Жауапты кезеңнің жүгі жеңіл емес

300

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы жылу беру нысандарына барып, дайындық барысын тексерді.

Алдымен сол жағалауда орналасқан №17 автономды блокты-модульді қазандықтың жұмысымен танысты. Былтырғы қазан айынан бастап кәсіпорын «Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауына жылу беру» жобасы бойынша қазандықты және сыртқы жылумен жабдықтау жүйесін іске қосып, қызмет көрсетуде. Жылу магистралінің ұзындығы – 4,3 шақырым. Қазір сол жағалауда орталықтандырылған жылу желілеріне 31 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысан қосылған. Биыл қосымша 16 тұрғын үй жылу жүйесіне қосылады деп күтілуде.

Мұнан кейін аймақ басшысы «Қызылорда оңтүстік жылу орталығы» және Белкөл кентінің жылу қазандығы жұмысын саралады. Оңтүстік қазандықтың жалпы жылу қуаты 97 Гкал құрайды. Негізгі отын – газ, резервтік отын – мазут. Қызылорда ЖЭО алдағы  жылу маусымына негізгі жабдықтарды дайындауға өз қаражаты есебінен жөндеуге 46,6 млн теңге бөлді.

Бүгінде жауапты маусымға дайындық аяқталып, күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорты алынған. Оңтүстік бу қазандығында жылу энергиясын тұтынушылардың жалпы саны – 763 нысан. Оның ішінде 197 көпқабатты тұрғын үй,  118 жеке сектор объектісі, 14 мектеп, 5 балабақша, 10 медициналық мекеме, 4 мәдени-спорттық, 24 бюджеттік, 391 бизнес нысан бар.

Ал Белкөл кентіндегі жылу қазандығының энергиясы – 4,1 Гкал. 2019-2020 жылдары «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның «Белкөл» қазандығын реконструкциялау жұмысына облыстық бюджеттен 183,9 млн теңге бөлініп, қайта жаңғыртылған.  «Белкөл» бу қазандығында жылу энергиясын тұтынушылардың жалпы саны – 763 нысан.  Жылыту жүйесіне 4 көпқабатты тұрғын үй,  1 жеке сектор объектісі,  1 мектеп, 1 балабақша,  1 мәдени, 1 әкімшілік нысан қосылған.

Облыс әкімі жылу беру маусымына дайындық барысы жеке бақылауында болатынын айтып, бұл мәселеге аса жауапкершілікпен қарау керек екенін назарға салды. Жылу беру жұмыстарының уақытылы басталуын тапсырды.

Нысандарды аралау барысында аймақ басшысы «KHAS.COM» ЖК-нің көмір қоймасына да барды. Бұл жерде көмірдің 1 тоннасы – 14 400 теңге. Бүгінгі күні 411 вагон (28 770 тонна) жеткізілген. Алдағы уақытта 19 вагон (1330 тонна) келеді.

Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі Ғанибек Қазантаев пен облыстық  энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаевқа қатты және сұйық отын жеткізу жұмыстарын бақылауда ұстап, жылу беру маусымын сапалы ұйымдастыруды жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<