Тереңөзекке табиғи газ берілуде

658

0

Тереңөзек кентін газдандыру жұмысы өткен жылдың соңында толығымен аяқталды. Жоба құны 2 миллиард 150 миллион теңгеден асады. Кентке 6 газ тарату шкафы орнатылды. Барлық ғимараттар мен жеке тұрғын үйдің ауласына дейін құбыр тартылды.

– Бүгінде кентте 280 жеке тұрғын үйде газ құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Соның 160-ы газға қосу туралы өтініш берді. Көпшілігі ауданға газ жүргізіліп жатқаннан монтаждау жұмыстарын жүргізгендер. Ақпанның басында газ желісіне жақын орналасқан шкафтарға газ барды. Сол маңдағы үйлер бірінші болып қосылды. Қазір алты газ тарату шкафына да көгілдір отын барып тұр. Кезектілікпен, құжаттары рәсімделген тұрғындарға газ берілуде, – деді Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев.

Жалпы, тұрғындар көгілдір отынға қосылу үшін екі түрлі өтініш береді. Біріншісі техникалық шарт алу үшін, екіншісі көгілдір отынға қосуға байланысты. Өтінішке үйдің құжаттары, меншік иесі екенін растайтын анықтама, мемлекеттік актісі, техникалық паспорт, тұрғын үй иесінің жеке куәлігі, жер учаскесінде орналасқан тұрғын үйдің сызбасы қоса тігіледі. Өтініш қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде «Қызылорда газ тарату жүйесі» мекемесі тарапынан техникалық шарт беріледі. Ал монтаждау жұмыстарымен кентте 6 мердігер мекеме айналысуда. Олар шамамен үш жұмыс күні ішінде әзірлейді. Бұл кезеңдегі жұмыстардың құжаттарын мердігер мекеме дайындайды. Оның ақысы мекеме мен тапсырыс беруші арасында келісіледі.

– Газ пештерін қоспағанда монтаждау жұмысының ақысы шамамен 90 мың мен 115 мың теңгенің аралығында. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жеңілдіктер жағын қарастырып жатырмыз. Жақында бір кәсіпкер екі үйге газ монтаждау жұмыстарын жүргізіп берді. Кенттегі көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесу өткізудеміз. Барлық талапты сақтай отыра көгілдір отынға қосу мәселесін қарастырудамыз, – деді Сырдария аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ержан Бахтияров.

– Газ қысымы өзі үшке бөлінеді. Кентке орташа қысымдағы көгілдір отын келіп тұр. Біз бірінші кезекте сақтық шарасына аса мән береміз. Газ пешті қабырғасы қамыстан қаланған бөлмеге орнатуға рұқсат бере алмаймыз. Техникалық шарт пен газды қосып беруге өтініштерді қабылдап жатырмыз. Барынша құжаты сәйкес келетін тұрғындарды тездетіп газға қосуға жұмыс жасаудамыз, – деді «Қызылорда газ тарату жүйесі» КМК директоры Нұрлан Өтепов.

Жалпы аудан орталығында 2500 жеке тұрғын үй, 11 әлеуметтік нысан, 60 ғимарат бар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз