Денсаулық пен баспана бәрінен маңызды

965

0

Зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалану туралы бастама түп негізін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жолдауынан алады.

Жолдауда «азаматтардың әлеу­меттік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты. Нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асады.  Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды.

2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады» деп атап көрсетілген болатын.

Бұл жаңалық қоғамда түрлі пікір­талас тудырды. Қордағы қара­­жаты әжептәуір жиналып қалған­дар алдағы күнге жоспар құра бас­тады. Жолдау жарияланысымен 2020 жылдың қыркүйек айында есепшоттағы ақша әр салымшының жасына қарай жеткіліктілік шегі бойынша берілетіні айтылып, аталған жеткіліктілік шегінің алдын ала жобасы таратылды. Қаңтардың 2-сі күні Президент оған қатысты заңға қол қойды да, Қазақстан азаматтарына жинақтарының бір бөлігін жұмсауына жол ашылды. Жақында  қор қаржыны мерзімінен бұрын мақсатты пайдалану қадамдарын түсіндіріп, 2021 жылы алуға болатын шекті соманың жаңа кестесін жариялады. Бұл жолғы кестеде қыркүйектегіге қарағанда біршама өзгеріс бар екендігі байқалып отыр.

Мақсатты пайдалану үшін қолжетімді зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы деректерді мынадай тәсілдермен алуға болады:

1. БЖЗҚ сайты және салымшының жеке кабинеті арқылы. Ол үшін ЖСН мен құпиясөзді енгізу қажет немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы керек. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін қосымша  – cabinet.enpf.kz/porog, онда  зейнетақы шотындағы қалдық, шекті сома, алуға болатын сома көрсетілген. Бұл ақпаратты алу үшін тек ЭСҚ кілтімен қол қою керек. 

2. Зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат egov.kz сайтында және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді. Ол үшін пайдаланушыларға электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Egov.kz сайтының бас мәзірінде «Әлеуметтік қамсыздандыру», одан әрі «Зейнетақымен қамсыздандыру» қосымша бетіне өтіңіз, одан кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвес­тициялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қосымша парақшасы арқылы немесе сілтеме бойынша өтіп білуге болады. eGov mobile мобильді қосымшасының «Қызметтер», одан әрі «Жұмысқа орна­ластыру және жұмыспен қамту» бөліміне өтіңіз, содан кейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвести­циялық кірісті ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат» қосымша бетіне өту арқылы мәлімет алыңыз.

3. Мақсатты пайдалануға қолжетімді сома туралы мәліметтерді @enpf телеграм-бот көмегімен алуға болады. БЖЗҚ салымшылары 1418 қысқа нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) байланыс орта­лығы арқылы кеңес  алады, сондай-ақ қажет болған жағ­дайда БЖЗҚ-ның жақын жердегі бөлімшесіне жүгіне алады. Барлық мекенжайлар мен байланыстар қор сайтында қолжетімді.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажет­тіліктерге пайдалану құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:

– жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары жеткіліктілік шегінен асатын азаматтар;

– сақтандыру компа­ния­лары­мен БЖЗҚ-да қалған зейнет­ақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қам­тамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасас­қан адамдар;

– зейнеткерлікке шыққан азаматтар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-нен аспайтын шекте. Егер олардың зейнет­ақы­сының жиынтық мөлшері (жасына байланысты не­месе еңбек сіңірген жыл­дары үшін зейнетақыны, база­лық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табыс­ты халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес келетін дең­гейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз ет­кен жағдайда. Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жар­наларын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере оты­рып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қам­тамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақ­тары­ның ең төменгі қажетті сомасы жеткіліктілік шегі ретінде қарастырылады. «Жет­кі­ліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т.б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есеп­телетін болады.

Жыл соңына таман  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-ми­нистрі Ақмәди Сарбасов ор­талық коммуникациялар қыз­­ме­тіндегі брифингте «заңда сондай-ақ жоғарыда атал­ған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары (атасы/әжесі, ата-анасы, бала­лары, немерелері, аға-інісі/апа-сіңлісі) үшін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қара­жа­тын біріктіруге болады» деді.

2020 жылғы 1 жел­тоқсандағы деректерге қара­ғанда, елімізде 761 мыңнан астам адам қаражатын мер­зімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады. Олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден астам қаражат бар. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, банк тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалануға арналған онлайн-платформаны іске қосады. Жоба ережелеріне сәйкес, клиент өтініш тап­сырған кезде сол онлайн-плат­­формада арнайы пор­­­тал­ға, электрондық-цифр­­лық қолтаңба арқылы авто­ри­зациядан өтіп, жеке кабинетке кіреді. Жеке каби­нетте ол қаражатты қандай мақсатта пайдаланатынын таң­дайды және сканерден өт­кізілген көшірмелер түрінде алдын ала дайындалуы тиіс құжаттардың тізімімен та­нысады. Әр мақсаттың жеке құжаттар тізімі бар.

Сондай-ақ жинақты ем-домға жұмсаудың тәртібі айқындалды. «Егер бірыңғай зейнетақы төлемдерінің жет­­кіліктік шегі ем алуға пайдалануға жеткілікті болса, онда азамат өзінің емханасына барып, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен ем-дом алуға бағыттау туралы дә­рігерлік комиссияның қоры­тындысын алуы керек» деді ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева. Ақысы қымбат қызметтердің санатына енген медициналық ем-дом тізіміне орфандық, яғни, сирек кездесетін ауруларды емдеу, стоматологиялық қызметтер, реконструктивті әрі қалпына келтіру операциялары (плас­тикалық), медициналық сауық­­­тыру қамтылған. «Бұл тізім тұрғындар арасындағы сұранысқа қарай өзгеруі мүмкін. Өтініш беруші ке­лесі қадамда өзінің қалауы бойынша медициналық ұйым­ды таңдайды, оның ішін­­де шетелдік ұйымдар да болуы ықтимал. Азамат ЭЦҚ көмегімен уәкілетті опера­тордың интернет ресурсында авторизациядан өтіп, өзінің жеке кабинетін ашуы тиіс. Жеке кабинетте тиісті сомамен біржолғы зейнетақы төлеміне электронды өтінімді толтырып, дәрігерлік комис­сия қорытындысының көшір­месі мен ем-дом жасайтын меди­циналық ұйыммен шарт­ты белгілеу керек» деді ол.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<