Ұжым ұйытқысы

1169

0

Ұрпақтың алғашқы тәрбие ошағы алтын бесік – отбасы болса, екіншісі – алтын ұя мектебі. Бұл екеуінің мақсат-мүддесі ортақ. Отбасы, ата-ана адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып жетілдірсе, адам бойындағы бар игі қасиет мектеп қабырғасында қаланады.

Осындай игі қасиеттердің адам бойында қалыптасуына ықпал етуші – ұстаздар қауымы. «Жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлт ұстазы Ы.Алтынсарин айтқандай, жүрегі мейірім мен шуаққа толы мұғалімнің әрбір күні, әрбір минуты бала жанына білім мен тәрбие, жақсылық пен жылу құюмен өтетіні белгілі.

Мен қызмет ететін №8 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатында да, ұстаздар қауымы үнемі ізденіс үстінде жүріп, шәкірттеріне жақсылықты үйретуден жалықпайды. Солардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, интернат меңгерушісі, кәсіподақ ұйымының төрайымы Құттықыз Айдарғазиева. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогика институтының қазақ филологиясы факультетінде білім алып, оны үздік дипломмен бітіріп, 2000 жылдан бері осы мектеп-интернатта үздіксіз жұмыс жасап келеді.

Өзінің пәніне деген қызығушылығы, қызметіне деген жауапкершілігі, заман талабына сай ізденімпаздығы, ұстаздың мектеп, облыс көлемінде көптеген жетістіктерге қол жеткізуіне себепкер болды. Ұжымда көшбасшы бола білген ұстаздың «Қазақ тілі сабағында ойынды пайдалану әдістері», «Қазақ тілі сабағындағы тіл ұстарту жұмыстары» атты жинақтары әдістеме болып таратылды.

Білгенін балаға үйретуден жалықпайтын ұстазды қашан көрсең де шәкірттері қаумалап қасында жүреді. Интернаттық мекеме болғандықтан, жатақханада облыстың барлық аудандарынан балалар жатып оқиды.

Ата-анасынан жырақта жүрген әрбір балаға өз баласындай мейірімі мен жүрек жылуын аямай, жүрегіне жол таба білетін нағыз еңбекқор, ізденімпаз, өзінің уақытын аямайтын, өзгенің уақытын бағалайтын ұшқыр ойлы жан. Әр бала отбасы жылуын сезінуі үшін оны өзіне жақын тартып сырласа алады. Жатақханадағы әр баланың отбасылық жағдайымен таныс. Ата-аналармен қарым-қатынасы өте жақсы, сыйластық деңгейі жоғары.

Құттықыз Әбдіғаниқызы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар мектеп-интернаттың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысады. 2011 жылдан бері мектеп-интернат бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып жұмыс жасап келеді. Ұжымдағы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына үнемі назар аударып, ахуалдың тұрақтылығын басты назарда ұстап отырады. Кәсіподақ саласындағы белсенділігі үшін 2021 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Жақсы адамдардың бойында ерекше бір қасиет болады. Олардың бойынан жан-жағына ерекше нұр, шуақ төгіліп тұрады. Жабырқаған адам жадырап, жасыған адам бойына қуат алатын, кез келген адамға қол ұшын беруге дайын Құттықыз Әбдіғаниқызы осындай жан.

      Берік ОРАЗБЕКҰЛЫ,

      №8 облыстық арнайы санаториялық

      мектеп-интернаты оқу бөлімінің хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<