Қызылордада бірнеше мәрте пәтер ұрлығын жасаған тұрғындар ұсталды

536

0

 Қызылорда қаласында бірнеше мәрте пәтер ұрлығын жасаған екі адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының 30 және 34 жастағы екі тұрғыны 11 пәтер ұрлығын жасаған. Тұрғындарға алты миллионнан астам шығын келтірген. Қызылорда қаласы Полиция басқармасы қызметкерлері бұл мақсатта жедел-іздестіру шараларын жүргізді.

«Нәтижесінде облыстың 30 және 34 жастағы екі тұрғыны тәртіп сақшыларының қолына түсті. Олар кешкі уақытта үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пластик терезелерін сындырып ішке кірген. Үйлерден ақша, зергерлік бұйымдарды және мылтықты қолды еткен. Олардың қазан айынан бастап бірнеше рет ұрлыққа түскені анықталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 1,2,3-тармақтарымен және 291-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспсөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, биылғы ақпан айында қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес бірнеше рет жасалған ұрлық ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Енді тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылмайды. Ондай қылмыс жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Бұдан бұрын Байқоңырда ғарыш айлағы алаңынан мыс өнімдерін ұрлағандар ұсталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<