Аязды күні баласын аялдамада қалдырған анаға сот үкімі шықты

337

0

Павлодар қаласында бір жарым жасар баласын аялдамаға қалдырып кеткен анаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz

Бүгін қалалық №2 сотта 33 жастағы әйелдің ісі қаралды. Ол 26 қарашада баласын Павлодар автовокзалының жанындағы трамвай аялдамасына қалдырып кеткен. Үкім шыққанға дейін бала үлкен ағасымен бірге басқа қаладағы әжесінің үйінде тұрған.

Сот өкілдері хабарлағандай, әйел бертінге дейін Тараз қаласында тіркелген. Павлодарға Семейден такси жалдап келген екен. Полицейлер мен еріктілер күдіктінің ізін суытпай 2 сағатта ұстаған. Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды.

Тергеу барысында әйелдің тұрмысқа шықпағаны және оның бұл ұлынан басқа, тағы Екібастұздағы 57 әжесінің бір бөлмелі пәтерде тұратын 9 жастағы баласы бар екені анықталды. Азаматша кенже ұлын қалдырып кетуді алдын ала жоспарлаған-ды.

«Сот қаулысымен Ж. есімді әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Өйткені ол жәбірленушінің заңды өкілімен татуласты. Моральдық және мүліктік шығын келген жоқ. Әйел кінәсін толық мойындады», дейді Павлодар №2 сотының судьясы Думан Серікбаев.

Еске сала кетейік, осы жылдың 25 желтоқсанында облыстық Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық №2 сотында Ж. есімді әйел ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді. Осыған байланысты отбасы қорғаншылық және қамқоршылық органына есепке қойылды. Әзірге соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз