпкерлік саласына бет бұрды. Халыққа қалтқысыз қызмет жасап келеді. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!
Мектепте ұстаз, үйде ана Ұлбосын апай қарапайым еңбектен шабыт алатын. Қолөнер бұйымдарын жасайды, киім тігеді, бау-бақша егеді. Осының барлығы оның өмірге деген сүйіспеншілігін арттырып,өмір жолында өрге қарай жетеледі. Зейнеткерлік жасқа жеткен соң «ұрпағыма ұлағат болар» деп зердесіне жиғанын қағаз бетіне түсіріп, қаттай беретін. Жақында «Өмір – ғажап» атты көркем ойлы, көрнекті, естеліктер жинағы жарыққа шықты. Ұстаз еңбегі ұшан-теңіз! Оның барлығын бір мақаланың аясына сыйғызу мүмкін емес. Дегенмен, төл мерекеде ардагер ұстаздың мерейін өсірсек деген мезірет қана.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<