Құмда туып, құмда өскен

515

0

Біздің қазаққа біткен бір қасиет – өнер әлеміне, жалпы ұлттық руханиятымызға араласқан перзенттерінің көбіне-көп ауыл арасынан шығатындығы. Атағы алысқа кеткен дарындыларымыздың түп дерегін дәйектеп көрсеңіз, ата тегі кәдімгі қара шаруа, малшы, балықшы, егінші, жұмысшы болып келеді. Бұның сыры кіндік қаны сорғалап тамған туған топырағының киесінен болса керек. Бас қатырып ойлана жүргендегі патша көңілімізге қазақтың ұлан-байтақ ұлы даласы анау-мынау дейтіні жоқ, тұтасымен киелі-ау дерсіз, сірә. Бұрын советтік дәуірімізде бәріміз бір елміз деп жүргенімізде байқамаппыз. Тәуелсіз елге айналғалы көп жағдайға көзіміз ашылып, қаныға түстік. Жеріміздің киесі болмаса, дербестігімізді алған күннің ертеңіне күллі әлемнің дүрлері тұс-тұстан анталап неге жетіп келді? Содан бері дербестігімізді алып, көңіл көзіміз дүн-дүниеге ашылғалы кеудемізді кеулеген осындай қынулы ой әрбір көзі ашық азаматты толғандырумен келеді. Даламыздың көл-көсір ырғын байлығы оның киесі емес деп айтуға кімнің дәті бара алады. Шет жұртты елімізге шұбыртқан жеріміздің киесі сол шығар-ау.

Жә, болары болды. Біз білетін өнер тарланы Оң­та­лап Нұрмаханов ауыл поч­тальонының баласы еді. Бі­леміз, ауыл баласы кеш ер жетеді,  қала баласы тез есейеді. Себебі, екеуінің дү­ние­ге көз ашқан ортасы екі түрлі. Оңталаптың да тағдыры көп­теген қатарластарындай әуел­ден-ақ шырғалаңмен басталыпты. Қала баласы мектепке үйінен қатынап оқыса, Оңталап үш ауылдың мектебін бірінен біріне көшіп жүріп бітіріпті. Бастауыштың екі класын құмға бөккен «Құмбазарда», се­­гізіншіні «Шөмішкөлде», то­­ғы­зыншы мен оныншыны «Қызылжарда». 

Содан кейін Алматыға барып құрылыс техникумына түседі. Оны ойдағыдай бітір­гесін жолдаманы Арал ауданына берген. Алақандай Аралда маман құрылысшы керегіп отырған мекеме қайдан болсын. Шаш қойып азамат болуға талпынған жас өрен жұмыс іздеп біраз уақытын босқа өткізіп алған. Аралдан жоғары білімді Жәдігер (Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының кейіпкері) жұмыс таба алмағанда, бұл балаға дайын  орын қайдан болсын. Айтпақшы, бір кісі параң болса… деген көрінеді. Ондайдан хабары жоқ, өмір жорығына әл-әзір араласпаған жас бала шошып кеткен. 

Жә, сонымен мамандығы бойынша жұмысқа тұрудан күдерін үзген ол Аралдың бір қисық көшесімен ойға батып келе жатқанында алдынан «Қыдыр ата» болып қала жұрты Ақтөкең атандырған Төлебай кездескен. Жағдайға қаныққан Ақтөкең Оңталапты ертіп, аудан­дық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жасекенов Құдай­бергеннің алдына алып барып: «Талай жасты тәрбиелеп қатарға қостың ғой. Осы баланы да бауырыңа тартып көрсең қайтеді», – десе керек.

Құдайберген ағамыз дип­ломды құрылысшыны кино­механиктің оқуына оқытып алады. Содан Оңталап алғашқы еңбек жолын Арал аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб киномеханигі болудан бастайды. Жиырма жасында. Дегенде, ол кино қоюмен алданып жүре бермеген. Жатпай-тұрмай ізденген. Тәлімгер басшының қамқорлығымен аудан өнер­паздарының ортасында бұл да ашыла түскен.

– Сен, Оңталап, бірден ор­нықты режиссёр бола қоймаған шығарсың. Жоғары білімді маман емессің. Дегенде, аудандық халық театрында «Тамаша» әзіл-сықақ отауының негізін қала­дың және сценарист-ре­жиссері болып басқардың. Бұл ыңғайда сені қазіргі дәре­жеге жеткізген ұстазың болған шығар? – дегенімде, Оңталап:

– Болғанда қандай! – деп көңілденіп қоя берді. – Әуелгі ұстазым Әбілхан аға Маханов болды. Иманды болғыр, нағыз сегіз қырлы дейтіннің өзі еді. Ол жырау және жыршы, ол әнші және сахна артисі, ол іштен оқып туған дипломсыз режиссёр еді. Жалғыз мен емес, Әбекең ауданда бәріміздің де ұстазымыз болды. Тек, «айыбы» заман ауыртпалығынан кезінде оқи алмай қалған. «Әлемге болды әйгілі Әбдіжәміл жазған «Қан мен тер» деп дастан жазған Әбекең ғой, ол! Несін айтасыз, о кісінің ауданның мәдени өміріне сіңірген еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес. Ал бәрін бастандырып жолымызды ашқан әрине, Құдайберген ағаның қамқорлығы ғой.

