Баспана – басты мәселе

798

0

Бір бөлмелі пәтер болса да, өз үйің, өлең төсегің болғанға не жетсін?! Үйі жоқтың, күйі де болмайтыны белгілі. Баспана кезегінде тұрғандар саны еліміз бойынша 621 мыңнан асады екен. Ал оның ішінде 402 мыңы әлеуметтік осал топтың қатарында.

Ипотекалық бағдарламалар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Олардың ұсынатын мүмкіндіктері мен қоятын шарттары түрліше.  Дегенмен саны артқан бағдарламалар баспана түйткілін шеше алды ма? Пәтер жалдап тұратындардың көбі – қазақ отбасылары.

Қала тұрғыны Меруерт Қайратқызы 2012 жылдан бері пәтер кезегінде тұрады. Ол қанша рет түрлі бағдарламаларға қатысуға ниет білдіргенмен, бірде-бір санатқа кірмейді, енді біріне айлық табысы жетпей жатқанына налиды.

–    Үй алу үшін банктен депозит ашып, үш жыл салымшы болып келемін. Біреудің пәтеріне ақша бергенше өз үйіміздің ипотекасын төлегеніміз артық емес пе?! Жалдамалы пәтерді сатып алу құқығымен қолайлы бағдарламалар шығарса жақсы болар еді, – дейді ол.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта отандық банктердегі әрбір төртінші несие тұрғын үй сатып алу үшін беріледі. Бұған қоса елімізде берілген ипотека көлемі де жыл санап өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы азаматтарға 1,1 триллион теңге ипотекалық несие берілген. Ипотека тұрғын үй алуда оңтайлы шешім екені рас, дей тұрғанымен, банкке жүгінбес бұрын бірқатар дүниелерді ескерген жөн. Ипотекалық бағдарламаны таңдағанда неге мән беру керек? Тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған қандай бағдарламалар бар?

Баспаналы болудың жолдарын ұсынып жүрген сарапшы, белгілі блогер, экономист Дәулет Мұқаев банктен ипотека алу оңайдың оңайы  секілді көрінгенмен, көптеген нюанстары барын еске салады. Алдымен жасы 18-ден асуы керек. Оған табыс туралы есеп көрсеткішінің, тұрақты жұмыс орнының, кейінгі алты айдағы зейнетақы жарналарының, басқа несиелер бойынша қарыздар мен кешіктірілген мерзім болмауы, оң несиелік рейтингтің маңызы зор.

Тұрғын үй бағдарламасын таңдауда несие нысаны, отбасылық жағдайы мен балалардың болуы, жұмыс түрі сынды дүниелер шешуші рөл атқарады. Мәселен, мемлекет тарапынан азаматтың отбасылық жағдайы мен қызметіне байланысты бірқатар субсидиялық бағдарламалар қарастырылған.

–    Кез келген клиент бастапқы жарнаны төлер кезде біршама шығындарға ұшырап жатады. Осы себепті де оңтайлы бағдарламаларды таңдап, тиімді шарттарын қарастыра отырып, алғашқы қадамдарды пысықтап алған жөн, – дейді сарапшы. Оның айтуынша, мына нәрсеге баса назар аудару керек. Бірінші, несиенің сомасын айқындап алыңыз. Оның көлемімен бірге банк алдындағы тәуекелдің де өсетінін естен шығармаған абзал. Несиенің қайтарылуына сенімді болу үшін банк сізден сатып алынған мүлік түріндегі кепілдікті талап етеді. Қолайлы нұсқаны таңдау үшін ең алдымен, ипотекалық несиелеудің ерекшеліктерін зерделеп, ал кейде ортақ қарыз алушыларды немесе кепіл берушілерді сұрайды. Сондай-ақ, ипотекаға өтініш берген кезде сізге жылжымайтын мүлікті бағалау мен сақтандыруға қосымша шығындар қажет болатынын естен шығармаңыз.

Екінші, алғашқы жарнаны жоспарлаңыз. Егер сіз пәтер сатып алу үшін қаражат жинап жүрсеңіз, онда бұл ақшаны бастапқы жарна ретінде қолдануға болады. Бастапқы төлем әдетте жылжымайтын мүлік құнының 10-20% мөлшерінде белгіленеді. Алғашқы жарна неғұрлым көп болса, банктен алынатын қарыз да соғұрлым аз болады, осыны естен шығармаған абзал. Бұл өз кезегінде артық төлемді азайтады.

Үшіншіден, несиенің мерзімін белгілеңіз. Несиенің толық өтеу мерзімі төлемдер кестесі мен олардың айлық мөлшеріне тікелей әсер етеді. Қарызды қайтару мерзімі ұзақ болған сайын, ай сайынғы төлем азаяды, ал оның орнына артық төлем сомасы көбейеді. Сондықтан төлемдердің ұзақтығы мен мөлшері арасындағы оңтайлы уақытты таңдаңыз.

Төртіншіден, арнайы ұсыныстар туралы біліңіз. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін жеңілдіктері бар әлеуметтік ипотеканы қолдануға болады. Ең танымал бағдарламалар қатарында жаңа салынған үйлерден, жас отбасыға арналған, әскери қызметкерлерге арналған, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған ипотека және т.б. бар. Ипотекалық бағдарламаны таңдағанда, комиссиялардың бар-жоғын анықтап алыңыз. Банктің ипотеканы өтеуге қандай әдістер (аннуитет немесе сараланған төлем әдісі) ұсынып жатқанын қараңыз. Көбіне қарыз алушылар бірінші әдісті – аннуитетті таңдайды. Бұл пайыздық мөлшерлеменің бүкіл сомасы несиенің барлық кезеңінде біркелкі бөлінетінін білдіреді. Сайып келгенде соманы түгелімен өтеуіңізге тура келеді. Әрбір бағдарламаға тән белгілі бір талаптар бар, соларды мұқият зерделеп шығыңыз.

Жасыратыны жоқ, пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүргендер көп. Жоғарыда келтірген мәліметтен-ақ, осал топтағы азаматтардың баспанаға қол жеткізе алмай жүргенін байқаған боларсыз. Енді бұл мәселе де жуық арада шешімін табатын тәрізді. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы осал топтағы және тұрғын үй мәселелерін шешуге аса мұқтаж азаматтар үшін ең тиімді механизм болатынын жеткізді. Дегенмен тапқан табыстың жартысынан көбін күнделікті тұтынатын азық-түлікке жарататындар жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысу-қатыспауы неғайбыл.

Оның себептерін саралап көрейік. Қарыздың ең жоғары сомасы бойынша шектеулер алынып тасталғанмен, бағдарламаға қатысушы төлем қабілетін растауға міндетті. Сондай-ақ, алғашқы 10% жарнаны төлеуі де керек.

Бір бөлмелі пәтерге ие болу үшін жас отбасылар айла-шарғыға да баруға мәжбүр. Соның әсерінен «Толық емес отбасы» санатындағылар көбейген. Енді баспана алу үшін формальды ажырасатындар қатары сирейтін шығар. Өйткені, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылардан «Толық емес отбасы» санаты алынып тасталды. Оның орнына тізімге жетім балалар,  I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар енгізілді. Демек, ендігі кезекте бұл бағдарламаға көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балалары бар отбасылар және жетім балалар қатыса алады.

Жүргізілген мониторинг нәтижесі «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап әкімдіктерде «Толық емес отбасы» санаты бойынша кезекте тұрғандар саны 72%-ға немесе 61,6 мың адамға артқанын көрсеткен. Мәселен, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша өтініштердің 50%-дан астамы осы санаттан келіп түскен, оның 35%-ы жеңілдетілген қарыздар алған. Биыл барлығы 32,4 мың өтінім берілсе, оның ішінде толық емес отбасылар  50,6 % (16,4 мың өтінім), көпбалалы отбасылар 39,1% (12,7 мың өтінім), мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар  10,1% (3,3 мың өтінім).

Иә, бағдарламалар көбейгенмен, ол баспана мәселесін түбегейлі шешіп тастамайтыны анық. Күн сайын шарықтаған баға да ырық берер емес. Әлі де халықтың қалтасына қонымды жолдары қарастырылса, пәтер жағалағандар азаяр еді…

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<