Байқаушылар қатарында кәсіподақ өкілдері бар

513

0

«Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағанбетов, байқаушылармен жұмыс және өзара іс-қимыл жөніндегі облыстық штаб жетекшісі Жандос Тұсмағамбетов салалық кәсіподақтар бірлестіктерінің жетекшілерімен кездесіп, сайлау процесінің ашық, әділ өтуін бақылау бойынша өзара пікір алмасты.

– Сайлау күні қоғамдық ұйым­дардан бөлек, кәсіподақтың 681 өкілі байқаушы болып қатысады. Олар облыс көлемінде 240 сайлау учаскесіне бекітілді. Кәсіподақ бұған дейін Президент сайлауында тәжірибе жинақтаған. Сондықтан алдағы  науқанда еліміздегі ірі бірлестік ретінде сайлаудың әділ де ашық өтуіне, сайлау заңнамасының сақталуына бақылау жүргізетін болады. Кәсіподақтар жұмыс берушілердің осы сая­си дода барысында жұмыс­керлерге қысым жасамауын қадағалайды, – деді кәсіподақ төрағасы С.Сермағанбетов.

Жиын барысында штаб жетекшісі Ж.Тұсмағанбетов  облыста 376 сайлау учаскесінде қоғамдық байқаушылар сайлау барысына мониторинг жүргізетінін жеткізді.

– Қоғамдық байқаушылардың қатарында белсенді азаматтар бар. Олар күн санап артып келеді. Басты мақсатымыз – сайлаудың әділ, заңнамаға сәйкес өтуіне атсалысу, – деді ол.

Кездесу соңында кәсіп­одақтар бірлестіктерінің жетекшілері сауалдарын жол­дап, ұсыныстарын білдірді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»      

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<