Жүкті әйелдер ауру жұқтырған

1114

1

Ана мен баланың есен-саулығы – еліміздің басты құндылығы. Осы
құндылықты қорғауды басты міндеті еткен облыстық перинаталдық орталық қызметкерлері пандемия кезінде тіпті қауырт жұмыс режимінде еңбек етуде. Карантиндік шараларды сақтана отырып орталықта 15 наурыздан бері барлығы 3074 ана босанса, оның ішінде 11 әйелден COVID -19 диагнозы анықталды.

Соңғы 9 күнде 8 жүкті әйел COVID-19 диагнозымен босанды. Оларды босандыруға Ақмарал Жанәбіл, Жанар Нұрымбетова, Айнұр Әжі­мұрат, Дана Нұртазаева, Ақбота Қоңқабаева сынды дәрігер, акушер-гинекологтар атсалысты. Ал акушерлер Айгерім Еңсепбаева, Ғалым­жан Құдайберген ана мен баланың аман-есен болуына, толғақ басталғаннан бастап босануына дейін көп жұмыс атқарды. Одан кейін нәрестенің жағдайын қадағалауға Рау­шан Балтаева, Мақпал Керейт­байқызы, Шынар Қасымова неонатологтар, мейірбикелер қатысып, баланың жағ­да­йының тұрақтануына үлкен үлес қосты.


Өздеріңізге белгілі, бүгінде әлем елдері үшін ортақ індетке айналған COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны артуда. Сол себепті ана мен баланың қауіпсіздігі мен індеттің алдын алу үшін маңызды шешімдер қабылданып, тиісті шаралар дер кезінде атқарылуда. Осы­­ған сәйкес карантиндік шек­теулер қатаң сақталып жатыр. Орталықтың екі ғима­ратында да науқастардың күнделікті COVID-19 ­ау­р­уы­на күдікті науқастармен байланысын бол­дырмау мақ­сатында фи­льтр-изолятор қыз­­меті жал­­ға­сып, екінші ғимара­ты­­мызда провизорлық ста­­ционар қайтадан ашылды.

Науқастарға, қызмет­керле­рі­мізге түсіндірме жұмыс­тары жүргізілді. Коронавирусқа кү­­­дікті босанушы келгенде медицина қызметкерлері өзін-өзі қорғау мақсатында обаға қарсы І-типтік костюм (ПЧК) жиынтығын пайдаланады. Қа­зіргі таңда орталықтың про­визорлық стационары бар­лық құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен, жеке қор­ға­ныш құралдарымен қам­тылған.


Жалпы облыстық перина­талдық орта­лығында 620 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 35-40%-ке жуығы жастар. Пандемия кезінде өмірлерін қауіпке тігіп, қыз­мет істеген мамандарымыз мемлекет тарапынан қол­дау тапты. Дәрігерлер, аку­шер, мейірбике, тазалық­шыла­ры­мызға провизорлық ста­ционардан үстемеақы төленіп отыр. Сондай-ақ, жақында өткен Медицина қыз­мет­керлері күнінде орта­лық дәрі­герлері Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс­тық ден­саулық сақтау бас­қар­ма­сы­ның Құрмет грамота­сымен, Алғыс хатта­рымен мара­патталып, ақ­­шалай серти­фикаттарға ие болды.


Қазіргі кезде облыста ауру өршіп тұр, яғни, індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Халық сақтық шараларына салғырттық та­нытып, тиісті органдар та­лап­тарына, кеңестеріне құ­­­лақ аспауы облыста эпиде­мио­ло­гиялық ахуалдың күрде­ленуіне себеп болып отыр. Сондықтан әрбір тұрғын маман­дар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орын­даса, инфекцияның да таралуын тез тоқтатуға бо­лады. Бірақ тұрғындарымыз қауіп­сіздік шараларын сақ­тамай жатыр. Әрбір адам­ның өз денсаулығы өзіне керек, әсіресе, жүкті әйелдер өздерінің денсаулықтарына асқан жауапкершілікпен қа­рауы тиіс. Көпшілік жерге бармау, үйге қонақ шақырмау және сақтық шараларды қатаң ұстап, ережеге бағынуы керек.

Соңғы бір аптаның ішінде симптомдары жоқ, бірақ анализ алғанда оң нәтиже (положи­тельный) көрсеткен 9 жүкті әйелдің 8-і босанды. Егер әйелде оң нәтиже көрсеткен жағдайда босанғаннан кейін тубдиспансер ­санатория­сына және жұқпалы аурулар ауру­ханасының карантин ста­цио­нарларына жатуы керек. Себебі олар туған-туыс­­қандарына жұқтыруы мүмкін. Бірақ босанушы әйел­дің ағайындары каран­­тиндік стационарға жі­беруге қарсылық білдіріп жатқан жағдайы бар. Одан бөлек, баланы да бірге алып кеткісі келеді, ал ол карантин стационарына баланы апар­маған жөн. Орталықта баланы тексеріп, жақсы болып жатса, үйлеріне, таза жерге жіберу керек. Осыны халық түсінеді деген ойдамыз.


Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.

Гүлнар ЖҰМАШЕВА,

облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<