Отыз апталық жүктілік кезінде отаға түсті

1289

0

Айы күні жақындап, баламды ертерек бауырыма алсам деп отырғанда жүкті келіншек қалалық көпбейінді аурухананың ота жасау бөлімінен бір-ақ шықты. 1998 жылы туған жүкті әйел қабылдау бөлімінде толық қаралған. МРТ қорытындысымен «Өт-тас ауруы. Жедел калькулезді (тасты) холецистит. Механикалық сарғаю. Жүктіліктің 30 аптасы» диагноз қойылып, хирургия бөліміне жатқызылған. Келіншекке хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары білікті дәрігер Бауыржан Жұмандықов жергілікті жансыздандыру арқылы эндоскопиялық тәсілмен литоэкстракция отасын жасады.

− Ота сәтті өтті. Өт жолына жиналған, әрі сарғайған 06 см тас алынды. Ота кезінде шарана өміріне қауіп төндірмес үшін барлық медициналық сақтық шаралары жасалды. Дер кезінде ота жасалмағанда босану кезінде қиындықтар орын алып, сәби өміріне де қауіп төнуі мүмкін еді. Қазір әйел хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Өзінің де, шаранасының да жағдайы қалыпты, − деді хирург Бауыржан Әнуарбекұлы.

         Отыз апталық жүктілік кезінде отаға түскен жас анамен онлайн байланысып, жағдайын сұрадық. Бұл Зағипаның үшінші жүктілігі. Қиындықтың артта қалғанына қуанып, шүкіршілік айтты. «Өт жолы бұған дейін мазаламап еді. Құрсақтағы бала өсе бастаған соң ауыра бастады. Тас барын, ота жасау керектігін айтқанда қатты қорықтым. Дәрігер уайымдамауымды, балаға менің көңіл-күйім қатты әсер ететінін ескертті. Үйде кішкентай екі балам бар. Алладан жәрдем тіледім. Шүкір, барлық қиындық артта қалды. Қазір жағдайымыз жақсы», − дейді ол.

Гүлбану МАҚАЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<