Жағдай бейқамдықты көтермейді

1003

0

Күн өткен сайын коронавирус жұқтырғандардың саны артып, мамыр айының соңынан бастап көрсеткіш күрт өсті. Вирустың жазға да, күзге де қарамайтыны белгілі болды.

Ауру адам таңдамайды. Әлемге таралған індеттің ілмегінен құтылатын бір ғана дәрісіз ем бар. Қырық жылдан астам денсаулық сақтау саласында еңбек еткен, облыстық медицина ардагерлер кеңесінің төрайымы Раиса Көзденова «ол – оқшаулану, жеке гигиенаны және көпшілік арасында арақашықтықты сақтау» дейді.

– Соңғы күндері ауру белең алып барады. Оны cіздер де, біз де байқап отырмыз. Еліміздің басты байлығы адам және оның денсаулығы десек, қазіргі мақ­сатымыз ең басты байлы­ғымызды сақтау болып тұр. Сон­дықтан індеттің жылдам таралуы мені алаңдатады. Жалпы тарихта талай рет пан­демия болып, қаншама адам дертіне дәру таба алмай, өмірден өт­кенін білеміз. Ата-баба­ла­рымыз халықты қынадай қыр­ған мұндай жағдайға «нәубет» деп айдар тағып, сақ­­танып отырған. Облыс тұр­­­ғын­дары мен қонақтарын осы індеттен сақ болуға шақы­рамын. Қазіргі жағдай бейқам­дықты көтермейді, – деді ардагер.

Раиса Әбдешқызы әр адам өзін өзі сақтандырып, қарапайым ережелерді қатаң ұстануы қажеттігін де атап өтті.  Иә, бірнеше айға созылған пандемия маска қолдану, арақашықтықты сақтау, антисептик пайдалану сынды қиын емес талаптарды сақтанбаса болмайтынын, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болып негізсіз пікір айтудан аулақ болу керегін аңғартты. Себебі, ауру симптомы сезілмейтін науқастардың өзі вирус тасымалдап, жақындарына қауіп төндіруі мүмкін. Бүгінде әлем елдерінің карантин талаптарын күшейтіп, дабыл қағуы бекер емес. Өйткені, миллиондаған адамға жұққан індеттің бетін қайтаратын вакцина әлі де табылған жоқ.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<