37389 теңге: қолдау мен қарбалас

410

0

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналарға балаларды мектепке дайындауда білім беру ұйымдары да қарайласатын. Бұрындары әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға мектеп формасы заттай берілетін. Ата-аналар өтінішімен биылғы жылдан бастап жеке шотына қаражат түрінде аударылатын болады. Алайда, ата-аналар 15 күн ішінде  қаражаттың мақсатты түрде жұмсалғанын растау қажет. Бұл жаңалықпен Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев бөлісті.

Әр балаға 37389 теңге қарастырылып отыр. «Жалпыға міндетті білім беру қорының» есебінен, жергілікті бюджеттің ақшасынан көмек беріледі. Көмек алатын адамдардың тізімін жергілікті атқарушы органдар жасақтайды. Оған ену үшін мектептің әлеуметтік педагогына барып, өтініш жазу керек. Үкіметтің №64 қаулысына өзгерістер енгізілді. Десе де, «Жалпыға міндетті білім беру қоры» аясында көмек алатын бес санат өзгерген жоқ. Атап айтқанда: әлеуметтік көмек алатын отбасынан шыққан балалар; атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы күнкөріс шегінен төмен отбасынан шыққан балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, әртүрлі қиын жағдайларға тап болып, төтенше жағдайларда (өрт және тағы басқа) қалған балалар және жоғарыдағы төрт санатқа жатпайтын, бірақ материалдық жағдайы төмен отбасылар. Оны мектептің қамқоршылық кеңесі белгілейді. Аймақта атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының 13533 балаға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 593 балаға, басқа санаттағы 17196 балаға қаржылай көмек берілмек. Ата-аналар мектепке құжаттарын өткізді. Алайда кейбір жерлерде құжат қабылдау  аяқталды деп қабылдамай қойса, кей ата-ана ертең ақша түссе алатын затына түбіртек беретін кәсіпкерді іздеп жүр. Кейбір мектептің әдіскері өтініш білдірген ата-ананың үйін суретке түсіріп әлек. Тарқатып айтайық.

«Түбіртек бересіз бе?»

«Қаражаттың нысаналы пайдаланғанын растайтын құжаттарды, яғни төлем түбіртегі, сурет сынды дәлелдемелерді сатып алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде білім ұйымына өткізуі тиіс. Себебі, ата-ана қаражат алар алдында оның нысаналы жұмсалғанын растайтын құжаттарды ұсынуға келісетінін және жалған ақпарат пен анық емес құжаттар бергені үшін жауапкершілік туралы ескертілгенін растап, өтініш жазады», – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Д.Жекебаев.

Қаладағы №7 мектеп-лицейінің ата-анасы Ақмарал Дастенова базарды, кәсіпкерлерді аралап чек беретін кәсіпкер іздеп жүр. Себебі ақша түскен соң оны қалай жаратқаны жөнінде есебін өткізуі керек.

−  Құжат өткіздік. Ол қаржыға базардан киіндіргіміз келеді. Базар бағасы арзан. Бірақ түбіртек бермейміз дейді базардағылар. Қаламыздағы А.Тоқмағамбетов мәдениет үйінің аумағында жергілікті тауар өндірушілердің қолынан шыққан мектеп формалары сатылуда. Бұл жәрмеңкелер 5 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы кәсіпкерлер алған затымызға түбіртек берсе, отандық өнімді қолдар едік. Барып сөйлестік. Түбіртек бере алмайтындарын айтты. Ал сауда орталықтарынан, дүкендерден сауда жасасақ, 37389 теңгеге екі зат қана аламыз. Бұл бізге тиімсіз», − дейді.

«Үйіңіздің ішін суретке түсіріңіз»

Ал қала тұрғыны Гүлнұр Бақытқызы: «Үйдің ішін де суретке түсіріп бердік. Қаржылай көмек алатын ата-аналарға қойылатын талаптары қызық. Барлық құжатты өткіздік. Үйдің ішінде суретке түсіріп беруімізді айтты. Сонда менің үйімде жақындарым алып берген тоңазытқыш, LED теледидар болса, 37389 теңге қаржыны бермей қоя ма? Үкіметтен қолдау табу үшін ешқандай дүние-мүлкі жоқ жерде тұруымыз қажет пе? Балаға деп алған соң соларға жаратарымыз анық қой. Менің төрт балам мектепке барады. Бәрі – оқу озаты. Тым құрыса бір балаға «Мектепке жол» акциясынан деп оқу құралын берген жоқ», − дейді.

Акция шапағатын кім көрді?

«Мектепке жол» акциясы басталған уақыттан бері облыс бойынша 1601 балаға жалпы құны 18 млн 953 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Облыстық білім басқармасы демеушілер көмегімен балаларға оқуға ең қажетті мектеп және спорттық костюмдер, кроссовкалар, сөмкелер мен кеңсе тауарлары берілгенін мәлімдеді.

«Бұл қолдау халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарындағы балаларды мектепке дайындау үшін көрсетілді. «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Барлық білім беру мекемелерінде микроаудандар бойынша балаларды тіркеу, есепке алу шаралары ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін басқарманың сенім телефонына 3 мыңнан астам ата-анаға акция жөнінде түсіндірме жүргіздік. Аталған акцияға «Қызылдихан» ШҚ, «БАҚ» ШҚ, «Ақжарма» ШҚ, «Сейфуллин Жер» шаруа қожалықтары, «Жан-Рос», «Мереке» ательесі, «Ақжүрек», «Ел Арай» компаниялары мен шағын және орта кәсіп иелері демеушілік танытты. Алдағы уақытта «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ 100 оқушыға оқу құралын, «Dalatex» ЖШС  400 балаға форма тігіп беруді жоспарлауда, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.

Сала басшыларының айтуынша, Үкіметтің №64 қаулысына өзгеріс еніп, «Жалпыға міндетті білім беру қорының» есебінен киім-кешек, оқу құралдарына қаржылай қолдау 20-25 тамыз аралығында берілмек. Бұл қаулыда құжат өткізу мерзімі нақты көрсетілмеген. Не істерін білмей жүрген ата-аналар әлі де бар. Қысқасы, әр балаға тиісті негіздемелер бойынша қарастырылған 37389 теңге төңірегінде қарбалас әлі саябырсыған жоқ.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<