Күйік жарақаты көбейіп тұр

1539

0

Атқарылып жатқан алдын алу іс-шараларына қарамастан, балалардың термиялық күйік алу жиілігі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, термиялық күйікпен зақымданған науқастардың 13,8%-дан 75,3%-ын балалар құрайды екен. Мәселен, Ресейде жылына 500 мың адамды күйік шалса, оның 40%-ы балалардың үлесінде. Қазақстанды алатын болсақ, жылына 5000 бала күйікпен стационарлық ем алады, ал олардың әрбір 4-і шокпен асқынған. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) мәліметі бойынша Еуропада күйік жарақат алған балалар өлімінің себебі ретінде 3-орында тұрса, ал Мафлютов және т.б. авторлардың айтуынша, күйік жарақатын алған балалардың өлім көрсеткіші 1,2-10% аралықта. Сондай-ақ термиялық күйік – ургентті (шұғыл) медицинада өзекті ғана емес, әлеуметтік-экономикалық мәселе.

Заманауи медицинаның жетістіктеріне қарамастан, термиялық күйікті емдеу – балалар хирургиясы және анестезиологиясы саласындағы күрделі түйткіл. Ересектердегі күйік жарақатын емдеуде едәуір жетістіктер бар, бала жасындағы ауруларда бұл мәселенің көптеген тұсы әлі нақты шешімін таппаған. Сондай-ақ толықтай зерттеуді, қолданыстағы емдік тәсілдерді жетілдіре түсуді қажет етеді.

Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының термиялық күйікпен жарақаттанған балаларды емдеу нәтижесіне келсек, 2019-2023 жылдар аралығында нейрохирургия, травматология, ортопедия бөлімшесіне 0 жастан 18 жасқа дейінгі термиялық күйік алған 596 бала түсті.

Олардың 313-і – ауруханаға күйгеннен кейінгі алғашқы сағатта, өте ауыр жағдайда келіп түскен науқастар. Балалардың жағдайының ауырлығы І-ІІІ сатыдағы шокпен асқынған, эксикоз, токсикоз белгілерімен көрініс берген, 6 балада жедел жүрек-қан айналымы және тыныс жетіспеушілігі анықталған.

Қабылдау бөліміне қаралған науқастарға сараптама жасайтын болсақ, жалпы 5 жылда 1524 бала жарақат бекетіне күйік алып қаралған. Науқастардың 946-сы, яғни 62%-ы – 1-5 жастағы балалар, 18%-ы (281) – 6-14 жастағы науқастар, 251-і – 0-1 жастағы балалар және 4%-ы – 15-18 жастағы балалар. Көріп отырғандарыңыздай, мұндай жарақатпен 62% 1-5 жастағы балалар зақымдалатыны анықталды.

Өткен жылы 2019 жылмен салыстырғанда жарақат бекетіне қаралатын күйік алған науқас саны 44%-ға артқан, яғни балалар көп зардап шегетінін байқауға болады. Қабылдау бөліміне қаралған әрбір 3 науқастың біреуі стационарлық емге жатқызылады. Денесінің 5%-дан жоғары бөлігі зақымдалса, дененің 1%-ы ІІІ дәрежелі күйік жарақатын алған болса да, қимыл-қозғалысқа әсер ететін буын, шокогенді аймақтардың күйігінде және күйік шогын алғанда ауруханаға түседі. Жалпы жарақат бекетіне қаралған 1524 науқастың 596-сы стационарлық емге жүгінген, ол өз кезегінде 40% құрады.

Жалпы зерттеу бойынша жас ерекшеліктеріне қарай, 1-5 жастағы балалар өте жоғары, 0-1 жастағы балалар жоғары, 6-14 жастағы балалар орташа, 15-18 жастағы балалар төмен қауіп тобына жататыны анықталды.

Жатқызылған науқастардың жас ерекшелігіне қарасақ, 337-сі – 1-5 жастағы балалар, 147-сі – 0-1 жастағы, 96-сы – 6-14 жастағы, 16-сы 15-18 жастағы балалар. Зерделеу нәтижесінде балалар қорғану қызметі және психикалық дамуы әлсіз кезең, яғни 1-5 жаста күйік жарақатына жиі шалдығатыны анықталды.

Жалпы кейінгі 5 жылда реанимация бөлімінде 313 науқас күйік шогымен және күю диагнозымен ем қабылдаған. Науқастардың 52%-ы реанимация бөлімі арқылы өткен, өлім-жітім тіркелмеген.

Тері ауыстыру отасы 224 балаға жасалды, яғни жарақаты терең балаларға оперативті ем жүргізілген. Кейбір науқастарға аутодермопластика отасы кезең-кезеңімен бірнеше рет жасалады. Денесінің 80%-ы күйік шалған науқас 120 күн стационарлық ем қабылдады, оған 47 рет жалпы жансыздандырумен байлап-таңу және 17 рет аутодермопластика отасы жасалды. Ауруханада алғаш рет теріні бастан алу әдісі қолданылды.

Қанат Медетбаев,

көпбейінді облыстық балалар ауруханасы «Нейрохирургия, травматология, ортопедия» бөлімінің меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<