Оңталап сол Қ.Жасекенов­тың жөн сілтеуімен Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінің режиссёр бөлімін сырттай оқып бітірген түлегі. Енді ол аудандық мәдениет үйінің режиссёрі болып бекігесін жаңа мамандығы бойынша талпынып көрді. 1985-1990 жылдары Т.Аxтановтың «Күшік күйеу», Қ.Мұхамеджановтың «Ой, жігіт­тер-ай», С.Адамбековтің «Ал­тын табақтағы жылан», Р.Сейсен­баевтың «Қашқын», М.Махатаевтың «Қош, махаббат!» спектакльдерін сахналады. Бұл еңбегіне Арал және Қызылорда көрермендері қана­ғаттанып қол шапалақтады. Құмда туып, құм кешіп өскен ауыл баласының еңбегі жанды.  

Бұл азамат ауданда режиссёр бола жүріп ақындар айтысынан да бағын сынап көрген. 1985 жылы қазалылық Жетіскен Мәкенәлімен, 1987 жылы жалағаштық Алтай Көшеровпен, 1989 жылы таби­ғатты қорғау тақырыбы бойынша өткізілген екінші облыстық бәсекеде Лена Әбдіқалықовамен айтысқанда, табан астынан қарсыласына ұтымды жауап қайтара алатын қу тілді ақын екенін байқатқан еді. Сол жылы Ақтөбеде өткен айтыстан жеңімпаз болып оралды. «Өнерді үйрен де, жирен» демекші, енді ол ақындармен айтысуды қойып өлең жазумен шұғылданған. Шығармаларының сүйектісін жүйелеп жинақтай келгенде, «Қорқыт-қобыз» кітабы баспадан 9,5 баспа табақ болып жарық көрді. Жинақтың алғы сөзін белгілі ақынымыз Әскербек Рақымбеков жазған екен. Ақынға ұнағаны ғой. Кітап ылғи ойлы, астарлы өлеңдерден бас құрапты.

Оңталап шығармашылық кәсіпте де, өмірде де асық­пайтын адам. Өлең жазудан бұрын ұзақ уақыт ойланып жүріп алады екен. Өлең ту­ғаннан кейін оны жұрт көзіне дабыралатып ұсынуға да асық­пайды. Ойға алғанын үндемей жүріп бітіретін жайсаңның өзі. Амандық болса, оның енді екі бірдей өлеңдер жинағы жарық көретін күн де алыс емес.

Өңірімізде жылда мамыр айы туысымен облыс орталығында халық театрларының өнер жарысы өтетін дәстүрі бар еді. Сондай бір байқауда бірінші орын алған Оңталап Нұрмахановтың қойылымдарына сүйсінген сол кездегі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Аралдың жалғыз режиссерін орталыққа алдыруды тапсырған. Мә­дениет басқармасының басшысы Жаңыл қарындасымыз Оңта­лаптың қыр ізінен қал­май жүріп Қызылордаға ор­нық­тырып, облыс халық шы­ғар­машылығын дамыту ор­талығының көр­кемдік жетек­шілігіне тағайын­дайды. Оң­талап енді тіпті тыным таппайтын болды. Облыстық, респуб­ликалық және халық­ара­лық мәдени шараларды өткізу машақатына құмбыл кірісіп кеткен.

Атап айтқанда, Елбасының Сыр еліне келген сапарының мәдени шараларын өткізіп, «Қорқыт және түркі әлемі» халықаралық конференциясы құрметіне гала-концерт дайындады. Облыстың Астанада өткен мәдениет және өнер күндеріне «Қорқыт. Қобыз. Қызылорда» театрландырылған қойылым алып барды. Мәдениетті қолдау жылында «Тарих. Таным. Мәдениет» тақырыбымен ашылу және жабылу салтанатының, жыршы-жыраулардың «Ға­сыр­­­лар үні» конкурсының, түрік тілді елдердің балалар шы­ғармаларының «Қор­­қыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық өнер фести­валь­­дарының сце­нарий­лерін жазып, режис­сёрлік қойы­лымдарын дайын­дап көрер­мендер алдына шығарды.

