Елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді әрдайым тапсырады. Әсіресе, ана мен сәби саулығын сақтау мақсатында нақты міндеттер жүктегені белгілі.
Расында ұлт болашағы дені сау ұрпақпен байланысты. Олай болса, келешегіміз саналатын сол жеткіншектерге көңіл бөліп, қамқорлық көрсету – басты міндет. Бұл орайда елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы – балаларға медициналық көмек көрсететін мамандандырылған орталық.
Баласы ауру азабын арқаласа, ет-жүрегі езілетін ата-ананың жай-күйі бәрімізге белгілі. Осындайда бірінші Алладан, екінші ақ желеңділерден жәрдем сұраймыз. Облыстық балалар ауруханасын қаншама сырқат жеткіншектердің жанына сая, дертіне шипа дарытып, талай сәбиді ажал аузынан алып қалған кәсіби мамандар мекені дерсіз.
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2016 жылы ашылған аурухана 440 төсек-орын, оның ішінде 300 төсек соматикалық, 80 төсек хирургиялық, 60 төсек оңалту және қалпына келтіруге арналған. Сонымен бірге бір ауысымда 300 бала қабылдайтын кеңес беру-диагностикалық емханасы бар. Көпбейінді болғандықтан мұнда науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Заманауи медициналық мекемеде соматикалық аурулармен бірге балалар хирургиясы, жансақтау және ота жасау бөлімдері жарақтандырылған. Жалпы 18 клиникалық және қосалқы бөлімшелер де бар. Жыл басында аурухана базасында «Госпиталдық фармация» бөлімі ашылды. Бүгінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, мамандар облыс көлемінде бұрын-соңды жасалмаған күрделі оталарды қолға алып, қарқынды дамытуда.
– Аурухана типтік негізде 200 орынға арналған. Қазіргі кезде 440 төсек-орын. Облыстағы балаларға арналған жалғыз көпбейінді аурухана болғандықтан, барлық ауру түрін емдейміз. Кейінгі екі-үш жылда хирургиялық бағыттағы жұмыстарды жандандыруға баса көңіл бөлудеміз. Мамандарымыз жеткілікті, көптеген күрделі ота енгізілді. Лапароскопиялық оталардың түрін көбейттік. Мәселен, асқазан, ішек жолдары, урологиялық, өңеш ауруларына күрделі оталар жасалуда. Құлақ, мұрын, тамақ ауруларына эндоскопиялық ота жасауды қолға алдық. Бұрын мұндай оталар Астана, Алматы секілді ірі қалаларда жасалатын. Оның ішінде облыста алғаш рет тимпанопластика отасы жасалды. Бұл – ортаңғы құлақ құрылымын сауықтыруға, дабыл жарғағының бүтіндігін және есту сүйекшелерінің қызметін қалпына келтіруге бағытталған заманауи хирургиялық ем. Ол созылмалы ортаңғы отит, жарақаттар немесе инфекциялар салдарынан есту қабілеті төмендегенде жасалады.
Нақтырақ айтқанда, құлақтың пердесін ауыстыруды бастадық. Екі науқасқа жасадық, өте сәтті шықты. Әрі қарай дамыту барысында мамандарымызды Алматы, Астана қалаларында біліктілігін арттыру курстарынан өткізуді жоспарлап отырмыз. Одан соң Түркияға жіберсек деген ойымыз бар.
Одан бөлек, жақында ғана төрт балаға гастростома жасадық. Ол – тамақ жұту функциясы бұзылған немесе өңеш бітелген науқастарды тамақтандыру үшін, алдыңғы құрсақ қабырғасы арқылы асқазанға арнайы түтікше орнату отасы. Бұл асқазанға тағам мен дәрі-дәрмекті тікелей енгізуге мүмкіндік береді. Көбіне сал ауруымен ауыратын балалар өздігінен тамақты жұта алмайды, соларға жасалады. Өте сәтті шықты.
Урологиялық оталар, травматологиялық, нейрохирургиялық, басқа да көптеген жаңа емдеу тәсілдері енгізілді. Бұл оталардың бәрі өте қымбат тұрады. Бірақ баланың саулығынан, амандығынан артық емес, – дейді бас дәрігер Әбдіғабит Әбләзімұлы.
Өңірде 5 мыңға жуық баланың мүгедектігі бар. Осы орайда оларға сапалы көмек көрсетуде көптеген жұмыс атқарылуда. Әсіресе, науқас балалардың өмірін ұзарту, өз-өзіне қызмет етуіне мүмкіндік жасау, оңалту үшін арнайы «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмыс істейді. 2022 жылы ашылған орталықта неврологиялық, кардиологиялық, травматологиялық және туабітті сал ауруымен ауыратын, яғни оңалту ем-шарасын қажет ететін балалардың ем алуына барлық жағдай жасалған. Бұрын мұндай науқастар республикалық оңалту орталықтарына барса, енді олар сол емді осы жерден-ақ алып жатыр.
