Құрылыста іркіліс жоқ

448

0

Өткен жылы карантиндік шектеулер болғанымен, құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. 408 пәтерді құрайтын 39 тұрғын үйдің пайдалануға берілуінің өзі бұл саладағы серпінді көрсетеді.


Алдымен әлеуметтік нысан­дарды айтайық. Осы мақсатта бюджеттен 10,4 млрд теңге қар­жы бөлінген. Облыстық құрылыс, сәулет және қалa құрылысы бас­қармасы берген мәліметке сүйенсек, мұндай 33 нысан бой көтерген. Оның ішінде 2019 жыл­дан қалған, яғни өтпелі 15 құрылыс нысаны бар. Ал қал­ған 18-і жаңадан салынады. Былтыр 13 ғимараттың жұмысы аяқталыпты. Оның ішінде білім саласында 6, денсаулық саласы бойынша 1, мәдениетке қатысты 1, спортта 1, қоғамдық тәртіпке 2 және 2 әкімшілік ғимарат пайдалануға берілген. Ал қалған 20 ғимараттың құрылысы биыл жалғасатын болады.


Өткен жылы «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік ком­муникациялық инфрақұрылым желі­лерін жүр­гізу үшін мемлекеттік бюд­жет есебінен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ өңір бойынша бар­лық қаржыландыру көздері есе­бінен 1946 пәтерді құрайтын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.


Аудандарда да бұл көрсеткіш тө­мен емес. Былтыр үш аудан – Қазалы, Жалағаш, Арал ау­дандарында бір қабатты 10 үй салынған. Әр үйде 4 пәтерден бар. Сонымен қатар, «Жұ­мыспен қамту 2020-2021» бағдар­ламасы аясында Сырдария ауданы, Те­реңөзек кентінде 42 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Ал Қызылорда қаласында «СПМК-70» тұрғын ауданында 640 пәтерді құрайтын 13 көпқабатты тұрғын үй және Шиелі ауданында 25 тұрғын үй биыл аяқталмақ. Тұрғын үй көрсеткішін нақты цифрмен айтсақ, былтыр 408 пәтерді құрайтын 39 тұрғын үй пайдалануға берілген.


Биыл «Нұрлы жер» мемле­кеттік бағдарламасы аясында тұр­ғын үй құрылысы мен инже­нер­лік-ком­му­никациялық инфра­құрылым желі­лерін жүргізу үшін мем­лекеттік бюджет есе­бі­нен барлығы 11 млрд теңге қар­жы бө­лінді. Басты жоспар – 2247 пәтерлік 139 тұрғын үй­дің құрылысын, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары мен көп­балалы отбасылар үшін 342 пәтер сатып алу.
Сондай-ақ осы жылы жалға қа­растырылған 57 тұрғын үй пай­далануға берілсе, олардың көбісі об­лыс орталығында орналасқан.

Же­ке коммерциялық құрылыс салу­шылар есебінен 220 пәтерді құ­райтын 6 тұрғын үй салынып, пайда­лануға беру жоспарлануда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<