Жүрек жарығының жарқылы

566

0

«Бала күнімізде болмашыға мәз болып, шаттана беруші ек, ал қазір бізді бақытты ететін не бар осы?» дейміз. Бардың қадірін біліп, жоққа сабыр қылуды да ұмыт қалдырып жатамыз. Ал, біреу үшін қараңғылықтан арылып, таңның атқанын өз көзімен көру, жарқын әлемді сезіну арман. Туғанынан қос жанары көрмейтін Әкімжан Өміртайдың арманы да қарапайым. Ол әнші болуды армандайды және Әкімжанның өмір сүруге деген құштарлығы күшті. Ол көзбен көрмегенді жүрекпен сезінеді. Өмірді сүю, оның ғажабын сезіну арқылы кез келген сынақты күліп қарсы алады.


Жақында Әкімжан облыс­тық «Жастар ресурстық орта­лығы» қолға алған «Арманыңа қанат қақ!» жобасының ал­ғашқы кейіпкері атанды. Жоба ұйымдас­тырушылары «Жаңа жоба аясында біз аспан­дағы жұлдыз­ды әпе­реміз, ойы­ңыз­дағы бар арман-тілекті орындаймыз деп құрғақ уәде беруден ау­лақпыз. Біздің мақсат – осындай кішкентай қалада үлкен жүректі жанның барын көрсету және оған қолдау танытуға шақыру» дейді.


– Тағдыр тауқыметін тарт­­сам да, өнерден алыс­та­мадым. Қоғамдық шара­лар­да белсенділік таны­туға тырысамын. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қолға алған жобаға қатысуға да алғашқылардың бірі болып ниет білдірдім. «Жа­нарым-ай» әнімен көп­­­шілікке танылған Бек­зат Молда­бер­генов­пен кездесіп, бірге ән айттық, жос­пар­ла­рым­мен бө­ліс­тім. Маған қала кәсіп­­кер­лері­нің де­меу­­­шілігімен су жаңа теле­фонды да сыйға тартты. Қуа­нышымда шек жоқ. Бастысы, шы­­найы көңіл, ниет, қолдауды сезін­дім, – дейді Әкімжан.


Жазмыштың жаз­ғанына жасы­май­тын қай­сар жан осы қа­сие­тінің ар­қа­сында өнерге деген ын­­тасын арттыра түсуде. Өзі зағиптар қоғамында музы­кант қызметін атқарады. Кішкентайынан халық ән­дерімен сусындап өскен Әкімжан Шәмші әндері жа­нына жақын екенін айтты. Сондай-ақ, ол Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Тоқтар Серіков, «МузАрт» тобы, Қайрат Нұртастың орын­дауындағы әндерді де жиі тыңдайды екен.


Тағдыр ызғарына төтеп берген, енді ғана өнерге қадам басқан жастың алар асулары мен шығар шыңы әлі алда екені анық. Оған табиғи талантымен әлемді мойындатқан зағип әншілер дәлел. Мәселен, танымал опера әншісі Андреа Боччели футбол кезіндегі сәтсіз оқиғадан кейін көру қабілетінен айырылған. Бі­рақ оның жұлдызы бәрібір жанды. Атақты Рэй Чарльздің пианинода ойнау шеберлігіне кәсіби музыканттардың өзі таңдай қаққан. Төзім мен сабырды ту еткен бұл жандар көпке үлгі. Себебі, олар сабыр шыдамның сыналар шағы деп біледі.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<