Тәуелсіздікке 30 жыл: «Miras» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

959

0

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғары идеологиялық деңгейде өткізу мақсатында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиында кеңес мүшелері Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде ұйымдастырылатын іс-шараларды дайындау мен өткізудің негізгі мәселелерін талқыға салып, келелі ұсыныстарымен бөлісті.

«Біз Тәуелсіздіктің арқасында іргесі берік, келешегі кемел мемлекет құрдық. Әлемдік қауымдастыққа демократиялы-зайырлы мемлекет екенімізді дәлелдедік. Сондықтан, қастерлі Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойын лайықты қарсы алу елдігімізге үлкен сын»,- деді кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев.

Жиын барысында кеңес мүшелері еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы әрбір жетістіктеріне ерекше тоқталды. Мәселен, кеңес мүшесі Айткүл Шалғынбаева Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасының дәстүрлі діндер басын қосуы адамзат тарихындағы бірінші болған оқиға екендігін атап өтіп, ядролық қарудан бас тарту секілді еліміздегі ауқымды жетістіктеріміз бойынша әлемдік деңгейде халық аралық симпозиум өткізсек деген ұсынысын ортаға салды.

Ал, кеңес мүшесі Аманжол Оңғарбаев кейінгі ұрпаққа өнеге болар сарқылмайтын қазына ретінде кешегі Тәуелсіздік жылдарында Сыр журналистикасында еңбек еткен аға, апаларымыздың еңбегін паш ететін, әрі сол кезеңдерде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдар жиынтығы қатпарланған 5 томдық кітап шығарсақ деген ойын жеткізді.

«Бүгінде аталған 5 томдықтың 80-90 пайызы дайын. Мұны «Қаламгерлер қауымдастығымен» бірлесіп дайындап жатырмыз. Мерейлі мерекеде жарыққа шығарып, оқырманға тарата білсек, тәуелсіздікке тартқан нағыз тартуымыз болар еді»,- деді Аманжол Оңғарбаев.

Жалпы жиын барысында айтылған барлық ұсыныстар жинақталып, хаттамаға енгізілді. Кеңес мүшелері мерейлі жыл еліміздің Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін одан әрі нығайтып, халықты рухани-мәдени біріктіре түсуі, сабақтастық пен прогрессивті дамуды қамтамасыз етуі тиіс деген ұстаныммен тарқасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<