Көшетті қайдан аламыз?

203

0

Сырбойылық бағбандар осы кезге дейін жеміс ағаштарының көшеттерін Түркістан облысына қарасты Сарыағаш және Қазығұрт аудандарындағы тұқым шаруашылықтарының питомниктерінен сатып алып келді.

Дегенмен, екі жақтың ауа райы мен топырағының ерекшеліктеріне байланысты еккен көшеттердің 40-50 пайызы жерсіне алмай қурап қалуда. Сондықтан бізге облыстың ауа райы мен топырағына бейімделген жерсіндірілген жеміс ағаштарының көшеттері қажет. Ол үшін қызылордалық бағбандардың көшетке қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өндірумен айналысатын тұқым шаруашылығын ашу керек болды.

Осыған орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының бастамасымен өткен жылдың тамыз айында Жаңақорған ауданына қарасты «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС базасында элиталық көшет өндіріп-өсірумен айналысатын аттестатталған тұқым шаруашылығы ашылды. Бұл – өңірдегі осындай бірден-бір тұқым шаруашылығы. Мұнда өсірілген көшеттер алдағы жылдары облыс аумағына тиімді бағамен сатылатын болады.

Қазіргі таңда «7 KZ «Сыр табиғаты » ЖШС-гінің   питомнигінде  алма, өрік, шабдалы, алмұрт ағаштарының және жүзімнің 150 мыңға жуық элиталық көшеттері өсірілуде. Бағалары да қолжетімді. Бұдан басқа аталған шаруашылықта грек жаңғағы мен миндаль (бадам) ағаштарының және арша ағаштарының бірнеше сорттарының көшеттері өсірілуде. Жеміс ағашын өндірістік негізде өсірем дейтін шаруашылықтарға және кәсіпкерлерге  «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы бойынша сатып алып еккен  элиталық көшеттері  үшін 50 пайыз субсидия төленеді.

(2020 жылы 002 «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында бір шаруашылық 3500 дана элиталық көшетке 1204,0 мың теңге субсидия алды.) Облыс бағбандарын жеміс ағаштарының  жерсіндірілген элиталық көшеттерімен толық қамтамасыз ету үшін 2021 жылы Жаңақорған ауданынан тағы да бір элиталық көшет өсірумен айналысатын  тұқым шаруашылығын ашу жоспарлануда. Осы мақсатта  тұқым баққа жер бөлу үшін тиісті сала мамандарымен жұмыстар жүргізілуде.

Егер, алдағы уақытта бақпен айналысқысы келетін шаруашылық немесе кәсіпкерлер болса,  төмендегі байланыс телефондарына хабарласуларына болады.

Байланыс телефоны: 87755257760, 87771161803, Сарбасов Амантай

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының

тұқым шаруашылығы және астық инспекция бөлімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз