Сандуғаштың тәттілері

312

6

Қазалы кәмпиті көпшілікке таныс. Көпшілік дейміз-ау, тұтас Қазақстан бұл тәттіні қалап алып жүр. Әу баста «кірпіш зауыттың кәмпитін» жергілікті тұрғындар ғана тұтынатын еді. Бара-бара облысқа тарады. Бүгінде елдегі әр өңір Қазалының кәмпитіне құмартып алған.

Ауданның бренді саналатын тәттінің өтімділігі жоғары. Содан болар тағы бір қазалылық кәсіпкер «Қазалы» конфетінің 8 түрін шығарып отыр. Сандуғаш мұнымен екі жыл бұрын айналыса бастаған.

– Кәсіпкерлікті Арал ауданында жүріп бастадым. 2008 жылы азық-түлік дүкенін аштық. 2014 жылы Қазалыға қоныс аударып, дайын өнімді сатудан көрі, жергілікті жерден халық тұтынатын затты ұсыну ойымда болды. «Қазалы» конфеті бұрыннан бар. Біз тек ел сұранысын қанағаттандыру барысында конфет шығару цехын аштық. Алғашында 3-4 түрін шығарсақ, қазір  8 түрін халыққа ұсынып келеміз, – дейді Сандуғаш Рахманбергенова.

Цехта әжелер сүйсініп жейтін лимон дәмдес ащы кәмпитпен қатар, рокс, соломка, барбарис, апельсин, дюшес, шоколад сияқты тәттілер да­йындалады. Аудан халқынан бөлек, көрші аудандардан да тапсырыстар түсіп тұр.

Отбасылық кәсіпті жандандыруға кәсіпкердің қызы Меруерт Темірбайдың да үлесі бар. Ол «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқу курсына қатысып, 555600 теңге грант иегері атаныпты. Ұтқан қаржыға цехқа қажетті аппарат алған.

Бүгінде 3 кондитер жұмыс істейтін цех күніне 100-150 келі конфет шығарады. Кәсіпкер алдағы уақытта бір келілік тәтті түрлерін дайын қаптамаларда шығаруды жоспарлап отыр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Пікірлер:

Пікір жазыңыз