Кеселмен бетпе-бет күрескен

1158

0

Дәрігердің берген нұсқамасын қалт жібермей, өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын мейірбикелердің еңбегі орасан. Таңсәріден жұмысқа келіп, кешке дейін міндетін атқарған соң, келесі ауысымға науқастарды аман-есен табыстау керек.

Бұл және күнделікті қайталанатын тірлік. Гиппократ антына берік, таңдаған мамандығынан еш жалықпаған Алмагүл Нұрғалиеваның облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында мейірбике болғанына 40 жылға жуық уақыт болыпты.

Ол 1985 жылы Қызылорда медициналық училищесінің «Мейірбике ісі» мамандығын тәмамдап, сол жылы қалалық аурухананың реанимация бөлімінде еңбек жолын бастайды. Бір жылдың ішінде аға мейірбике атанады. 1989 жылдың тамыз айында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ашылып, қалалық және облыстық ауруханалардың жұқпалы аурулар бөлімшелерінде жұмыс жасайтын мамандар сол жерге ауысады.

Екі жылдан бері адамзат баласын әбігерге түсірген пандемиямен күресте алдыңғы шептен көрінген осы жұқпалы аурулар ауруханасының мамандары.  Әрбір науқасқа жеке-жеке күтім көрсету, оның жағдайын сағат сайын бақылау, дене температурасын өлшеп, дәрісін егу секілді жұмыстарды 12 сағат бойына тікесінен-тік тұрып атқару нағыз ерлікке тең еді. Алмагүл Қалыбайқызы сол қиын сәттердің енді қайталанбауын тілейді.

– Біздің бөлімшеге коронавируспен ауырып түскен адамдар көп болды. Олардың тағы қосымша диагноздары бар. Жоғары қан қысымымен, қант диабетімен, қатерлі ісікпен ауыратын науқастар да кездесті. Әр мейірбикеге 20 науқастан жауапкершілігіне жүктелді. Үстімізге киген қорғаныш киім, қолдағы қолғап, аяқтағы зіл батпан етікпен ми қайнатар ыстықта ас-сусыз жұмыс істеген күндер де өтті. Денсаулық үшін күресіп жатқандар ішінде  біреудің анасы, әкесі, баласы, қызы бар. Барлығына да өзіміздің туысымыздай жанашырлықпен қарап, реанимация бөлімшесіне түсіп қалмауын қадағаладық. Елімізде ендігі жерде мұндай ауыр  кезең  қайталанбасын, – дейді мейірімді жан.

Берекелі отбасының ұйытқысына айналған Алмагүл апайдың жолдасы Ғани Көпешов «Қорқыт ата» әуежайында жұмыс істейді. Үш перзентті өсіріп, бағып-қаққан. Үлкен ұлы Жандос пен Айдос Алматы қаласында тұрады. Кенже баласы Бекзат – 11-сынып оқушысы. Әділет және Аяла есімді немерелері көз қуанышына айналған.

Бүгінде тәжірибесі толысқан маман  өзінен кейін де аға мейірбикелерді дайындап шығарған. Атап айтар болсақ, Қаншагүл Әбішева, Гүлмира Ерғалиева, Алена Пак секілді мақтан тұтар шәкірттері бар. Сонысымен де өмір мәнді әрі мағыналы болмақ.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<