– Жаңақорған, Арал аудандарында да «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы ашылды. Былтыр жыл аяғында аурухана жанынан «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы пайдалануға берілді. Президент тапсырмасына сәйкес ашылған орталықта туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі балаларға кешенді медициналық, психологиялық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Осылайша біздің облыста оңалту жұмыстары бір жүйеге келтірілді, – дейді бас дәрігер.
Науқастарға сапалы көмек көрсетуде заманауи құрал-жабдықтардың маңызы зор екені белгілі. Ауруханада уақыт талабына сай емдеудің тың әдіс-тәсілдерін, медицинадағы жаңашылдықтарды енгізу мен материалдық-техникалық базаның талапқа сай болуы басты назарда. Емдеу орны УДЗ, ЭКГ, МРТ, КТ аппараттарымен бірге коагулапатиялық тексеру жүргізуге қажетті реагенттермен қамтамасыз етілген. Жыл басында Жапонияның Fujifilm компаниясының заманауи ультражіңішке эндоскопиялық аппараты орнатылды. ЛАЗМИК-ВЛОК заманауи қанды тазарту аппараты сатып әкелінді.
– Кейінгі үш жылда ауруханаға 870 млн теңгенің құрал-жабдықтары сатып алынды. Биыл МРТ аппаратын қостық. Жалпы қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар, яғни, 99 пайыз қамтылған деп айта аламыз. Ендігі кезекте сал ауруымен ауыратын балаларды, өте ерте жастағы сәбилердің диагнозын анықтауға қажетті МРТ аппаратына түсіруге арналған магнитке әсер етпейтін наркоз аппараты қажет. Сұраныс беріп қойдық. Оған қоса нейрохирургиялық ота жасауға қажетті микроскоп сұрап отырмыз, – дейді Әбдіғабит Әбләзімұлы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, орталықта бала денсаулығын қорғауға қажетті заманауи құрал-жабдықтар баршылық. Олармен жұмыс жасайтын мамандарды уақытылы даярлау – бас дәрігердің алға қойған басты мақсаты. Ауруханада барлығы 102 дәрігер, 366 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Дәрігерлердің 35-і жоғары біліктілік санатты, 23-і бірінші біліктіліктегі, 14-і екінші біліктілік санатты. Былтыр 8 дәрігер жұмысқа қабылданған. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында былтыр 14 дәрігер Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Германия, Түркия елдері мен Астана және Алматы қалаларында болып, тәжірибе алмасқан.
Былтыр қабылдау бөліміне 93368 науқас қаралып, алдыңғы жылмен салыстырғанда (2024ж – 83986) науқас саны 10 пайызға артқан. Тәулігіне орташа 250-300 балаға дейін қаралады. Бұл балалар арасында тыныс алу жолдары аурушаңдығының маусымдық күшеюіне және жарақат бекетіне қаралған науқастар санының артуымен байланысты.
Ал ауруханаға түскен науқас саны – 18579. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға төмен. Оның себебін мамандар ана мен бала жұмысының күшеюімен және емханалардағы патронажды қызметтің реттелуімен байланыстыруда.
Хирургиялық науқастар саны өткен жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға жоғарылап, 6028 болған. Инструментальды зерттеулер саны былтыр 65077, өткен жылмен салыстырғанда 1,41 пайызға өскен.
Телемедицина мүмкіндігінің арқасында республикалық мекемелерден кеңес алу және аудандардағы науқастарға кеңес беру жолға қойылған. Жыл көлемінде 162 телемедициналық кеңес жасалған. Оның ішінде аудандармен 93, республика деңгейінде 69 рет мамандармен кеңес өткізілген.
Жалпы 60 жылдан астам тарихы бар балалар ауруханасы талай асулардан асып, белестерді бағындырып келеді. Саладағы енгізілген жаңалықтарды жылдам меңгеріп, жаңашылдыққа ұмтылуда көпке үлгі болып жүрген емдеу ұйымының жетістігі көп. Алдағы уақытта да емдеу барысында жаңашылдыққа ұмтылу жоспарланған. Биылдың өзінде күрделі оталарды енгізу көзделіп отыр. Бұл ұжымның тынымсыз еңбегі, үздіксіз ізденісінің бірден-бір нәтижесі екені сөзсіз. Ал оның ар жағында ұжымды осы істерге жұдырықтай жұмылдырып, кадрдың қадірін біліп, қолдау көрсетіп отырған бас дәрігердің еңбегі жатқанын айтпай кетуге болмас.
А.СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ





