Мәдениет – мәңгілік қазығы, өнер – өмір азығы

2449

0

Облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбековамен сұхбат

– Мира Жомартқызы, кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын. Алдымен оқырманды облыстық мәдениет саласының жалпы жай-күйімен таныстырып өтсек.

– Сыр мәдениетінің бүгінгі бет-бейнесі қай жерге, қай елге апарып көрсетсе де марқайып айтатындай беделге ие десем, бұл сөзімді білетін жұрт жоққа шығармайды.

Облыста 400-ден аса мәдениет, өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Оның ішінде 209 кітапхана, 171 мәдениет үйі мен клуб, 14 музей, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры, облыстық филармония, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, т.б. мекемелер бар.

 Аймағымыздағы мәдениет нысандарын жаңғырту мақсатында тәуелсіздік жылдары 33 клуб, 6 музей, 1 кітапхана  құрылысы салынып, ел игілігіне берілді. Биыл 5 ауылдық клубтың құрылысы аяқталады.

Осы жылы облыс бюджетінен мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға 670 млн теңге бөлінсе, нақтылаудан соң облыс әкімінің қолдауымен бюджет қосымша 1,1 млрд теңгемен толықты.

Аймақ басшысының тікелей бастамасымен көпфункционалды 1000 орындық «Өнер» орталығы жыл соңына дейін берілгелі отыр.

Өңірімізде классикалық өнерді дамыту, көрермендерге концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну мақсатында симфония оркестрі құрылды. Ұжымның тұсауы жаңа «Өнер» орталығында ресми кесіледі.    

Сонымен қатар,  Алаштың анасы – Сыр төрінде кірпіші қаланған «Анаға тағзым» орталығы тамыз айында іске қосылады.

Өнерде жүрген мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жобасы жүзеге асырылады. Адамның мүмкіндігі физикалық тұрғыдан шектеулі болса да, өнерде шектеу жоқ. Әлеуметтік көмек алушы жандардың арасында талантты жастар баршылық. 2017 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі балалардың «Шаг навстречу» деп аталатын халықаралық шығармашылық фестиваліне Қызылордадағы №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы мектеп-интернатынан 4 өнерпаз қатысып, ымдап ән айту мен халықтық орындау жанры бойынша жас ерекшеліктеріне қарай  4 талапкердің барлығы да жүлделі І орынды иленіп келгені көптің есінде.

– Жағымды жаңалықтар көп екен. Ал, енді жыл басынан атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз?

– Жыл басынан бері облыстың мәдениет мекемелерінде 8880 шара өткізіліп, оған 466033 адам қамтылды.

Жас таланттарды табу, өнер әлеміне жаңа есімдерді шығару үшін 1 халықаралық, 4 республикалық, 11 облыстық байқау-фестиваль, жыр мүшәйралары, ақындар айтыстары ұйымдастырылды.

Биыл қызылордалықтар тұңғыш рет композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев атындағы «Туған жер» І халықаралық әншілер конкурсын тамашалады. Алдымен аймақтық, сосын республикалық болып ұйымдастырылған конкурс бұл жолы халықаралық дәрежеге көтеріліп, Польша, Болгария, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді бірнеше елдің өнерпаздары бақ сынады.

Сонымен бірге, ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция және республикалық жыр мүшәйрасы өткізілді.

Облыстық филармонияда даңқты қолбасшы Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған «Бабаға құрмет – тарихқа тағзым» атты танымдық концерт берілді.

Сыр сахнасында Ақмола облыстық филармониясының «Гәкку» би ансамблі мен Қызылорда облыстық филармониясының «Томирис» би ансамблі бірлесіп, «Би әлемі» атты концерт берді. АҚШ-тан алғаш рет арнайы шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың лауреаты, пианист Т.Ержановтың дирижерлік етуімен камералық оркестр өнер көрсетті.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында былтыр Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы», У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта», А.Ахметтің «Шырмауық» қойылымдары, биыл Ш.Айтматовтың повесі бойынша сахналанған «Жәмилә» спектакльдері мен бірқатар балалар қойылымдарының премьералары өтіп, Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов», «Мұстафа Шоқай», Д.Исабековтің «Құстар фестивалі», т.б. спектальдері көрермен назарына ұсынылып келеді.

