Ескі техника есті жиғызбас

706

0

Осыдан 10-15 жыл бұрын шығар. Күріш егетін Қызылорданың алқабында «Енисей» мен «Нива» секілді еңсесі түскен ескі комбайндар жүрді. Сүйретіліп жүрді. Жүруінен тұруы көп. Кеңестік кезде көресіні онсыз да көп көрген бұларға сол кезгі шаруалардың өкпесі аздау. Өйткені, өзге техникасы да жоқ. Сол қиындықпен егінді бастырып, күні-түні болса да күрішті

жиып бітетін…

Ал қазір ше? Тілшілік сапармен ауыл шаруашылығы жұмыстарын көреміз. Дән себу кезінен, орақ түскенге дейінгі шаруалардың тыныс-тіршілігін ақпараттандырамыз. Кейбір жеке шаруашылықтардың егін даласында боламыз. Сондағы көргеніміз, жаңа техника. Германиялық «CLASS» маркалы комбайн мен трактор, канадалық «МacDon» деп аталатын жатка. Шөп басатын техникасы, жер жыртар соқасы заманауи. Бәлкім, шетелдік дүние болар. Трактор атаулы да түгел өзгерген. Демек, бұрынғыдан әлдеқайда жақсырақ.

Рас, кейінгі жылдары осы асыраушы саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Аграрлық сектордың қай бағыты болмасын, өзгеріс көп. Әрі оң жағынан. Соның бірі – ауыл шаруашылығы машиналарын жаңарту мәселесі.

Қуанарлығы, биыл облыста 102 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 63, қалған 39-ы шаруашылықтардың өз қаржысы есебінен келген деуге болады. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, кейінгі бес жылда облыстың ауыл шаруашылығы машина-трактор паркі 25 пайызға жаңарған.

Мысалы, биыл Жаңақорған ауданында 23 ауыл шаруашылығы техникасы алыныпты. 12 трактор, 2 соқа, 1 тұқым сепкіш, 4 трактор тіркемесі және 4 басқа да техника. Ал күрішті алқаптың бірі – Шиелі ауданы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 4 техника алса, қалғанын шаруашылықтардың өз қаржысына сатып алған. Барлығы 12 техника.

Сырдария ауданының бұл жағынан бәсі жоғарылау. Әрі олар биыл 21 мың гектарға жуық күріш екті. 38 ауыл шаруашылығы машинасы жаңартылған. Оның жартысынан көбін шаруашылықтар өз ақшасына алыпты. Атап айтсақ, 28 техника нақты қаржыға келсе, қалған 10-ы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы.

Жалағашта да бұл жұмыстар жақсы деңгейде. 32 ауыл шаруашылығы техникасын алыпты. Оның ішінде 10 трактор, 1 комбайн, 2 жатка, 3 соқа және 16 басқа да техникасы бар.

Сондай-ақ қармақшылық диқандар биыл 7 техниканы жаңартып отыр. Оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 3 комбайн, 4 трактор сатып алған.

Батыстағы ауданның бірі – Қазалыда бұл жұмыстар тым баяу. Әрине, су тапшылығының зардабын әбден тартқан өңірдегі жағдай үшін бұл түсінікті де шығар. Күріш егетін гектарлы алқабын көптеп те қысқартты. Содан болар, биыл ондағы шаруашылықтар 9 техниканы місе тұтқан. Қазалылық диқандар биыл соқа мен тұқым сепкіш, 3 насос және өзге де 4 техника алған.

Арал ауданында 3 ауыл шаруашылығы машинасы жаңарыпты. Әрі мұндағы серіктестіктер өз қаржысына сатып алған. Ал облыс орталығы – Қызылорда қаласына қарасты шаруашылық нысандары биыл 6 техника сатып алған.

Жалпы биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің есебінде, барлығы 6184 техника бар. Оның ішінде 1914 трактор, 889 комбайн, 496 жатка, 322 түрлі маркалы жүк көлігі 784 трактор тіркемесі (соқа, тырма, тұқым сепкіш, т.б.) және 1800-ден астам басқа да техника түрлері кешегі күзгі науқанда толық жұмыс атқарды десек те болады.

