Белоруссиядағы дүрбелең

1017

0

Міне, бір аптадан астам уақыт өтті, Белоруссиядағы дүрбелеңнің әзірге тоқтайтын сыңайы байқалмайды. Дүрбелең елде кезекті президент сайлауы қорытындысы жарияланысымен басталды.

Саяси дүрмекте қазіргі президент Александр Лука­шенко 82 проценттен астам дауыс жинап, орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша өзі өкілеттілігін жал­­ғастыратын болды. Алайда, оның негізгі қарсыласы бар болғаны 10,1 процент дауыс жинаған Свет­лана Тихо­новскаяның жақ­тас­тары мен оппозиция өкілдері сайлау қорытындысын мойын­да­ма­йты­нын айтып, оны қайта өткізуді талап  етуде.

Минск және басқа қалаларда жаппай шеруге шығушылар саны өсуде. Берекесіздік орын ал­ған жағдайлар көп болды. Өндіріс орындарындағылар ер­еуілге шығып, жұмысын тоқ­тату фактілері көптеп кез­десті. Олар “Лукашенко кет!” деген ұран көтеруде. Әділдік үшін айта кетейік, бұған дейін ешқандай ымыраға көнбей келген Лукашенко сәл жұмсарған сыңайлы. Бірақ ол сайлауды қайта өткізбейтінін, ол конституцияны өзгертіп, саяси реформалар жасағанда ғана  мүмкін болатынын, соны­мен бірге қарсыластырын саяси диалогқа шақырып, өзінің бір­қатар өкілеттіліктерінен бас­тартатынын, бірақ ол қысым жа­саумен бірге көше шеруі арқылы жүйеге аспайтынын үзілді-кесілді мәлімдеді.

Алғашқы қарсылық акция­лары кезінде 6000-нан астам адам ұсталды. 100-ден астам күштік құрылымның адамдары зардап шекті. Жаппай тәртіпсіздік кезінде екі адам қаза тапты.

Белоруссиядағы дүрбелең АҚШ бастаған, Еуроодақтың кейбір елдері қолдау білдірген саясаткерлердің мүдделеріне сәйкес келетін сыңайлы. Бұл туралы ә дегеннен АҚШ пре­зиденті Д.Трамп, Франция президенті М.Макрон, Латвия мен Польшаның саяси лидерлері өз ойларын сез­діріп қалды. Саяси сарап­шылардың пікірінше, Батыс пен Еуроодақтың көптеген саясаткерлері бүгінгі қауырт жағдайды Белоруссия мен Ресей арасындағы ахуалды ушықтыру үшін пайдаланғысы келеді. Екі ұлт арасына сына қағу сценарийі 2014 жылғы Украинадағы жағдайға ұқсас екені байқалуда. Бұл орайда Ресей президенті В.Путин Еуроодақ елдерінің бірқатар басшыларынан Белоруссияның саяси қақтығысына аралас­пауларын сұрады. Ресей мен Германия Сыртқы істер ми­нистрлері қалыптасқан жағ­дайларға байланысты өз алаң­даушылықтарын сездірді.

Украинаның байсалды көз­қарастағы саясаткерлері де өз ойларын білдіруде. Олар Украина трагедиясының қай­та­ланбауын қалайды. Се­бебі, 2014 жылғы жағдай ук­раин халқының елден безіп кетуіне әкеп соқтырды. Елде жұмыссыздық өсті. Халықтың 50 процентке жуығы нан табу қамымен Шығыс Еуропаны және Ресейдің еңбек нарығына қысым жасауда. Бело­руссиядағы жағдайды бол­жаған саясаткерлер оппо­зиция талап етіп отырған ауыл ­шаруашылығы мен өн­дірісті жекешелендіру осы сце­нарийдің қайталануы мүм­­кін екенін айтады. Прези­дент Лукашенко өз елінде жекешелендіруге мүм­кіндік бермей, халықты аз та­бысы болса да, жұмыспен қамтып отыр. Бұрынғы кеңес­тік ауыл­шаруашылық жүйесі сақталып қалған, өндіріс орын­­дарындағы жағ­дай да осындай. Бұл  елдегі бірлі-жарым олигарх­сымақ­тар­дың мүд­делеріне қайшы келеді. Сонымен саяси дүр­белең немен аяқталуы мүм­кін? Бұған толыққанды жауап беру қиын. Өйткені, біздің па­йым­дауымызша, мәселенің түйіні бір­шама күрделі, себебі, бұл елде бірқатар мемлекеттердің мүд­делер қайшылығы тоғысып отыр.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<