Мемлекеттік қызметшілер неден мүлт кетті?

936

0

Қызылордалық мемлекеттік қызметшілер жол ережесін елер емес. Олардың арасында мас күйінде, жүргізуші куәлігінсіз руль тізгіндегендер де бар.

Жергілікті білім, мәдениет, ден­саулық сақтау басқармаларының өкіл­дері жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін бірнеше мәрте айыппұл төлеген. Бір күнде бір емес, алты мәрте тәртіп бұзғандар да, екі апта бойы оқшаулау орнында болғандар да кездесті. Мұны әдеп жөніндегі кеңес отырысында облыстық мемлекеттік қызмет істері де­партаментінің басшысы, кеңес төрағасы Рафхат Бисенов мәлім етті.


Жиында Жалағаш, Жаңақорған ау­дан­дарының әкімдері тиісті заңнама талаптарының сақталуы жөнінде айтып берді. Жалағашта 2019 жылы – 50, 2020 жылы 32 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Былтырғы жағдай бойынша 21 ескерту, 5 сөгіс, 1 қатаң сөгіс беріліп, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы 5 ескерту жасалды. Жаңақорғанда өт­кен жылы 42 мемлекеттік қызметші тәртіптік жаза арқаласа, соның 25-і – басшылық лауазымдағылар. Қандөз ауылдық округінің әкімі карантин ре­жимін бұзған.


Президент тапсырмасына сәйкес мем­лекеттік қызметшілер саны 25 про­центке дейін қысқармақ. Осы орайда департамент басшысы қысқарту құры­ғына ілігуі мүмкін адамдарды бос орындарға тарту мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынды. Әріптестерінің ара­сында атағы мен лауазымына кір кел­тіріп жүргендер барын атап өтіп, ба­қылау және түсіндіру жұмысын күшейту керектігін жеткізді.


– Мысалы, облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасының бөлім басшысы қоғамдық орындарда ішімдік ішсе, ветеринария басқармасының бас маманы аң аулау ережесін сақтамаған. Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Әбдіжақия 2020 жылғы 2 желтоқсан күні жеке парақшасында «Карантин шектеулері мен айыппұлдары тек қарапайым халыққа арналған ба?» деп жазды. Зерттеп-зерделеу кезінде Қармақшы ауданының әдеп жөніндегі уәкілі карантин кезінде тойда жүргені анықталды. Әдеп жөніндегі уәкілдің өзі талапты сақтамай отырғанда басқаларға не айтамыз? – деді ол.


Қармақшы, Шиелі аудандары әкім­дерінің орынбасарларына қатысты тәр­тіптік істер тоқтатылды. Себеп – олар­дың жергілікті мәслихаттарға депутат боп сайлануы.


– Қос істі қысқартуға тура келді. Өкінішке қарай ол кісілерден түсі­нік­теме де ала алмадық, – деді Р.Бисенов.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<