Дара болмысты дәрігер

1244

0

Адам баласының кешкен ғұмыры оның елге еткен қызметімен және тәрбиелеп өсірген ұрпағымен мағыналы деседі. Соның айғағы болар, өмірінің ең бір шуақты кезеңін халыққа адал қызмет етуге арнап, адамгершілік биік болмысымен абыройға бөленген Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер, «Алтын дәрігер» құрметті атағының иегері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Сақы Қалыбаевтың есімі Сыр өңірі медицинасының тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Жалағаш аудандық денсаулық саласын отыз жылдан астам уақыт басқарған Сақы Ұзақбайұлы зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де  осы саладан қол үзбей, жас мамандарға ұстаздық ете жүріп, қоғамдық негізде атқарылатын көптеген жұмыстарға жетекші болды. Айталық, денсаулық саласы бойынша аудандық ардагерлер ұйымының басшысы, облыстық ардагерлер ұйымының пленум мүшесі ретінде медицина саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, абырой-беделін қалыптастыруға аянбай үлес қосты.

Алматы медицина институтының  санитария  бөлімін 1957 жылы бітірген жас маман алғашқы еңбек жолын Жалағаш ауданындағы СЭС мекемесіне дәрігер болудан бастайды. Ал 1963 жылы аудандық ауруханаға бас дәрігер болып, осы қызметті 35 жылдан аса атқарған. Сол студент кезінде  жұбайы Зағира апамызбен танысып, көп ұзамай шаңырақ көтереді. Екеуі де денсаулық саласының маманы, антына адал, ақ желеңдеріне дақ түсірмей, абыроймен қызмет ете білді. Осы тұста айта кететін бір жайт, олар қызметке келгенде аудандық ауруханада бірде-бір қазақ дәрігер немесе медбике болмаған, бәрі өзге ұлт өкілдері еді. Демек Сақы Ұзақбайұлы аудандық аурухана тарихындағы алғашқы қазақ дәрігер болды.

Бас дәрігер Сақы Ұзақбайұлының терең білімі мен табанды еңбегінің нәтижесінде ол басқарған жылдары аудандық денсаулық саласының қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейге көтеріліп, білікті дәрігерлер шоғыры қалыптасқан. Атап айтқанда, А.Балмаханов, М.Жаппасбаев, Т.Головатая, Ш.Дүйсекбаев, Е.Құрманбаев сынды дәрігерлерден бастап, Н.Оразов, Б.Құрманбаев, Ж.Бекішев, Х.Кәметов, А.Бектасов, Т.Жүсіпов, Ш.Әлібаев, Р.Смағұлов, Қ.Камалов, Ө.Аханаев, С.Сейтенов, Ж.Ыдырысов, Б.Мақтабаев, И.Нұрмаханов, М.Нұрсейітов, Б.Іздібаев, Р.Садықов, М.Жұмаділдаев, Б.Пірмаханов, О.Аханов сияқты мықты мамандардың дені әлі күнге дейін халықтың саулығы үшін ақыл-кеңесі мен іс-тәжірибелерін аянып қалмайды.

Антына адал дәрігер Сақы Қалыбаев туралы сала ардагері,  «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Тұрғанбай Маханов өз естелігінде былайша пікір білдірген екен:

«Мені алғаш жұмысқа қабылдаған, бірінші ұстазым – осы кісі. Ол кісіні көрген сәтте-ақ жүзі жылы, жан дүниесі жарқын, жүрегі жұмсақ, қайырымды, парасатты азаматтың алдында отырғанымды сезіндім. Олай дейтінім, барған бетте маған жұмыс орнымды, уақытша тұратын үйімді өзі көрсетіп, жалақыма дейін алдыма жайып салды. Көп басшылардың жас маманды бұлай қабылдауы сиректеу кездесетін жағдай…

Сәкең – жаратылысы, жан дүниесі ерекше адам. Ол кісі, шын мәнінде, әріптестеріне де, ағайын-туысқа да бірдей жылы жүрегімен, жібек мінезімен, ықыласты мейірімімен қарайтын. Ол өзін де өзгеге сыйлата білді. Бәлкім, бұл ол кісінің тектілігі болар».

Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Сақы Ұзақбайұлы 1966-1970 жылдар аралығында Қызылорда медициналық училищесінің Жалағаш ауданындағы филиалын ашып, жүздеген мамандардың медициналық білім алуына қолдау танытқан екен. Бұл сөзімізді ол кісінің жұбайы Зағира Сейтенова апамыздың қолындағы архив деректері айғақтайды. Ал, осы жылдары медициналық мамандық алған О.Байкемелова, Р.Боранбаева, К.Тәшенова, Л.Достиярова, Р.Қыстаубаева, С.Қонысова, Л.Пак сынды мамандар өңірдің денсаулық саласында зейнетке шыққанша еңбек еткен. Солардың бірі – Жалағаш аудандық орталық ауруханасында қырық жылдан аса аға медбике қызметін атқарып, халықтың құрметіне бөленген білікті маман Лилия Пак. Ол өзі еңбек еткен уақытта  айналасындағы  жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, адам өмірі үшін жауапты салада адал қызмет етуге баулыды. Жалағаш аудандық орталық ауруханасындағы ұзақ жылғы абыройлы қызметімен талай жанның дертіне араша болған анестезиолог-дәрігер Ақназар Бектасовты білмейтіндер кемде-кем шығар. Айтпағымыз, осы кісінің жұбайы Қанымкүл Шаханова да сол 1966-1970 жылы бас дәрігер С.Қалыбаевтың ықпалымен ашылған  Қызылорда медициналық училищесінің филиалында оқып, «медицина сестрасы» мамандығын алған екен. Осы мамандығы бойынша ол аудандық аурухана қабырғасында үздіксіз еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шықты.

Тағы бір айта кетерлігі, ол уақытта партия ұйымының тапсырмасымен,  барлық мекеме басшыларына өз міндетінен бөлек қоғамдық жұмыстар да жүктелетін. Соның бір көрінісі, құрамында білікті мамандары бар, дәрі-дәрмекпен жабдықталған медициналық бригада егін-мал шаруашылығы бағытында Қарақұм, Қызылқұм және Қараөзек бойында қоныстанған жұмысшыларға тұрақты қызмет көрсететін. Осылайша ауылдық жерлерде медициналық қызметтің тапшылығын білген бас дәрігер Аққыр, Мәдениет, Бұқарбай батыр ауылдарынан медпункттер ашылуына ықпал етті.

Өткен жылы осы әулеттің келіні, қаламгер Зайра Қалиасқарқызының авторлығымен Қазақ ССР-не еңбегі сіңген дәрігер С.Қалыбаевтың саналы өмір жолын баян еткен «Ғибратты ғұмыр» атты кітап жарыққа шықты. Онда бас дәрігердің замандастары, әріптестері және ағайын-туыстарының ыстық ықыласқа толы  естеліктері жинақталған.

Ғұмырының басым бөлігінде ат үстінде жүріп, іргелі саланы абыроймен басқарған Сақы Ұзақбайұлының қызметтегі келбеті ғана емес, қарапайым тіршіліктегі болмысының өзі көпке үлгі болатын. Отбасы, ағайын арасының ынтымағына, ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын. Сондай-ақ, бау-бақша егіп, соның жемісін татуды өмірлік ұстанымына айналдырған. Жан серігі Зағира апайдың естелігіндегі мына сөздер де ол кісінің жайдары, жарқын келбетін көз алдыңа келтіреді:

«Кей кезде, кешке жарық өшіп қалғанда әдемі, қоңыр дауысымен ән салғанда үй іші кішігірім концерт залына айналар еді. Немерелеріне өлең оқытып, би билетіп, қылықтарына мәз болатын. Балаларын кішкентайынан еңбекке баулыды. Білегін сыбанып, бақшада бір мезгіл еңбек ету ол үшін жан рахаты еді. Әсіресе, жолдастарымен көңілді демалыс ұйымдастырып, аңға шығып, құс, балық аулап, табиғат аясында тынығудан ерекше әсер алатын…»

Жоғарыда айтып өттік, адам баласының сүрген өмірінің мағынасы – оның еткен еңбегі мен ізін жалғастыратын ұрпағы. Осы тұрғыдан келгенде, ол кісінің елге сіңірген  елеулі еңбегі ақталды десек болады. Сондай-ақ, ұрпақтары да әке жолын абыроймен жалғап, әр салада жемісті қызмет етіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, өз міндетін мінсіз атқара білген білікті дәрігердің бірегей болмысы жұртының жүрегінен өшпестей орын алды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<