Қазалының өнімдері экспортқа шығарылуда

1400

0

«Еңбектің наны тәтті…». Таяуда Қазалы ауданында өткізілген ауылшаруашылық еңбеккерлерінің мерекесі осы сөздің құндылығын тағы бір әйгілей түсті.

– «Берекелі жерден мереке кетпес» деген бар. Мол өнімнің биігінен көрін­ген қазалылықтар осы дәс­түрді сақтай отырып, тағы бір берекелі жылды табыс­ты қорытындылап отыр. Нәти­­жесінде Қаза­лы ауданы облыс­та жыл­дың қоры­тын­дысымен жеңім­паз­дар қата­рынан көрініп, ауыл шар­уа­шылығы өнімдерін өң­деуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерін, Минис­трліктің «Құрмет грамотасын» иеленді. Бұл – дала еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет, осы салада қызмет етіп жатқан барша азаматтардың  жемісі деп білемін, – деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сол салтанатта.

Сондай-ақ Қазалы ауданы мен Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов та өзінің ақ тілегін жеткізді.

Мерейлі сәтте  күріш­тен мол өнім алған шаруа­шы­лықтар да марапаттан қалыс қалмады. Мәселен, «Агро Өркен» ЖШС 1-ші дәрежелі, «РЗА-Агро» ЖШС 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев жетекшілік ететін «Сыр маржаны» ЖШС «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясын  ие­ленді.

Жыл басынан бері Қазалы ауданында 10,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 15 мың тоннаға жуық бау-бақ­ша өнімдері алынса, 3 мың тоннаға жуық күріш Ресей, Украина, Тәжікстан мен Өзбекстанға экспортталған. Мұнан бөлек, 1 мың тоннадан астам балық өнімдері Германия, Дания, Грузия, Қытай мемлекеттеріне экспортқа шы­ғарылыпты. Машина-трактор паркін жаңа  техникамен толықтыру да ілгерілеп отыр.

Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда әртарап­тандыру бағы­тындағы дақылдардың көлемі 452 гектарға артқан. Соның ішінде жаздық бидай 144, арпа 108, сүрлемдік жүгері дақылы  200 гектарға өскен. Қазалыда  егін шаруашылығымен қатар  мал шаруашылығын дамыту бағытында да оңды істер бар.

– Бүгінгі таңда мемлекет қолдауымен аудандағы түрлі шаруашылықтар 595 млн теңге несие алып, 2000 бас­тан астам төрт түлікті сатып алды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Малды өсірумен қатар, өнімін өңдеу және терісі мен жүнін шикізат көзі ретінде пайдалану мүмкіндігін қарауымыз керек, – деді аудан басшысы және бір сөзінде.

Аудан  тұрғындарын жер­гілікті жерде өндірілген өнім­дермен қамтамасыз ету үшін  «АгроОптСервис» ЖШС та­рапынан сыйымдылығы 500 тонна болатын «Көкөніс өнім­дерін сақтайтын қойма» са­лынған болатын.

Қазіргі таңда қоймаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінген. Қойма құрылысы толық аяқталғанда азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын қам­тамасыз ету мүмкіндігі арта түсетін болады.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<