Үш қазақстандық әйел Қытай азаматтарына бала туып берді – оқиғаның мән-жайы

508

0

Ресейде тұратын Қазақстанның үш азаматы суррогат ана атанды. Олар Қытай азаматтары үшін бала көтеріп, дүниеге әкелген. Жатырын жалға бергені үшін бір миллион рубль (6 миллион теңге) алған.

Краснояр өңірі Тергеу комитетінің мәліметінше, РФ Қылмыстық кодексінің 127.1-бабы 2-тармағы бойынша (адамды сату-сатып алу) қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды РИА Новости.

«Болжам бойынша 2019 жылдың тамызында Қазақстанның 32, 27 және 34 жастағы азаматтары бір миллион рубль мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін балалардың биологиялық әкесі саналатын Қытай азаматтарымен жүктілік туралы келісімшарт бекіткен», – делінген хабарламада.

2020 жылдың сәуірінде «құрсақ аналар» екі ұл және бір қыз босанды. Артынша күдіктілер нәрестелерді бала күтушіге қалдырып, өздері Қазақстанға кетіп қалған.

Қазір балалардың бәрі –  мамандандырылған сәби үйінде. Сәбилердің биологиялық әкелері мен босанған әйелдер іздестірілуде. Медицина мекемелерінің қызметкерлерінен де жауап алынып жатыр.

Sputnik Қазақстан ресми түсініктеме үшін сыртқы істер министрлігіне хабарласты. Ведомство аталған ақпаратты тексеріп жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<