ҚХА 30 жылдығына арналған республикалық конференция өтті

1823

0

Фото: «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

2025 жылы 18 ақпанда Қызылорда қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазіргі Қазақстандағы этносаралық келісім мен тұрақтылық» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Конференцияның мақсаты – Қазақстандағы этносаралық келісім мен тұрақтылықтың даму жолдарын талқылау, ұлттық бірегейлік пен патриотизмді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін ерекше көрсету. Бұл шараға ғылыми қауымдастық, мемлекеттік органдар, этномәдени бірлестіктер мен жастар қатысты. Конференция Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Студенттер сарайында өтіп, қатысушылар онлайн Zoom платформасы арқылы да қосылды.

Конференция модераторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі, Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Майнұр Бөрібаева болды.

Негізі баяндамашылар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық кеңесінің жетекшісі Айгүл Садвокасова (онлайн) Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғаннан бері атқарған жұмыстары мен жетістіктеріне тоқталды. Этносаралық келісім мен тұрақтылықтың маңыздылығын және халық бірлігін сақтау үшін Ассамблеяның рөлін ерекше атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығының жетекшісі, Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Айтжан Оразбақов ХІХ ғасырдан бастап Ресей империясының әсерінен өңірге орыстар, кейіннен Ұлы Отан соғысы жылдарында түрлі этностардың депортациялануы осы аймақтың полиэтникалық құрылымын қалыптастырып, Сыр өңірі көпэтносты қоғам ретінде қазақтармен қатар өзбектер, орыстар, татарлар мен басқа этнос өкілдерін біріктіретінін, бұл аймақтың этникалық әртүрлілігі еліміздегі мәдени татулық пен толеранттылықтың үлгісін көрсететінін атап өтті.

Астана қаласы «Ахыска» түрік этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Аскер Пириев (онлайн) «Қазақстандық этносаралық келісімнің моделі» тақырыбында баяндама оқып, еліміздегі Ассамблея институты әлемдегі көпэтникалық қоғамдар үшін үлгі бола алғандығын атап өтті. Этносаралық бейбітшілік тек қоғамдық тұрақтылықтың негізі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық дамуына зор ықпалын, елдегі әрбір этникалық топтың өз мәдениетін дамытуға және сақтауға мүмкіндік беріп, өз кезегінде Қазақстанның көпмәдениетті қоғамын байыта түскендігін алға тартты.

М.О. Әуезов атындағы ОҚУ университетінің доценті, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісінің орынбасары, философия ғылымдарының кандидаты Саипжамал Қорғанова (онлайн) «Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық бірегейлік пен патриотизмды дамытудағы рөліне» тоқталды.

Ал облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты Айгүл Мұсабаева «ҚХА 30 жылдығы: «Ана мен бала бақыты-қоғамдық тұрақтылықтың негізі» тақырыбын қозғай отырып, халықтың бірлігін, ынтымақтастығын нығайту жолындағы жүзеге асырылған жұмыстарды тізбектеп атап өтті. Аналар кеңесінің атқарған ауқымды жобаларының мақсатына тоқталды. Сондай-ақ әртүрлі жастағы балалардың назарын баулайтын мемлекеттік тілдегі контенттерді көбейту туралы ұсынысын білдірді.

«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Қызылордадағы филиалының төрағасы Наталья Мишукова «Қазақстан халқы Асамблеясының 30 жылдығы: бірлік, келісім және даму» тақырыбын қозғап, бірлік, келісім және даму жолында әрбір этнос өкілінің қазақ тілін меңгеру арқылы қазақ еліне алғысын білдіруі керектігін айтты және қазақ елінде әр этнос өкілінің үлесі, қазақ тілін меңгеруге деген ықыласы мен құрметі біздің ортақ болашағымыздың жарқын болуына әкеледі деп атап өтті.

Конференцияны «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Дәулет Омаров қорытындылап, бірлікті, татулықты берік сақтап, Қазақстанды бірге нығайтуға шақырды.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<