Қоғамдық тәртіпті сақтау құр сөз емес

1263

0

Барлық адам бірдей тәртіп пен талапты сақтай бермейді. Бірі қасақана қылмысқа барса, енді бірі абайсызда жаза басып жатады. Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы  жыл басынан бері аймақта қылмыс саны 2178-ден 2142-ге төмендегенін хабарлады. Бірақ бұрын сотты болғандар жасаған қылмыс көбейген.     

Қоғам қауіпсіздігі үшін қылмыстың алдын алу маңызды. Облыс көлемінде «Надзор» «Пробация» «Квадрат» іс-шаралары ұйымдастырылып жүр. Онда полиция қызметкерлері бұрын сотты болғандардың мекен-жайын тексеріп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. 

− Күн сайын облыс орталығы 396 бағытқа бөлініп, қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстың алдын алу үшін 92 қызметтік автокөлікпен 148 қызметкер, 10 жаяу бағытқа 20 қызметкер және Ұлттық ұлан гвардиясынан 145 сарбаз кезекшілікке шығады. Сондай-ақ, облыс орталығы бірнеше секторларға бөлініп, қаланың криминогенді, яғни, қылмыс көп болған аймақтарының картасы жасақталған. Қоғамдық орындар мен көшедегі құқық бұзушылықтарды барынша тежеу үшін жұма, сенбі, жексенбі және мейрам күндері кафе-барлар мен түнгі клубтарға, ақша айналымы бар объектілерге және көпқабатты үйлердің аулаларына аппарат қызметкерлері қосымша бағыттарға шығуда.

Бұрын сотты болғандар қайта қылмысқа бармас үшін қатаң бақылауда ұстаймыз. Учаскелік полиция инспекторлары жыл басынан бері есепте тұрған 4 азаматты түзеу мекемелеріне қайтарды, 3 азаматқа әкімшілік  қадағалау орнатылды, − деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі  Бақыт Молдабеков.  

Қазір өзекті мәселе – жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуі. Жыл басынан оның саны 199-дан 201-ге, жол апатынан қайтыс болғандар саны 52-ден 66-ға өскен. Жарақат алғандар  245-тен 248-ге артып отыр. Оның ішінде балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 33-тен 58-ге өскен, қайтыс болғандар 4-тен 9-ға, жарақат алғандар 46-дан 58-ге көбейген. Әрбір жүргізуші көлік айдау кезінде жол ережелерін бұзбай, тәртіпке бағынса, мұнша жанға зияны тимес еді.

Облыста 240 балабақша бар (оның 208-і жеке, 27-сі мемлекеттік балабақша, 5-уі шағын орталық). Оның ішінде 151-де бала тасымалдау көлігі бар. Бірақ тасымалдау көліктері талапқа сай келмейді. Жүргізушілерге ескертіп, үнпарақтар таратып, әлеуметтік желілерде жарияланса да, талап сақталмайды. Бала тасымалдау қағидаларын сақтамағаны үшін жыл басынан 38 жүргізушіге әкімшілік шара қолданылып, 570 мың теңге айыппұл салынып, өндірілді.

− Темір тұлпарды тізгіндеген әрбір азамат жауапкершілік сезінуі керек. Жолға шыққан соң өз тағдырына, айналасындағы жүргізушілер мен жолаушылар өміріне жауапты. Сондықтан жол өзімдікі деп, ережелерді бұзып тайраңдамауы тиіс. Жол-көлік оқиғаларынан балалардың зардап шегуі орны толмас өкініш. «Асықтым», «Байқамай қалдым» деген сылтаулар айтылады. Көлікке мас күйде, стрестік жағдайда отырмау қажет. Жазым деген аяқ астында. Сақтық жасамаса өзінің де, өзгенің де өміріне зияны тиеді. Қылмыс пен жол-көлік оқиғаларын болдырмас үшін әр адам жауапкершілікті сезінуі керек, − дейді облыстық мәслихат депутаты Аида Әбибуллаева. 

Жол апатының алдын алу бағытында облыстық полиция департаменті жедел-профилактикалық шаралар ұдайы жүргізіп келеді. «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы» жедел-профилактикалық шаралары мен «Назар аударыңыз, балалар!» және «Жолда қабылдау»  акциясы өз нәтижесін беруде.

− «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 10 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде мас күйінде көлік айдағаны үшін 120, жаяу жүргіншіге жол бермеген 264, қарсы бағытқа шыққан 31, бағдаршамның қызыл түсінен өткен 88, автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаған 2 дерек анықталды.

Сонымен қатар облыс төңірегінде жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес 19-21 тамыз аралығында күшейтілген түрде жұмыс атқарылуда. Екі кезеңде 22-31 тамыз және 1-12 қыркүйек күндері «Абайлаңыз, балалар!» атты жедел-профилактикалық іс-шаралары өтіп жатыр. Аталған іс-шара барысында оқу орындарының айналасындағы жол, жол белгілерінің жағдайлары тексерілуде. Біздің басты мақсатымыз – адам өмірі мен денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, − дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Марат Рахметов.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жылдамдықты межеден асырмай, жол ережелерін сақтауды ескертеді. Жолда жүргенде жаяу жүргіншілер, тек белгіленген орыннан өткені абзал. Санаулы күннен соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларға жолда жүру ережесін үйретуге барынша көңіл бөлсе дейді мамандар. Ол үшін жол қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сырт киімдеріне, сөмкелеріне мүмкіндігінше жарық қайтарғыш таққан жөн.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<