Әкім сайлауы – халық таңдауы

355

0

Биыл елде өкілеттік мерзімі жеткен кент және ауыл әкімдерін тікелей сайлау өте бастайды. Оған Президенттің өткен жылғы Жолдауындағы «Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек» деген сөзі түрткі болды. Жаңа жүйенің тиімділігі дәлелденсе, бұдан жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлауға көшеміз.

Негізі, мұндай саяси дода тәжірибеде 2013 жылдан бері бар. Төрт жылдан ке­йін тағы ұйымдастырылды. 2017 жылы 24 тамызда 14 облыстағы аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдері сайланды. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметінше, ұсынылған 4059 кандидаттың 3951-і тіркеуден өтіп, 1416 әкім сайланды. Бірақ екі жағдайда да үміткерлердің тағдыры жергілікті мәслихат депутаттарының қолында еді. Ал оларды аудан басшылары ұсынатын. Мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы маңызды орган болғанымен, әкімдіктің іс-әрекетін, бастамаларын мақұлдаудан әрі аса алмай отыр. «Жергілікті ресурстардың оңтайлы жұмсалуын бақылау өкілдік органдарға – мәслихаттарға жүктелген. Алайда олардың пікірі көбіне еленбей жатады. Бұл – өз кезегінде саяси анахронизм», – деп Президент те айтты.

Кезекті сайлауда кандидаттардың тағдыры жергілікті тұрғындарға тапсырылмақ. Ол неге керек? Біріншіден, билік халық алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Екіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін төменнен бастап нығайту екі жақтың мәселені бірлесіп шешуіне мүмкіндік береді. Қоғамды демократияландыру жолындағы қадамды Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынта танытуымен байланыс­тырды. «Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек», – деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, бүгінде облыста ауданға қарасты 2 қала, 12 кент пен 132 ауылдық округ бар. Оларды 146 әкім басқарады. «Өткен жылы 45-і қайтадан сайланды. Өйткені 13-нің өкілеттік мерзімі аяқталған, 2-і қайтыс болған. Зейнетке шығуына, басқа мемлекеттік қызметке ауысуына және өз өтінішіне байланысты 30 адамның өкілеттігі уақытынан бұрын тоқтады», – дейді комиссия төрағасының орынбасары Қожамжар Наурызбаев.

Азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру – Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты бағыты. Осы орайда басшылық тізгінін ұстаған азаматтарға артылар жауапкершілік жүгі орасан. «Халықпен тікелей байланыс орнату, өзекті мәселелер бойынша уақытылы шешім қабылдай білу қабілеті – әкімдер қызметіндегі басымдық. Ол жергілікті деңгейде мемлекеттік сая­сатты жүргізеді. Жалпы саяси жүйе­нің тиімділігіне халықтың көзқарасын қалыптастырады», – дейді облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байқожаев.

Тұжырымдаманың маңыздылығын ескерген мемлекеттік қызмет істері агенттігі былтыр республикалық «Үздік ауыл әкімі» конкурсын ұйымдастырды. Арнайы комиссия қызылордалық Сағдат Нұрмағанбетовты жоғары бағалады. Бүгінде ол Сырдария ауданының Н.Ілиясов ауылына жетекшілік жасап отыр. Өкілеттік мерзімі биыл аяқталмақ. Тағы саяси додаға түсіп, топ жарып шығатынынан үмітті. «Тікелей сайлауды құптаймын. Өйткені әркім басшылыққа өз ауылының ой-шұңқырын білетін адамның келгенін қалайды. Бұл жерде халықтың жағдайынан хабардар азаматтарға басымдық беріледі», – дейді ол. Әкім ауылдағы ағайынмен кері байланыс орнатқанын, алдына мәселесін айта келсе, сырт айналмайтынын жеткізді. Себебі өзі де – осы жердің тумасы.

Белгілі қаржыгер Қалқазбек Әжібеков халыққа кент және ауыл әкімдерін таңдау мүмкіндігін беру дер кезінде қолға алынған бастама деп есептейді. «Қоғамды дамытудың негізі туралы қозғалғанда ауыл әкімдерін сайлау өтетіні айтылды. Әкімді халық сайлағаны дұрыс. Өзін-өзі басқару мәселесіне де көңіл бөлу керек. 2013 жылдан бастап аталған жүйе мен төртінші деңгейлі бюджет қалыптастыруға назар аударылды», – деді ол.

Халық даналығында «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген бар. Ал әкім өзін сайлаған көпшіліктің алдында жауапкершілікті сезініп, сенім үдесінен шығу жолында аянып қалмайтыны анық. Сондықтан игі бастама – халық пен билік арасындағы дәнекер деуге болады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз