Республикалық байқауда топ жарды

292

0

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен республикалық «ASKHackDay» байқауында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері бас жүлдені иеленді. Шара маусым айында Astana IT университеті базасында өткен болатын. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында мобильді қосымшаны әзірлеуші университет мамандары баспасөз конференциясын өткізді.

– Жастарға жоғары оқу орындары, колледждер, гранттар, стипендиялар мен бос жұмыс орындары туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымша дайындау мақсатында «Қазақстанның студенттер Альянсы РСҚ» ҚБ «ASKHackDay: Mobile App» хакатонын өткізді. Осы жобаға қатысып бас жүлдені иемдендік. Бүгінде мобильді қосымшаны әзірлеуге кірісіп кеттік. Бұл қосымша жас түлектер мен мамандарға едәуір көмекші құрал болады деп сенеміз. Өйткені мұнда талапкерлер үшін республикадағы жоғары және орта оқу орындарындағы мамандықтар, оқуға түсу үшін қажет құжаттардың тізімі секілді пайдалы нұсқаулықтар көрсетіледі, – деді «Бизнес старт» Жастар кәсіпкерлік орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев.

– Мобильді қосымшаның басты бетінде оқу орындарына қатысты барлық мәліметтер толықтай көрсетіледі. Қай мамандыққа қандай ұпаймен түсу туралы да көрсетіледі. Бүгінде тіркелу жұмыстары аяқталды. Енді қосымшаның ішкі жұмыстары басталады, – деді жоба жеңімпазы Темірлан Абжанов.

– Университет атынан қатысып, жоба жеңімпазы атанғанымызға өте қуаныштымыз. Қазір негізгі дизайн жұмыстары басталды. Қосымша әзірге екі тілде, Қазақстан аумағында қолдануға арналған. Тамыз айының соңына дейін «Play Market» және «App Store» қосымшаларына толықтай орнатылады деп күтілуде, – деді ІТ маман, жоба жеңімпазы Айдос Елшібек.

Айта кетейік, жүлде қоры 3 миллион теңгені құрайтын хакатонға барлығы 40 команда қатысып, оның 8-і финалға шыққан.