– Шіліңгір ыстықта дала диқандары күрішін баптап, одан жоғары өнім алуды ниет ететіні анық. Ал межелеген мақсаттан шығу үшін, ең алдымен, шаруашылық техникасы жақсы болуы тиіс. Биыл жаңа маркадағы «CLASS LEXION 750» комбайнының екеуін, «CLASS AXION 820» тракторының үшеуін алдық. Үш фермер соқа, бір дискілі тырма, екі жер тегістегіш лазерлік тырма және бұған қосымша жаңа түрік технологиясымен дайындалған екі тұқым сепкіш алып отырмыз. Бұның біздің өнімді арттырып, сапасын жоғарылатуға көп көмегі болары сөзсіз, – дейді «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов.

Бұл мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Әлі де орнын толтырар олқылық көп бізде. Кейбір шаруашылық өз жағдайына қарай кем-кетігінің орнын енді толтыруда. Расымен, биыл алған өнімнің бар қаржысын жаңа техникаға жұмсаса, келер жылғы егін дайындығын қайтпек? Қарамағындағы диқандар ше? Оларға төленетін жалақы да бар емес пе?

Десек те бәрібір осы саладағы күн тәртібінен түспей тұрған мәселе – машина-трактор паркін жаңалау. Бұған Үкімет тарапынан кейінгі жылдары қолдау да жоқ емес. Өзіміздегі мемлекеттік қолдау ресурстарын пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сапалы және заманауи техникаларға қолжетімділік артып келеді. Мысалы, 2018 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға берілетін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау (10 пайызға дейін) бағдарламасы қайта жанданды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2027 жылға қарай 10 мыңға дейін отандық трактор және өзге де техника сатып алу жоспарланған. Бұл – өзіміздің машина жасаушыларға да үлкен көмек.

Отандық демекші, осы бағытта жұмыс істеп жатқан «Қостанай трактор зауыты» базасын айтуға болады. Кәсіпорынның қуаты – жылына 700 трактор. Жоба Қазақстан мен Ресейдің өнеркәсіптік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан. Қостанай қаласының индустриалдық аймағында «Петербург трактор зауыты» АҚ-мен ынтамақтастық негізінде басталып, қос тараптың өнімі ауыл шаруашылығы саласында қолдау тапты.

«Кировец» маркалы қуатты техниканың тарихы да тым әріде. Біздің шаруалар үшін мықты әрі төзімді саналатын бұл трактор 1924 жылдан бері шығады. Ал 2014 жылдан бастап жаңартылған нұсқасы пайдалануға берілді.

Мұнан бөлек, ресейлік және Беларусь мемлекетінің тракторлары сұранысқа ие. Біздің Сыр шаруаларының да көптеп пайдаланып отырғаны – осылар. Сондай-ақ қазіргі агроқұрылымдарда АҚШ, Германия, Канада, Түркия, Швеция секілді шетелдерден түрлі ауыл шаруашылығы жабдықтары мен құрылғыларын жеткізетін компаниялар да көбейген. Жоғарыда айтқандай, шетелдік комбайн мен жаткалардың түр-түрі елге жетуде.

Қорыта айтсақ, ескі техниканы шұқылай-шұқылай шаршаған шаруашылықтың күріш өндіруде не мал азығын дайындауда осындай кедергіге ұшырайтыны рас. Тозығы жеткен техника жұмысты тұралатады. Бұл рас. Наурыз бен қарашаның соңына дейін дала басындағы шаруаның көлігі жап-жаңа болса ғана жаны жадыраңқы. Жұмысы да жүйелі. бұған келесі «су тапшылығы болмаса» деген тілекті де қосамыз. Сол үшін осындай дүниені қалыпқа келтіріп, биылғы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табар деген сенім бар. Әйтпесе, ескі техникаң есті жиғызбас.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<