Мектеп әскери өмірді меңгеруге баулиды

787

0

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда қаласындағы филиалы алғашқы 15 курсантын қабылдады.

Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебінің 15 сарбазы санитарлық эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, өздерінің Отан алдындағы борыштарын өтеудің алғашқы қадамдарын бастап кетті. Курсанттар бір айдан астам уақыт аралығында жоспарға сай тиісті жауынгерлік даярлықтарын шыңдап, әскери тәртіппен танысады. Әскери теориялық жетілдірген білімдерін іс-тәжірибеде қолданады. Тактикалық дайындық пен қаруды қалай қолдану керектігін меңгерген соң, сарбаздар әскери ант қабылдау рәсіміне дейін екі мәрте қарудан оқ атып, тәжірибеден өтеді. Оқу бастағанлғанына бір апта толмаса да, ынта-жігері жоғары, зерек және әскери тәртіпке бейім көптеген курсанттарды байқауға болады.

– Әскери-техникалық мектебінің түлегімін. 40 күн ішінде әскери өмірдің барлық қыр-сырын, қару-жарақты қалай пайдалану керектігін және әскери тәртіпті үйренудемін. Осындай әскери білім беретін мектепте оқығаныма қуаныштымын. Жинаған білім мен тәрбиемді ел игілігіне пайдалануға әзірмін. Еліміздің Қарулы Күштеріне қызмет ету әрбір ел азаматының міндеті деп ойлаймын», – деді әскери-техникалық мектебінің түлегі Мұрат Жақсылықов.

Әскери мектепте жас өрендердің әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруіне мүмкіндіктер көп. Осы жылдың алғашқы курсанттарын алдағы уақыттарда көптеген қосымша тәжірибелік сабақтар күтіп тұр. Сапалы оқытуды ұйымдастыру үшін әскери-техникалық мектебі барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндағы сабақ беретін мұғалімдердің білімі мен біліктілігі және курсанттармен жұмыс істеу тәжірибелері жоғары. Жас курсанттарды барлық кезеңдегі түлектермен өтетін «Сыр мергені» атты пневматикалық қарудан ату сайысы күтіп тұр.

«Атқыш» мамандығын меңгеріп шығатын жас өрендеріміз Қарулы Күштерімізге қызмет етуге  сақадай сай. Бұл – әскери-техникалық мектепті тәмамдап отырған түлектердің соңы емес. Осы жылдың ақпан айының соңында жаңа толыққандар Отан алдындағы әскери ант қабылдау рәсіміне қатысады. Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебі алдағы уақытта да Отанға адал қызмет ететін мамандарды қабылдайтын болады.

Мұхит ҚОНАРОВ,

сержант

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<