Журналист әйелдер жайлы жазып жеңіске жетті

944

0

Тараз қаласында «Ұлттың үнжариясына − 100 жыл» тақырыбындағы жас ғалымдар арасында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция ұлттың үнжариясы Қазақ радиосының 100 жылдық мерейтойына арналды. Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы, Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалы, «Жаңа-Ру» жастар коалициясы мен «Alem Science» халықаралық ғылыми журналы ұйымдастырды.

Мақсаты – Қазақ радиосының қазақ журналистикасындағы маңыздылығын, ерекшеліктерін жастар арасында насихаттау, ақпарат айдынындағы тарихы терең қара шаңырақта қызмет еткен біртуар азаматтардың еңбегін үлгі ету.

Конференцияға филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі ғылым академиясының академигі, Қазақ радиосының тарихын 10 жылға ілгерілеткен зерттеуші ғалым Намазалы Омашев, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, сатирик-ақын, «Ақпарат саласының» үздігі, Жамбыл радиосының жетекшісі Бақытжан Әлімқұлов, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Jambyl-Taraz» қоғамдық саяси газетінің директор-бас редакторы Дәулет Төленді қатысып, «Қазақ радиосы қалай ашылды?», «Жасампаз Жамбыл радиосы» тақырыптарындабаяндама жасады.

Сонымен қатар, Қазақ радиосының дауылпаз дикторы Әнуарбек Байжанбаев туралы жас ғалымдар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері Гүлнар Тайжан, Эсмер Дурсунова баяндады. Тәрбиелік-танымдық мәні зор конференцияға республиканың жас журналистері (тележурналистика, радиожурналистика, мерзімді басылымдар, интернет журналистика және т.б.), білім беру ұйымдарының, республикалық маңызы бар мектептердің, халықаралық мектептердің педагогикалық қызметкерлері, ЖОО-ның, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, студент, магистрант, докторанттар, PhD докторлары және колледж оқытушылары ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Жас ғалымдардың «Ұлт үнжариясының терең тарихы және ақпарат айдынындағы артықшылықтары», «Қазақ радиосында қызмет еткен тұлғалардың журналистика саласындағы дара жолы» тақырыптарындағы ғылыми мақаласын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ұстаз институты, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Айсұлу Тұрарова және Жамбыл радиосының жетекшісі Бақытжан Әлімқұлов бағалады. Барлығы 100-ден аса ғылыми еңбек түскен.

Секциялық жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №4 IT мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалия Нұрмағанбетова I орынды жеңіп алды. Конференцияға онлайн қатысқан жерлесіміз өзінің ғылыми жұмысында Қазақ радиосында әйелдер мәселесін көтерген қызылордалық журналист Сара Есова мен бүгінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген журналист Сәуле Мешітбайқызы туралы зерттеу жасаған. Журналист әйелдердің көтерген тақырыптарының өзектілігі мен мәселенің шешілуіне қосқан еңбектерін де саралаған. Сарапшы-педагогтің тыңғылықты дайындалып, ізденген еңбегі қайтты. ІІ орынды Тараз қаласынан Эсмер Дурсунова және Жұлдыз Бекзат алды. Ал ІІІ орынды Жамбыл облысы, Жамбыл ауданынан Аружан Абдулла иеленіп, дипломдармен марапатталды. Ал қалған жас ғалымдарға конференцияға қатысқандығын растайтын сертификат берілді.

Гүлбану МАҚАЖАН

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<