Остеопатияның негізі қаланғанына 130 жылдан асты. Ал Қазақстанға келгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Оны аутизм, ДЦП, эпилепсия, сколиоз диагнозы қойылған, постравмалық, постинфекциялық жағдайдағы, омыртқа, бас және ішкі органдарға қатысты шағымданған науқастарға қолданады.
Адамды дәрі-дәрмексіз емдеудің ерекшелігі туралы балалар остеопаты, травматолог-ортопед, реабилитолог, медицина ғылымдарының магистрі Олжас Ахметовпен сұхбатта кеңірек айтамыз.
– Адамды дәрімен емес, саусақпен емдеу остеопатияның артықшылығы сияқты. Бұл бір жағы халық еміне келіңкірейді екен. Екеуінің басын ашып алайықшы. Остеопатия деген не, сіздерге кім қандай ауру түрлерімен жүгіне алады?
– Остеопатия – медицинаның адам ағзасындағы құрылымдық және функционалдық тепе-теңдікті қолмен реттейтін бағыты. Біздің басты мақсатымыз – дененің өзін-өзі қалпына келтіру қабілетін ояту. Бұл әдіс халық еміне ұқсағанымен ғылыми негізге сүйенеді. Остеопатия анатомия, физиология, неврология сияқты классикалық медицинаның терең білімін талап етеді.
Бізге көбіне кеш дамып келе жатқан балалар (ЗПР, ЗРР), аутизм спектрі бұзылысы (АСБ), церебралды сал ауруы (ДЦП), гипоксия салдары, босану жарақаттары, мойынның қисаюы (кривошея), тіпті іш қату, ұйқы бұзылысы, мазасыздық сияқты мәселелермен келеді. Әр балаға кешенді түрде қарап, оның жүйке, бұлшықет және сүйек жүйесінің үйлесімді жұмыс істеуін реттеуге тырысамыз.
– Остеопатияның қысқа курсын оқып алып та адам емдеп жүргендер бар екен. Өзіңіз қайда білім алдыңыз? Бұл сала несімен қызықтырды?
– Қысқа мерзімді курс бітіріп, остеопатия саласында еңбек етіп жүргендер бар. Остеопат болу үшін медициналық базалық білім маңызды. Өйткені біз жүйке жүйесімен, бұлшықеттермен, сүйек-буын құрылымдарымен жұмыс істейміз. Өзім медицина саласында 15 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмын. Остеопатияға келуімнің басты себебі – жеке тәжірибем. Тұңғыш қызым 30 апталық болып дүние есігін ашты. Оның денсаулығын жақсарту үшін түрлі медициналық әдістерді зерттей бастадым. Остеопатияның балаларға әсерін көріп, оны тереңірек меңгеруге бел будым.
– Қызыңызға көмектесе алдыңыз ба?
– Иә, Аллаға шүкір! Қызым өмірге келгенде салмағы 1400 грамм ғана болатын. Босандыру палатасынан бірден реанимацияға түсті. Өзім дәрігер болғандықтан егер оған қазір көмектеспесем, соңы неге ұласатынын жақсы түсіндім. Сондықтан баламның денсаулығын жақсартудың, оны қолдаудың мүмкін жолдарын іздей бастадым. Осылайша остеопатиямен танысып, бұл саланың қаншалықты тиімді екеніне тәжірибемде көз жеткіздім. Қызымның жағдайын жақсартуға септігім тиді. Бұл менің остеопатияға қызығушылығымды арттырып, осы жолды таңдауыма себеп болды. Қазір де дәл осындай қиындықтарға тап болған ата-аналар мен олардың балаларына көмектесуге барымды салып келемін. Үздіксіз оқып, біліктілігімді арттырып жүрмін.
– Жақсы болған екен. Балалармен жұмыс істеудің қиындығы сол, өздері я тілі шықпаған, я жарытып ештеңе айта алмайды. Тәжірибеңіздегі есте қаларлық бір-екі жайтты айтып берсеңіз. Балалардың ата-аналары аурудың көбіне қандай сатысында жүгінеді?
– Балалармен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Олар не мазалап тұрғанын нақты айта алмайды. Сондықтан біз олардың дене белгілеріне, қимылына, эмоцияларына назар аударамыз.
Бірде анасы үш жасар баласын алып келді. Бала сөйлемейді, көзге тіке қарамайды, жиі ашуланады. Ата-анасы уақыт өте өзі сөйлеп кетеді деген оймен күтіп жүре берген. Баланы тексергенде оның мойын аймағы қысылғанын анықтадық. Соның салдарынан миының кейбір бөліктерінде қан айналымы дұрыс жүрмей тұрған. Бірнеше сеанстан кейін бала назар аударып, ести бастағандай болды. Бір айдың ішінде алғашқы сөздері пайда болды.
Ата-аналар бізге баланы көбіне кеш алып келеді. Өйткені өскесін өзі-ақ қояды ғой деп ойлайды. Бірақ баланың дамуында қандай да бір ерекшелік байқалса, уақытты текке жоғалтпай, маманға жүгінген жөн.
– Осы күндері ДЦП, аутизм, ЗПРР сияқты диагноз жиі қойылатын болды. Баяғыда атын естімеген аурулар неге белең алды?
– Бұл диагноздар бұрын да болған. Бірақ қазіргі кезде оларды анықтау әдістері жақсарды. Балалардың даму ерекшеліктері ертерек байқалып, дер кезінде диагноз қойылып жатыр. Бұған қоса қоршаған орта, тамақтану, экология, стресс деңгейі секілді факторлар да әсер етпей қоймайды. Бұрын балалар бос уақытын қозғалыста өткізсе, қазір телефон мен планшетке көп уақыт бөледі. Бұл олардың сенсорлық даму қабілетін тежеп, жүйке жүйесіне әсер етеді.
– Кейбір аурулардың көбеюіне телефонның әсері барын өзіңіз де айтып отырсыз. Бұл қаншалықты дәлелді? Телефоннан енді ажырай алмайтынымыз анық, өзіміздің, балалардың денсаулығын қалай сақтаймыз?
– Телефон мен планшеттің балаға әсері туралы зерттеулер жетерлік. Ұзақ уақыт экранға қарау көздің көру қабілетінің, ұйқы сапасының бұзылуына, жүйке жүйесінің қозуына әкеп соғады. Әсіресе, оң-солын танып үлгермеген балалардың миы сыртқы тітіркендіргіштерге өте сезімтал. Сондықтан экранға тәуелділік олардың сөйлеу, ойлау, эмоционалдық дамуын баяулатуы мүмкін. Бірақ бұл – заман талабы. Сондықтан телефонды мүлдем алып қою мүмкін емес. Оның орнына баланың күн тәртібін реттеп, телефон уақытын шектеу керек. Мысалы, 3 жасқа дейін телефонды мүлдем бермесе, 6 жасқа дейін күніне 30 минуттан аспағаны дұрыс.
– Анасының көңіл-күйі баласына беріледі деседі. Кішкентай пациенттеріңіздің арасында ауруы анасына тікелей байланысты жағдайлар кездесе ме? Ана да, бала да сау болуы үшін қандай кеңес бересіз?
– Анасының эмоционалды жағдайы балаға тікелей әсер ететіні шындық. Перинаталды кезеңде ананың күйзелісі баланың жүйке жүйесінің дамуына ықпал етеді.
Менің тәжірибемде мазасыз, жиі жылайтын, ұйқысы бұзылған балалар көп кездеседі. Олардың аналары көбіне жүктілік кезінде стресс, қорқыныш, шаршау сияқты қиындықтарды бастан өткерген. Сондықтан әйелдерге өздерін күтіп, психологиялық денсаулығына мән беруге кеңес беремін. Бала сау болуы үшін, ең алдымен, ана бақытты болуы керек. Дұрыс тамақтану, жеткілікті демалу, эмоционалды қолдау – бәрі маңызды. Егер ана өзін жақсы сезінсе, ол баласына да жағымды әсер етеді.
– Балалардың тілі көбіне кеш шығатын болды. Кейін сөйлеп кетеді ғой деп күту дұрыс па?
– Баланың сөйлеуінің белгілі бір даму кезеңдері бар. Егер 1 жасында баланың алғашқы сөздері болмаса, 2 жасында 20-30 сөз айтпаса, 3 жасында қарапайым сөйлем құрай алмаса – бұл маманға қаралуға себеп.
Ата-аналардың басым бөлігі кейін сөйлеп кетеді деп күтіп, уақытты зая кетіреді. Шындығында, сөйлеу қабілетінің кеш пайда болуы көбінесе неврология, бұлшықет немесе қан айналымындағы бұзылыстармен байланысты болуы мүмкін. Бала дер кезінде сөйлеу үшін оның моторикасын, естуін, эмоционалды байланысын дамыту қажет. Егер ата-ана күмәнданса, остеопатқа, логопедке немесе неврологқа дер кезінде апарғаны дұрыс.
Балалар денсаулығы – үлкен жауапкершілік. Ата-аналар ұл-қызының бойынан қандай да бір ерекшелікті байқаса, уақытында маманға жүгінуі керек. Остеопатия – кешенді әдіс, ол баланың табиғи дамуына көмектеседі. Ең бастысы, балаға сеніммен қарап, оны дамытуға қолайлы жағдай жасау қажет.
– Балалар ауырмасын! Уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<