Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін бар. Негізгі салалардағы жұмыс жоспар бойынша жүріп, Үкімет пен облыс қолдауының арқасында бюджет көлемі де өскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Жандос Еркінбек айтып берді.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жыл сайын артып келеді. Биылғы алғашқы жартыжылдықта негізгі көрсеткіштердің барлығы бойынша оң нәтижеге қол жеткіздік. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен атқарылған жұмыстардың нақты көрінісі. Осы жылға аудан бюджеті 9 млрд теңге көлемінде бекітілген болатын. Шілде айындағы нақтылау барысында 5,9 млрд теңгеге ұлғайтылып, жалпы 15 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ қаңтар-маусым айының қорытындысымен аудан бюджетінің түсімі 4,9 млрд теңге болып, жоспар 102,5 пайызға орындалды. Ал аудандық меншікті кірістер алғашқы алты айда 1,6 млрд теңге, бекітілген жоспардың орындалуы 108,4 пайыз. Нәтижесінде жергілікті бюджетке жоспарланған межеден 121,5 млн теңге артық қаражат түсті, – дейді аудан әкімі.
Қармақшыда биыл 24788 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның 11449 гектары – күріш. Сондай-ақ алғаш рет 733 гектар алқапқа дәндік жүгері тұқымы себілген. Бұған қосымша елді мекен тұрғындарының бақша егуі үшін 960 отбасыға 420 гектар жер бөлініп, қосалқы шаруашылықты дамытуға қолдау көрсетілді.
– Биыл ауданға 522,3 млн текше метр су лимиті бекітілген. Бүгінге дейін алқаптарға 311,2 млн текше метр су жеткізілді. Бұл – жоспардың 59,5 пайызы. Алда тағы 211,1 млн текше метр су алынады.
Екіншіден, мал шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер қалыптасуда. Осы жылдың алты айлық қорытындысымен барлық түліктің өсімі барын айтқым келеді.
Жалпы ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының басты қозғаушы күші. Сондықтан егін шаруашылығын әртараптандыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеміз, – дейді аудан басшысы.
Оның айтуынша, су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында 88,5 шақырымдық 12 каналды бетондауға жоба-сметалық құжат әзірленуде. Оның жалпы құны 26,7 млн теңге.
Ауданда инфрақұрылым жүргізу жұмыстары да нәтижесіз емес. Елді мекендерге «көгілдір отын» тарту, электр бағаналары мен желілерін жаңарту, жол салу мен әлеуметтік ғимараттар тұрғызу күн тәртібінен түскен жоқ.
– Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді табиғи газбен және сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тоқтамайды. Газдандыруға биыл республикалық бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, Иіркөл және Төребай би ауылдарына газ желілері тартылуда. Қазір аудан халқының 74,8 пайызы табиғи газдың игілігін көріп отыр. Жоспарланған жобалар толық іске асырылғаннан кейін бұл көрсеткіш 77,3 пайызға дейін артады. Сондай-ақ биыл 4 ауылдық округтің электр желілерін жаңғыртуға 1,7 млрд теңге қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін тозығы жеткен электр желілерінің 90 пайызы кезең-кезеңімен жаңартылады. Ал жолды күтіп-ұстау жұмыстарына 37,4 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме автомобиль жолдарын, жарықтандыру желілерін және жаяу жүргіншілер жолдарын жаңартуда. Ауданда 1,7 млрд теңгеге 5 көшеге күрделі жөндеу жүріп жатыр. Тағы бір жаңалық, 100 баспананың құрылысы басталып кетті, – дейді ол.
Жандос Еркінбектің айтуынша, облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» автомобиль жолының Қызылтам елді мекені тұсындағы теміржол арқылы өтетін көпірді күрделі жөндеуге 1,4 млрд теңге бөлінген. Қазір онда құрылыс жүруде. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен 38 көшені жөндеуге жоба әзірленген. Ал аудан орталығында теміржол өткелін салу жобасы бойынша барлық қажетті құжат рәсімделіп, тиісті мемлекеттік органдардың келісімдері алынды. Енді жобаны қаржыландыру мәселесі қаралуда. Аспалы көпірге 5,5 млрд теңге қажет.
Брифинг соңында аудан әкімі алдағы кезеңде тұрақты дамуды қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





