Дәрігер мерейі

948

0

Атақ пен марапат азамат абыройына өлшем емес. Кейде «Құрметті азамат» атағының беделін осы марапатты иеленген азаматтар биіктетіп тұрады. Мәселен, белгілі хирург, травматолог-ортопед, рентгенолог дәрігер Қарасай Нұровты жұртшылық денсаулық сақтау саласының майталманы ретінде ерекше құрметтейді. Ол – Байқоңыр қаласының тарихында дәрігерлер арасынан «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атағын алған тұңғыш қазақ.

Осындай еңбек адамдарының жеткен жетістіктері – қашанда ел мерейі, ертеңгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Жарты ғасырға жуық ғұмырын адам өмірі үшін арпалыспен өткізген хирург 1956 жылы Арал ауданы Ақшатау ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Қызылорда ауылшаруашылық техникумының ветеринария бөлімін, 1986 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін бітірген. 1987 жылы Қызылорда облыстық ауруханасында хирург, ортопед-травматолог мамандығы бойынша интернатураны аяқтаған.

Қарасай Нұров дәрігерлік еңбек жолын 1987 жылы Ленинск, қазіргі Байқоңыр қалалық ауруханасында дәрігер-ординатор болып бастады. Кейін сонда хирургия бөлімінің меңгерушісі, Ресей Федералдық медициналық-биологиялық агенттігінің №1 медициналық бөлімшесінің хирургия және травматология бөлімінің меңгерушісі, Қармақшы ауданы Төретам ауылындағы емханада хирург дәрігер қызметтерін абыроймен атқарды.

Антына адал, міндетіне жауапты маман 2016 жылдан облыстық медицина орталығының Байқоңыр қаласындағы филиалын басқарып, 2019 жылы зейнетке шықты. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң да Байқоңыр қаласындағы көпсалалы аурухананың жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі болды. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласы көпсалалы ауруханасының консультативтік-диагностикалық бөлімінің меңгерушісі. Сондай-ақ, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, атсалысып, жастарға үлгі болып белсенділігін қай ортада болсын көрсетіп жүрген жан. Бүгінде Байқоңыр қаласындағы медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ, қалалық көпсалалы аурухана жанындағы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымын ашып, өзі басшылық етті.

Қарасай Нұров – өзінің дәрігерлік еңбек жолында мыңдаған жанды ажал аузынан арашалап, халықтың құрметіне бөленіп жүрген майталман маман. Алматы, Астана, Шымкент, Мәскеу, Курган, Волгоград, Киев және Минск қалаларының жетекші клиникаларында бірнеше рет біліктілігін арттырып, хирургиялық және травматологиялық операциялардың жоғары технологиялық әдістерін меңгерген. Салада 43 жылдай еңбек еткен ол өз мансабында 7 мыңнан астам ота жасады.

Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан білікті дәрігердің еңбегі бағаланып, әр жылдары Байқоңыр қаласындағы медицина саласына қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталарымен, Ресей Федералдық медициналық-биологиялық агенттігінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасының құрметті азаматы.

Мамандығына мансап деп қарамай, адамгершілік парызым деп білген ол 20-дан астам жас хирургты оқытты. Бүгінде шәкірттері Қазақстанда және шетелдерде табысты еңбек етуде. Байқоңыр қаласының медицина саласына зор үлес қосып, қалада тұңғыш қазақ медициналық мекемесінің ашылуына тікелей ықпал еткен ол әріптестерінен бөлек, аймақ халқының да құрметіне бөленіп келеді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<