– Телефонмен таласа туған бүгінгі жастар арасында кітап оқуды насихаттау ісі қалай жүргізіледі? Олар қазір компьютерде отырғандарды болашақ кітап оқығандардың басқаратынын біле ме?

– Бұл – бәрімізді мазалайтын сұрақ. Дегенмен, кітап оқитын жастар да жетерлік. Облыс кітапханалары бүгінде 51463 оқырманға қызмет көрсетті.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Оқитын ұлт» іс-шарасы аясында кітап оқуды насихаттау және халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Оқитын өлке» акциясы, кітап жәрмеңкесі, оқу фестивальдері, оқу марафондары, буккросингтер ұйымдастырылып, республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Т.Әбдіктің шығармаларын насихаттау мақсатында іс-шаралар өткізілді. 

Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған «Ұлтын ардақтаған ұлтжанды тұлға» атты кең көлемді кітап көрмесі ашылып, «Ұлт мақтанышы» атты апталық, ақын, ғұлама ойшыл Ш.Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толуына орай облыстық «Шәкәрім оқулары» байқауы өткізілді.

Сонымен қатар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық  әмбебап-ғылыми кітапханасында балаларды кітап оқуға қызықтыру, оқуды насихаттау үшін «Кітаппен бірге өсеміз», «Әжемнің ертегілері» атты жобалары жүзеге асырылып келеді.

– Аймақ басшылығына Нұрлыбек Нәлібаев келгелі әр саладағы серпіліс секілді мәдениет саласы да мейлінше кең тыныс алғандай болды. Біз мұны облыс әкімінің «Халыққа, ұлтқа рухани пайдасы тиетін қандай жоба болса алып келіңіздер, оларға еш кедергісіз қолдау болады» деген сөзінен білеміз.

Алдағы кезеңде мәдениет қызметкерлерін қандай игі шаралар күтіп тұр?

– Ақиқатында аймақ басшысының мәдениет пен спортқа деген қолдауы арнайы әңгіменің тақырыбы болмақ.

«Балалар жылында» облыс әкімінің тікелей ықпалымен аймағымыздың демеушілері жалпы құны 1,6 млрд теңгеге 80 спорт-ойын алаңын салып, пайдалануға берді. Таяу уақытта 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионы бой көтереді.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының  Алматы қаласына гастролі ұйымдастырылады. Біздің театр өнер астанасына соңғы жиырма жылда ат ізін салмаған екен.

Өңірімізде тұңғыш рет «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық жасөспірімдер айтысы өткізіледі. Бұл жөнінде облыс әкімі «Алтын домбыра» сыйлығының үш дүркін иегері Мұхтар Ниязовтың ізбасарларын дайындау бізге аманат», – деген болатын.

Алдағы уақытта Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтеді.

Мерейтой аясында бірінші рет бюджет тапсырысымен 12  сериялы имидждік телесериал түсіру жобасы жүзеге асырылады. Түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық өнер фестивалі. Қаңлы Жүсіптің 150 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімінің «Тұран» мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған 500 мың теңгелік қаржысы бар арнайы сыйлығы табысталды.                           

Сонымен қатар, бірқатар сала қызметкерлері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, облыстың Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айтулы шарада аймағымыздағы маңдайалды 8 өнер ұжымына 5 данадан  40 домбыра табысталды. Берілген домбыра аспабы жергілікті қолөнер шеберіне арнайы тапсырыспен жасатылған концерттік домбыра екенгін атап өткім келеді.

Барша әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Елдің рухын көтеріп жүрген оларға әрқашан амандық, шығармашылық бақыт тілеймін.

– Жаңалығы көп сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<