Күніне 2,5 мың сабын

1200

0

«Қазалының қара қауыны», «Қазалы кәмпиті», «Қазалы күріші» дейтін жақсы дүниелерді естіп келдік. Мына тауар әлеуметтік желіні бір желпіндірді. Бұған дейін ауданда дайындалмаған «Қазалы сабыны» деген атпен жаңа өнім пайда болды.

Ел ішінде «кір сабын» деп аталып кеткен тұрмыстық дүниенің маңызы ерекше. Ауыл мен қаладағы жұрт кір-қоңын жуарда осы сабынға көбірек жүгінеді. Өйткені өзгесінен гөрі кір сабынның сапасы әлдеқайда артығырақ. Мұны түсінген қазалылық Руслан Бөлекбаев кәсібін бастаған. Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан арнайы аппарат алдырып, алғашқы өнімді де шығарып көрді.

– Сабын құрамы 100 пайыз экологиялық таза өнімдерден тұрады. Олардың ішіндегі ең негізгісі – төрт түліктің сүйегі. Ол үшін Орал қаласындағы арнайы консервіленген ет шығаратын «Кублей» компаниясымен келісім-шартқа отырдық. Айта кетейін, сүйек міндетті түрде жілік майымен болуы қажет. Бұған сондай-ақ иленген жылқының терісін де, сиырдың мүйізін де белгілі бір ережемен қосуға болады. Біздің шағын цех қыркүйек айынан жұмысты бастады. Қазір күніне 2 жарым мың дана сабын шығарып отырмыз, – дейді Руслан.

Русланның бұл кәсіпті зерттегеніне бір жылдай болған. Ақыры тәуекелге бел буып, жергілікті жерден өнім шығаруды бастап кетіпті. «Қазалы» деген атаумен шығатын сабын жақын күндері аудандағы барлық дүкен сөрелеріне жайғаспақ.

Қазір кәсіпкер салмағы 170, 200, 250, 300 және 350 грамм болатын сабын шығаруда. Өнім бағасы да тұрғындар үшін қолжетімді.

Сондай-ақ кәсіпкер тек сабын өндіріп қана қоймай, жыл соңына дейін дәретхана қағазы, салфетка және қағаз сүлгі сияқты заттарды шығаруды жоспарлап отыр. Ал оған қажетті құрылғы көрші Ресейде құрастырылып болған. Жақын күндері елге жеткізіледі. Алдағы уақытта күнделікті тұрмысқа қажетті ыдыс жууға арналған сұйықтықты да шығаруды қолға алмақшы.

                                                                                                                                   Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<