Енді көп ұзатпады, мәдениет бас­қармасы Оңталапты Н.Беке­жанов атындағы облыс­тық театрдың режиссёрі қыз­ме­тіне ауыстырды. Осы өнер ордасында ол Р.Отарбаевтың «Қан­дыөзек» трагедиясын, Л.Егем­бердиеваның «Егіздер», С.Бал­ғабаевтың «Ғашық­сыз ғасыр» мелодрамаларын, Ә.Та­ра­зи­дің «Люстра» фан­тасма­гориясын, М.Ахманов пен А.Тоқмановтың «Екі дос немесе делдал қарға» ертегісін, С.Ахмадтың «Келіндер көтері­лісі» комедиясын сахна­лап, көпшілік талқысына ұсын­ды. Бұл еңбектерін де облыс жұртшылығы жылы қабыл­дады.

Өмірде өте қарапайым, болдым-толдым демейтін, ізде­нуден жалықпайтын, еңбектене беруден ерінбейтін осы өнер торысы сахналық қойылымдарды дайындай жүре Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының режиссёрлік бөлімін сырттай оқып бітіріп алды. Театрдан кейін «Қазақстан – Қызылорда» телекомпаниясының ша­қы­руы­­мен телевизия саласына да айтарлықтай қолтаңбасын қалдырды. Онда редактор бола жүріп «Жеті өнер», «Дейді-дейді, дейді екен» телехабарларын көрсетті және «Әпсана», «Бір келіншек», «Ұшар» телефильм­дерінің сценарийін өзі жазып, өзі түсірген. Бұл туындылары облыс телевизиясының алтын қорында сақтаулы. Жылда бір-екі рет облыс көрермендеріне көрсетіп тұрады.

Оңталаптың жүректі ел­жіретіп қозғаған және бір сценарийін жарық сәулелі дү­ниеден ерте кеткен қыршындар: Серік Өтеуов, Нұрберген Тас­таев, Сұраған Мырзаев, Ниетолла Раманқұлов, Бекұзақ Тәңірбергеновті еске алу кешіне арнап жазыпты. Бұл бес арыс Сыр бойының талантты ақындары еді. Сен, Оңталап, өмірден озған осы аяулылары­мызды осы еңбегіңмен орта­мызға алып келдің. Сенің бұл ісіңді замандастарың ұмытпас. Сахнадан бесеуінің де төл дауысын естіп дидарласқандай болдық.

Есімнен туған елім бір

кеткен жоқ,

Ақ туын адалдықтың        кірлеткем жоқ.

Аралдың табанынан су

кеткенмен,

Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, – деп Бекұзақ ақын театр төрінде көзі тірі кезін­дегідей домбыраның күм­бірімен баяғыдай жыр төккен дауысы саңқылдап тұрды… Сонда біз теңіздей толқып отырғанбыз.

Қандай жігіттер еді…

Рахмет саған, Оңталап!

Облыстың мәдениеті мен өнерінің дамуына 40 жыл үзбей сіңірген еңбегің еленіп, «Қазақстанның мәде­ниет қай­раткері» мәртебе­сіне ие болдың. Облыс әкімі­нің стипендиясын екі рет алдың. Және, Қазақстан Респуб­ли­касының Құрмет Грамота­сы­мен марапатталдың. Сахна шымылдығының ай­қара ашылғанына екі жыл енді толған Қызылорда қа­ла­­лық театрының көр­кем­­дік жетекшісі әрі бас режис­сёрлігіне бірінші болып та­ғайындалдың. Қысқа мерзім­де қала көрермендеріне үш спектакль көрсетіп үлгердің. Тағы да жаңа қойылым дайындап жүрген боларсың? – дегенімде, кәдімгідей аңқиып отыратын қалпымен Оңталап аз-кем ойланып алып:

– Ұсынған еңбектерім жал­­ғыз менің жеткен жетіс­тіктерім емес. Аралда да, облыс орталығында да мені желеп-жебеушілерім шын ықы­ласымен қолдады. Қызыл­орданың облыстық театрында жұмыс істеген жылдарымда театрдың бас суретшісі Серік Пірмаханов, бас режиссёрі Ерғали Оразымбетов менің жанашыр ұстазым болды. Осы театрда сахнаның бұрын мен ашпаған сырлары мен алуан сиқырлы қырларын зердеме тоқи жүріп, іздене жүріп ерінбей үйрендім. Мен өмірдің өзінен де және ұстаздарымнан да үйреніп тәрбиеленген, олардың көз алдында өскен режиссёрмін, – деді.

Дұрыс айттың, Оңталап. Сен Қазалы жерінен басталып сонау Шалқарға дейін бірі мен бірі құйрықтасып жатқан аткөпір ұлы құмда туып, құм көшкінін кешіп өскен жансебілсің. Ұзын­нан-ұзақ созылып жатқан болат жолдың бойындағы «Құм­базардың» ақ шағыл құмына қаның тамған құбажон дала перзентісің. Өнер жолына түскен саған және өзің сияқты азаматтардың жолына нұр жаусын! Сенің баспада кезегін күтіп жатқан «Парадария сақтары» және «Қарлығаш құсым» жыр жинақтарыңның тезірек жарық көруіне бәріміз де шын жүректен тілектеспіз.  

   

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<