Түркия мен Нидерланды қатаң карантин енгізуде

339

0

Түркия басшылығы жаңа жыл мерекесі күндері ел аумағында тәулік бойы коменданттық сағат енгізілетінін хабарлады.

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың санының өсуіне байланысты, 2020 жылдың 31 желтоқсаны күнгі кешкі сағат 21.00-ден, 2021 жылдың 4 қаңтар күнгі таңғы сағат 05.00-ге дейін ел аумағында хамамдар, сауналар, бассейндер, спорт залдарының жұмысына тыйым салынады. 

Аталған қызмет көрсету орындары жұмыс істеулерін бүгіннен бастап тоқтатты. Сауда орталықтарына келушілердің белгілі бір санына және тек цифрлық код бойынша ғана кіруіне рұқсат етілген. Бұдан бұрын Түркияда кафелер мен мейрамханалар үшін өзімен алып кету қызметінен басқа қызмет түрлеріне шектеулер енгізілген болатын.

 Нидерланды Корольдігі бес апта бойы жалпы оқшаулау режиміне көшеді. Мемлекетте локдаун 2020 жылдың 15 желтоқсанда енгізіліп, 2021 жылдың 19 қаңтарына дейін жалғасатын болады. Өмірлік маңызы бар өнімдерді сататын дүкендерден басқа барлық дүкендер жабылады. Мұражайлар мен театрлар, ойын-сауық саябақтары мен хайуанаттар парктері, казино мен сауналар, спорт залдар, қоғамдық тамақтану орындары, шаштараздар, сұлулық салондары мен тату-салондары өз жұмысын тоқтатады.

Мектептер мен университеттер ертеңнен бастап қашықтықтан оқытуға көшіріледі. Үкімет ел азаматтарына үйлерінен қажетсіз шықпауға және қонақтарды қабылдамауға шақырды. Мұндай қатаң шаралар коронавирусты жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты қабылданып отыр.

Egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз